Мәулен Әшімбаев өз сөзінде бүгінгідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында және халықаралық ұйымдардың жұмыс тиімділігі төмендеген кезеңде аталған конференцияны өткізудің маңызды екенін айтты.
Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің жұмысы жөнінде баяндады
713
оқылды

Парламент Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Абу-Даби қаласында өткен «Сенімдердің тоғысуы: рухани лидерлердің жаһандық жаңғыру жолында бірігуі» атты халықаралық конференцияға қатысты. Сондай-ақ ол сапар барысында Біріккен Араб Әмірліктері Федералды Ұлттық Кеңесінің Төрағасымен кездесті.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде бүгінгідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында және халықаралық ұйымдардың жұмыс тиімділігі төмендеген кезеңде аталған конференцияны өткізудің маңызды екенін айтты.

«Таяу Шығыста және басқа да аймақтарда қақтығыстар ушығып тұрған кезде рухани лидерлердің кездесіп, сұхбат құруы өзара түсіністік пен құрметке негізделген диалогты дамытуға үлкен үлес қосады. Қазіргі таңда әлем үшін дін көшбасшыларының жасампаз рөлі аса қажет. Осы орайда бүгінгі конференция барша халықтың игілігі үшін және ортақ сын-қатерлерді еңсеру жолында шынайы ынтымақтастықты дәріптейді. Мұндай кездесулер конфессияаралық диалогты нығайтып, әлемді алаңдатып отырған өзекті проблемаларды шешудің тиімді жолдарын іздеуге ықпал етеді деп сенемін», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев бұл Форум Қазақстан өткізіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің миссиясымен көптеген аспектілер бойынша үндесетінін айтты. Қазақстан дінаралық диалогтың белсенді қатысушысы екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ ол қазан айында Астанада өткен Съезд Хатшылығының отырысында қабылданған Съезді 2033 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасының негізгі тармақтарына кеңінен тоқталып өтті.

«Біздің Съезд алдағы жылдарда ең өзекті проблемаларды шешу үшін дін лидерлерінің күш-жігерін және рухани дипломатияның жасампаз әлеуетін тиімді пайдалануды мақсат тұтып отыр. Әлемдік рухани көшбасшылар бірлесе отырып, адамзат алдында тұрған экзистенциалды түйткілдерді шешуге айтарлықтай үлес қоса алады. Оның ішінде климаттық сын-қатерлерді еңсеру, кедейлік пен теңсіздікті төмендету, экстремизмге қарсы күрес, қақтығыстарды тоқтату сияқты маңызды мәселелер бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, аталған конференцияны Мұсылман ақсақалдар кеңесі СОР28 Президенттігімен, Қасиетті Тақпен, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Сондай-ақ бұл іс-шара алдағы CОР28 Климаттық конференциясы аясында өткізілуде. Сондықтан жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге дін көшбасшыларын жұмылдыру мәселесі конференцияда талқыланған негізгі тақырыптардың бірі болды.

Осыған орай Мәулен Әшімбаев климаттың өзгеруіне байланысты халықаралық деңгейде атқарылып жатқан жұмысқа Қазақстанның қосқан үлесі туралы айтып берді. Ол біздің еліміз Париж келісімін алғашқылардың бірі болып ратификациялағанын, сондай-ақ, 2060 жылға қарай көміртегі ізін азайту және көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету саясатын жүзеге асырып отырғанын атап өтті. Сенат Спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында осы салада нақты бастамалар ұсынғанына да назар аударды. Олардың ішінде Алматыда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі өңірлік кеңсесін ашу мәселесі бар екені белгілі.

Конференцияға түрлі діни конфессиялардың лидерлері, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, ғалымдар, саяси қайраткерлер және белсенді жастар қатысты.

Сондай-ақ сапар кезінде Мәулен Әшімбаев әріптесі – Біріккен Араб Әмірліктері Федералды Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Сакр Әл-Гобашпен кездесті. Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективасын талқылады. Сенат Спикері екі елдің байланысы тату және стратегиялық серіктестік қағидаттарына негізделгенін, мемлекет басшыларының тұрақты және достық қарым-қатынасының арқасында жоғары деңгейдегі ынтымақтастыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге тоқталды. Бұл ретте экономикалық дамудың жаңа үлгісін қалыптастыруға ерекше назар аударылып отырғанына баса мән берілді. Осыған байланысты Сенат Төрағасы алдағы кезеңде екі елдің Парламенттері арасында заң шығару саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

«Қазақстанның жаңа экономикалық моделін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам – қажетті заңнамалық база құру. Осы ретте біз Біріккен Араб Әмірліктерінің цифрландыру, инновацияны енгізу, жасанды интеллект сияқты салаларды дамытуға бағытталған заң шығару тәжірибесін зерттеуге мүдделіміз. Инвестицияларды тартуға, инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты озық тәжірибелеріңізді де игеру еліміз үшін пайдалы болар еді», – деді Палата Спикері.

Өз кезегінде, БАӘ Федералды Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары бағалады және барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев халықаралық Форум алаңында Қасиетті Тақтың Мемлекеттік хатшысы Кардинал Пьетро Паролинмен кездесті. Онда рухани дипломатияны дамытудың маңыздылығы талқыланды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Рим Папасы Франциск пен Қасиетті Таққа VII Съезге арнайы қатысқаны және қазақстандық діни форумның бастамаларын белсенді қолдап, дәріптеп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

«Біз Қасиетті Тақпен қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз. Былтыр Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өттік. Осы жылдар ішінде біз өзара түсіністік пен сенімге негізделген сындарлы диалог орнаттық. Рим Папасы Францисктің біздің елге Апостолдық сапары Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды оқиға болды. Біз бейбітшілік, сенім және диалог мәдениетін дәріптеу жолында өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әрдайым дайынбыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік шіркеулер кеңесінің Бас хатшысы Джерри Пиллэймен кездесті. Тараптар 2023-2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезін дамыту тұжырымдамасын талқылады. Қазақстан Сенатының Спикері дінаралық диалогты дамыту және адамгершілік құндылықтарды нығайту бойынша бірлескен күш-жігерді әрі қарай жандандырудың маңызды екеніне ерекше назар аударды. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев түрлі халықаралық және діни ұйымдардың өкілдерімен де бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Кездесуге қатысушылар этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жоғары бағалады. Олар осы бағыттағы жүйелі жұмысы үшін Қазақстан басшылығына алғыстарын білдірді.