Табиғат тосын құбылыстарға толы. Әсіресе, көк жүзіндегі ерекше құбылыстар адамзатқа қашанда жұмбақ, қашанда қызық. Кеше, қарашаның 5-інен 6-сына қараған түні қазақстандықтар республиканың солтүстік, шығыс және орталық аймақтарынан теріскей шұғыласына куә болды. Осы ретте біз аталған құбылыстың ғылыми түсінігін іздеп көрдік.
Әрқашан күн сөнбесін!
898
оқылды

Жердегі ең әсем және тылсым құбы­лыстың бірі – поляр шұғыласы. Түрлі түс­­пен алаулаған шұғыланы күн желінің зарядталған бөлшектері соғылуы әсері­нен атмосфераның жоғарғы қабатындағы молекулалар мен атомдар шығарған сәу­лелер туғызады. «Солтүстік немесе оң­түс­тік шұғыласы» деп те аталатын жар­қырау Жердің магнит полюстері ма­­ңын­да, яғни 65–70° ендіктерде көрі­нетіні белгілі. Алайда Күн белсен­ді­лігі артқан кезде атмофераның сәуле­­ленуін орта, тіпті төмен ендік тұрғындары да көруі мүмкін.

Иә, солтүстік шұғыласы мың жылдар бойы адамдарды таңдандырып келді. Полярлық шұғыла алғаш рет 30 мың жылдық кроманьнон үңгірлеріндегі сурет­­терде бейнеленген. Бұл туралы де­ректер біздің заманымыздан бұрынғы 2600 жылғы көне қытай жазбаларында кездеседі. Физикалық анықтамасына келсек, полярлық шұғыла немесе Cол­­­түс­­­­­­­тік шұғыласы – Жер атмосферасының ионосфера қабатында байқалатын жар­қыл. Полярлық шұғыла ғарыштан келе­тін жоғары энергиялы зарядталған бөл­шек­­­тердің (электрондар мен про­тон­­­­­­­дар­­­­­дың) атомдармен және молекула­лармен әрекеттесуі (90–1000 шақырым биіктікте) нәтижесінде пайда болады.

Ал еліміздің көгінен көрінген те­ріс­­кей шұғыласына мамандар не дейді? На­зарбаев университетінің ғылыми қыз­мет­кері Бекдәулет Шү­кірғалиев уни­­­­­­­­вер­­­­­­­­­­си­теттің Ассы-Түрген аст­рофизи­калық обсерваториясының аумағын­да орналасқан NU Transient Telescope ар­найы маман­дан­ды­рыл­ған телескопы (NUTTelA-TAO) барын айтады.

«Бұл орбиталық ғарыштық обсер­вато­­рия­лардан келетін сигналдарға автономды түрде жауап алуға арналған телескоп және ол әр бұлтсыз түндері бір жыл­дан астам жұмыс істеп жатыр. Ға­рыштық обсерваториялар бір секунд ішінде терең ғарыштан өте күшті жары­­лыстардың орындары туралы ақпарат жібереді. Мұндай оқиғалар өте тез жүре­ді, жарқын сәуле әдетте бір минут­тан кейін жоғалады, бұл оқиға қарапайым те­лескоптарға өлшеулерді бастау үшін тым жылдам. Өткен түнде Қазақстан ай­мағында бақыланған солтүстік шұғы­ла­­лар терістіктегі мемлекеттер үшін әдет­тегі жағдай болғанымен, Қазақстан ай­ма­ғында өте сирек кездеседі. Бұл Күн­де болатын магниттік белсенді­­ліктерге бай­ланысты болады. Қараша айы­ның 2-3-ші күндері өте үлкен бел­сенділік бай­­­қалды. Сол кезде Күннен бөлініп шық­қан жоғары энергиялы зарядталған бөл­шектер өткен түнде жердің магнито­­сфе­расына жетті. Сол жоғары энергиялы бөл­шектер магнитосферадан өтіп атмо­­сфе­ра молекулаларымен әсерлескенде түр­лі түсті сәулелер шығарады. Бұл жол­ғы магниттік дауылдың қуаты өте үлкен болғандықтан солтүстік шұғыласы оң­түстік аймақтарда да байқалып отыр. Алматыда орналасқан Ионосфера ин­сти­тутының детекторлары геомагнитті дауыл индикаторы болып табылатын К-индексінің 9 ұпайдың 7-іне дейін жет­кенін бақылады. Бұл көрсеткіштерді Фе­сенков атындағы Астрофизикалық ин­ституттың арнайы парақшасында (ssa.fai.kz) көруге болады», – дейді ол. 

Аспанның қызыл түске боялған сәтін еліміздің әр өңіріндегі Қазнет қолдану­шы­лары бөліскен. Қазақстанда пайда болған поляр шұғыласына «Қазгидромет» РМК да өз пікірін беріп үлгерді. «Поляр шұғыласын күннен бөлінген зарядталған бөлшектер атмосфераның жоғарғы қаба­тындағы сирек газдарға әсер еткенде бай­қауға болады. Солтүстік шұғыла – геомагниттік белсенділіктің нәтижесі. Бұл метеорологиялық құбылыс біздің енді­гімізге тән емес және Қазақстанда өте сирек болады», – деп жазылған ха­бар­­ламада.

Қазақстандықтар биыл көктемде де осын­дай құбылысты байқаған еді. Сол кез­де бұлттар әдеттен тыс жарқылмен жа­­­рық­­­­танып, кенет жоғалып кеткен еді. Ма­мандардың айтуынша, Күн белсенді­лігі биыл елеулі артқан. Күннен үзілген протуберанец заты жексенбіде 21:40 ша­ма­сында Жерге жеткен. Бұл соңғы 20 жыл­­­дағы ең қуатты магнит дауылының бірін туғызған. Нәтижесінде, әдетте биік ендіктерде ғана көрінетін поляр шұғыла­сын 6 қарашаға қараған түні орта ендік тұрғындары да тамашалап отыр.

Иә, түнде бақыланған поляр шұғы­ласы соңғы 20–30 жылдағы ең жарқын әрі ең оңтүстік аврора ретінде бағалануда. Деген­мен екі жыл бұрын да осыған ұқсас құбылыс байқалған. Мысалы, 2021 жы­лы 2 қарашада Күнде M1.7 балдық жар­қыл болып, плазма бұлты атылған екен. Зарядталған бөлшектер ағыны екі тәу­лік­тен соң Жерге жетіп, күшті геома­г­ниттік дауыл туғызды. Сол себепті по­ляр шұғыласы төмен ендіктерден-ақ, мы­­салы, Калифорния штатындағы Лин­кольн (39° солтүстік ендік) мен 45° оң­­­түстік ендікте орналасқан жаңазелан­­­­дия­лық Да­нидин қа­­л­а­ларынан ба­­­­­­­­­­­қы­­­­­­­­ланды. Шұғыла Ре­сей­дің көп­теген ай­мақта­рын­да, тіпті 52° солтүс­тік ен­д­ік­тегі Ир­­кутск об­лы­сын­да да кө­­рінді.

Ал «Солтүс­тік шұ­ғыла ас­танасы» де­­ген атаққа ие Нор­ве­гия­­ның Тро­мсё қа­ла­сында (69° с.е.) жаң­быр жауып тұрса да, жо­­лы болғыш кей­бір фотографтар әде­мі сурет түсіре алды. 

Әлеуметтік желіде тарап кеткен фо­т­олар­дың көбін Нұр­қа­нат Шаймұ­­­­ратұлы Ақмола облысы Ерей­ментау ауданында (51°37 с.е.) түсірген. Біз фото авторымен бай­ланыса алмадық. Бірақ осындай әр өңір­дегі табиғат құбы­­­­лыс­тарын фотоап­па­ратының көзінен тыс қалдырмауға тырысып жүрген фот­ограф Андрей Тю­шинмен аз-маз пікір­лесіп үлгердік. 

«Мұның бәрі салыстырмалы түрде ұзақ уақыт бұрын астрофотографияға қызығушылықтан басталды. Ұзақ уақыт бойы мен әртүрлі табиғат құбылыстарын тек процестер физикасы тұрғысынан ғана емес, фотограф ретінде де зерттедім. Әрине, кез келген фотограф сияқты, мен ерекше нәрсені түсіргім келді. Осы ретте қызығушылығым солтүстікте жиі кезде­­сетін құбылыс, бірақ өте сирек жағдай­ларда ортаңғы аймақта көрінетін Аврора шұғыласына ауды. Мен бұл оқиғаны болжау үшін арнайы сайттарда күннің жарқырауын қадағалай отырып, шұғы­­ланың неден пайда болатынын зерттей бас­тадым. Алғаш рет 2022 жылдың та­мы­зында мақсатыма жеттім. Содан кейін ұзақ айлар үзіліс болды. Сосын күтпеген жерден екінші рет сәттілік сағаты туды. Сәуір айында Батыс Қазақстан облы­сындағы дәл сол шұғыланы суретке түсір­­­дім. Теориялық тұрғыдан бұл мүм­кіндік өте аз болды, бірақ соған қарамас­тан, бұл көптеген факторлардың қолай­лы сәйкестігінің арқасында мүмкін бол­ды. Кеше, айтпақшы, бұл құбылыс тіпті кең ауқымда қайталанды. Бәлкім, келесі 1,5-2 жылда тағы қайталанатын шы­ғар.

Болашаққа арналған жоспарларға ке­летін болсақ, өз кәсібімді дамыту, жұл­дыз­ды аспанның ең әдемі бөлігі бар жаңа жерлерді іздеу. Ресей мен Қазақ­станда ғана емес, басқа елдерде де, астроно­мия­ны танымал етуге деген ұмтылыс бар. Ғы­лым ретінде өз көзіммен көрген, ғы­лым түсіндіре алатын таңғажайып құбы­­лыстарды адамдарға түсіндіру, баян­дау», – дейді ол. 

Жалпы, табиғат құбылысына 1619 жы­­лы ғана латынша aurora borealis деген ат берілген. Бұл атауды атақты ғалым Галилей қойған. Сол уақыттарда ғалым­дар солтүстік шұғыласын таңда Күннің шығуы кезінде пайда болатын құбылыс деп есептеген. Бірақ ғылым дәлелде­гендей шұғыла тек Күннің шығуымен пайда болатын құбылыс емес. 1749 жылы ғалымдар Күн циклдерін зер­т­тей бас­­тады. Нәтижесінде, Күн бетінде дақтар пайда болғанда Солтүстік шұғыла қатты жарқырап көрінетінін анықтады. Гали­лей мұндай табиғат құбылысына Римнің «Таң құдайы» мен гректердің «Жел құ­дайы» аттарын біріктіріп берген деседі. 

Бүгінде солтүстік шұғыла – Aurora borealis деп аталса, ал оңтүстік шұғыласы Aurora australis деп аталады. Осылардың арасындағы ең көп көрінетіні жасыл-сары түсті шұғыла оттегі мен Күн моле­­кулаларының өзара әрекеттесуінен жер­ден 240 шақырым биіктікте пайда бо­­­­­­­лады. Егер Күн молекулалары азотпен өзара әрекеттессе, аспанда қызыл немесе көк түс пайда болады. Ал олардың басқа түстерін тек арнайы құрылғылар арқылы ғана көре аласыз. Сәулелік пішіндердің орташа қалыңдығы 200 метр, жарық артқанда, ол кемиді. Полярлық шұғы­ланың спектрлік құрамы ендікке байла­­нысты өзгеріп отырады. Шұғылаларды зерттеу, біріншіден, Жерге жақын ғарыш кеңістігіндегі процестер туралы ақпарат жинауға, екіншіден, оптикалық сәуле шы­ғарулары бойынша ғарыш бөл­шек­терінің ионосфераға әсерін анық­тауға мүмкіндік береді.

Ғажайып табиғат құбылысы кейде бұлт сияқты, кейде толқын, спираль, жә­не горизонт түріндегі түрлі пішінде көрінеді. Осыған байланысты әр ха­лықтың өз наным-сенімдері бар. Мыса­лы, Финляндияда оларды «Отты түл­кілер» деп атаса, Шотландияда «Пе­ріш­­­­те», Скандинавияда оны балық аулаудың сәтті өтетінінен хабар беретін құбылыс ре­тінде қарайды. Инуиттер болса, олар­ды «Түнгі аспанда билейтін жа­нуарлар» деп атайды екен.

 

ТҮЙІН: 

2019 жылғы минимумнан кейін Күн белсенділігі біртіндеп артып келе жатқандықтан, мұндай құбылыс енді жиірек болуы мүмкін. Поляр шұғыласы 2015 жылы Қазақстанның солтүстігінде (53–55° с.е.) көрінгені есімізде. Күн белсенділігі шыңына 2025 жылы жетеді деп күтіледі. Демек, мұндай оқиғалар жиілей бермек. Дегенмен алып Анамыз – Жер планетасы аман болсын деп тілейміз! Әрқашан Күн сөнбесін!

Наурызбек САРША