Оған Тараз қаласында тонау және бұзақылық жасағаны үшін іздеу жарияланған.
"Өзін бауырының есімімен таныстырған": Алматыда 14 жыл бойы халықаралық іздеуде болған күдікті ұсталды
1,506
оқылды

Жамбыл облысының полицейлері 2009 жылдан бері халықаралық іздеуде болған 49 жастағы Ө. есімді ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Полиция департаменті қызметкерлерінің мәлімдеуінше, оған осыдан 14 жыл бұрын Тараз қаласында тонау және бұзақылық жасағаны үшін іздеу жарияланған. Жедел мәліметтерге сәйкес, ол бірнеше жылдар бойы шет мемлекеттердің аумағында бой тасалаған.

«7 қараша күні жамбылдық полицейлер арнайы операция жүргізу барысында іздеудегі азамат Алматы қаласындағы фитнес залдардың бірінде ұстады. Күдіктінің бет-бейнесі өзінің туған ағасына ұқсағандықтан, полиция қызметкерлеріне ол өзін бауырының есімімен таныстырған», – деді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.

Полицейлер анықтау жұмыстарын жүргізу үшін оның туған ағасын Жамбыл облысының Полиция департаментіне жеткізген. Ағайынды ер адамдардың саусақ іздері алынып, жеке басы толық анықталған соң іздеудегі азамат Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Фото: Polisia.kz