Васаби – тағамның дәмін кіргізетін өте өткір дәмдеуіш. Ол Жапонияда өсетін васаби өсімдігінің маринадталған тамырынан жасалады. Суши мен сашимимен бірге ұсынылатын жасыл паста.
Васаби есте сақтау қабілетін жақсартады
1,218
оқылды

Күнделікті васаби жеген егде адамдардың қысқа және ұзақмерзімді есте сақтау қабілетінің жақсаратыны анықталды. Бұл туралы medicalxpress.com сайтында жарияланған мақалада айтылды. Мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz жапониялық ғалымдар ашқан жаңалықтың мәнін түсіндіреді. 

Васаби тамыры. Фото Unsplash сайтынан алынды. Авторы: CC0 Public Domain

Жапониядағы когнитивті денсаулық пен қартаюды зерттейтін ғалымдар тобы васаби жеген егде жастағы адамдарда ұзақ және қысқамерзімді есте сақтау қабілеті жақсаратынын анықтаған.

Nutrients журналында жарияланған зерттеуде егде жастағы бір топ еріктілерге күн сайын васаби, ал екінші топқа үш ай бойы күнделікті плацебо берген.

Плацебо деп пациентке пайда да, зиян да әкелмейтін бос таблетканы айтады. Пациент күшті препарат қабылдап жатырмын деп ойлайды. Яғни, плацебо тек психологиялық әсер береді.

Васаби. Фото dzen.ru сайтынан алынды

60 пен 80 жас аралығындағы 72 жапондық 12 апта бойы ұйықтар алдында васаби таблеткасын, ал қалған пациенттер плацебо таблеткасын қабылдаған. Зерттеушілер белгілі медициналық ауытқулары бар, психикалық немесе есте сақтау проблемалары бар адамдарды таңдап алған. Зерттеуге қатысқандар сынаққа дейін және одан кейін когнитивті және есте сақтау тесттерін тапсырған.

Тест нәтижелері васаби таблеткаларын қабылдаған адамдардың есте сақтау қабілеттерінің жақсарғанын, бірақ когнитивті қабілеттерінде ешқандай өзгеріс болмағанын көрсеткен.

Зерттеушілер сонымен қатар васаби таблеткаларын қабылдағандар аттарды бет-әлпетпен сәйкестендіру сияқты ассоциативті сынақтарда жақсы нәтиже көрсеткен. Ал плацебо қабылдаған еріктілерде есте сақтау немесе когнитивті функцияларының жақсарғаны байқалмаған.

«Васаби» фильмінен алынған эпизодта кейбір адамдар васабидің өткір дәмін сезбейтінін де байқауға болады:

Қысқаша анықтама

Васаби – Жапония мен Ресейдің Қиыр Шығысында өсетін өсімдік. Оның жасыл тамырын маринадтап, өткір дәмі бар дәмдеуіш әзірлейді.

Жапон тамағында васаби денсаулықты жақсартатын дәмдеуіш деп саналады. Өйткені ол дененің әртүрлі бөліктеріндегі қабынуды азайтуға көмектесетіні дәлелденген.

Жақында васаби миға тыныштандыратын әсерінің арқасында когнитивті өнімділікті жақсартуға көмектесетіні туралы жаңалық таралды. Бірақ ол әлі де ғалымдар тарапынан дәлелденген жоқ. Дегенмен васаби қазірдің өзінде көптеген денсаулыққа арналған азық-түлік дүкендерінде сатылады.