Еңбек қауіпсіздігі мәселесі өзекті, өткір тұр. Мұны елдегі соңғы оқи­ға­лар, соның ішінде «Арсе­­лорМиттал Теміртау» шахтасындағы алапат апат паш етті.
Жұмысыңа аман барып, сау қайтшы!
926
оқылды

Осы орайда Президент тапсырмасымен «2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының» жобасы әзірленді. Бұған қоса, жаңа жәрдемақы түрі енгізіледі. Ол зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін жұмысшыларға 55 жастан бастап зейнеткерлік жас­қа толғанға дейін төленеді.

Еңбек қауіпсіздігі мен қоршаған ор­таны қорғау маманы Бағлан Ум­баевтың ай­туынша, өз жұмыскерлері үшін қауіп­сіз еңбек шарттарын түзуге кәсіп­орын­дар­дың, инвесторлардың өзі мүдделі бо­луға, соған ұмтылуға тиіс. Себебі бас­­­­­шылығы еңбекті қорғауға салғырт қа­райтын компанияның нарықта ұзақ уа­қыт әрі орнықты түрде табысты, бе­дел­ді болып қалуы неғайбыл. Мұның сыр­тында, өндірістегі жазатайым оқи­ғалар, ақаулар, апаттар кәсіпорынды дағ­дартады, жүйелі жұмысын бұзады, әрі ұжымында наразылық пен әлеу­мет­тік кернеу туғызады. Мұның бәрі қо­мақ­ты қаржылық, экономикалық шы­ғын­ға соқтырады. 

Мәселен, 2022 жылы өндірістік жа­ра­­­­қаттанудың материалдық залалы 2 есе­ге өскен. Яғни, кәсіпорындар тек осы­ның салдарынан 4,1 миллиард теңге шы­ғын шекті. Бұл бір зардап шеккен адам­ға 1,7 миллион теңгеден келді де­ген сөз. 

Әйткенмен, бизнес нысандарының бә­рі бірдей бұған мән бере бермейді. Сон­­­дықтан мемлекеттің пәрменді ба­қы­лауы болғаны жөн. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­­ғау министрлігінің дерегінше, 2020–2022 жылдары елдегі ең ірі 49 қала құ­­­раушы кәсіпорынға тексеріс жүр­гі­зіл­ген. Қоры­­тындысында жұмыс­шы­лар­ға зиянды еңбек жағдайлары үшін өте­мақы жаппай төленбейтіні әшке­ре­ленді. Олар қорға­­ныш құралдарымен, ар­найы тамақпен, тіпті сүтпен қам­та­ма­сыз етілмейді. Жұмыс берушілер пер­со­налды оқытуды жүзеге асырмайды, қара­пайым әрі міндетті нұс­қама-инст­рук­таж өткізілмейді, жұмыс­шыларды ме­дициналық тексерістен өткіз­­­бейді. Өмірі мен денсаулығын арнайы сақ­тан­дырмайды. 

Бұған қоса, тексерілген кәсіпорын­дар­да 1 мыңнан астам технологиялық жаб­дықты 100% тозғанына қарамастан, жамап-жасқап, ары қарай пайдаланып жатқаны, тағы 1,5 мыңдай жабдық пен қондырғының қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл құ­рылғыларда 2,5 мың жұмысшы еңбек ету­­де, демек, олардың өмірі мен ден­саулығына қауіп төнсе керек.

2022 жылы еңбек инспекторлары ел бойын­ша 5 391 тексеру жүргізіп, 8 841 бұзушылықты тіркеді. Соның ішін­де еңбек қатынастарына қатысты 5 893, еңбекті қорғау және қауіпсіздік мә­селе­сінде – 2 771, жұмыстан негізсіз шы­ғаруға байланысты – 176 факті әш­кере болды. 

Еңбек заңнамасының сақталуын мем­лекеттік бақылау қорытындысында ұйымдарға қатысты 319 қылмыстық іс қозғалды. Оның бәрі дерлік – 316 қыл­мыстық іс еңбекті қорғау мен қауіпсіздік талаптарын бұзуға тиесілі. 

Ресми статистикаға сәйкес, 2020 жыл­­­­мен салыстырғанда, 2022 жы­лы зиян­­ды, қауіпті еңбек жағдай­ларында ең­бек ететін адамдардың саны 5%-ға ар­тып, 386,3 мың­нан асты. Зиянды, қауіп­ті еңбек жағдайла­рында жұмыс істей­тін жұмыс­­­керлердің ең көп саны өңдеу өнеркә­сібінде – 26,9%, тау-кен өндіру өнеркәсі­­бінде – 24,5%, көлік және қоймалау саласында – 14,1% бай­қалады. Өңірлік бөліністе зиянды, қа­уіп­ті жұмыс орындары Қарағанды (15,4%), Павлодар (10,5%) және Маң­ғыстау (10,0%) облыстарында көп.

Өндірістік жарақаттану көрсеткіш­те­рі – қауіпсіз еңбектің негізгі индика­то­­рының бірі: ол әрбір жұмыс орнында­ғы кәсіптік тәуекел деңгейін сипаттайды және кәсіпорындардағы еңбек қауіп­сіз­дігі мен еңбекті қорғаудың нақты жағ­дайын көрсетеді. Бұл ретте жұмыс ба­ры­сындағы жазатайым оқиғалардан зар­дап шеккен­дердің саны 2020 жылмен салыстырғанда 2022 жылы бірден 20%-ға артып, 2 449 адам­­ға жетті. Жазатайым оқи­ғалар­дан зардап шеккендердің жиі­лік коэф­фициенті әрбір 1 000 жұмыс­кер­ге шақ­қанда 2020 жылғы 0,39 адам­нан былтыр 0,44 зардап шегушіге дейін артты.

 

Үкімет жағдайды қайтіп түзетпек?

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­­­ғау министрлігінің сендіруінше, 2030 жы­лға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұ­жы­­­рымдамасы өндірістік жарақаттану дең­гейін төменде­туге мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ ми­нистр­лік басшылығы бү­гін­де өңірлерді аралап, кәсіпорындарда жиын­дар өткізіп, жұмыс берушілерге жаңа тұжырымдаманы түсіндіріп жа­тыр. Министрлік өкілдері бұл құжатты іс­ке асыру жарақаттану дең­гейін, ең­бек­ті қорғау саласындағы бұзу­шы­лық­тар санын, еңбек жағдайлары зиянды әрі қауіпті жұмыс орындарының са­нын азайтуға септігін тигізетінін айтады. 

Оның аясында 2030 жылға қарай ке­лесі нәтижелерге қол жеткізу көз­дел­ген: әрбір 1000 қызметкерге шаққанда өн­ді­рістік жарақаттану жиілігінің коэф­фи­циенті қазіргі 0,44 адамнан 0,30 адам­ға дейін азаюы тиіс. Еңбекті қорғау саласын­дағы бұзушылықтар саны 23%-ға дейін кемиді. Зиянды және қауіпті ең­б­ек жағ­дай­лары бар жұмыс орында­ры­­ның саны қысқартылады.

Министрлік тұжырымдама жобасы ая­сында бірнеше бағытта жұмыс жүр­гі­зілетінін түсіндірді.

Біріншіден, жұмыс орындары кә­сіп­тік тәуекел дәрежесі бойынша бө­лі­ніп, сара­ланады. Мұнда әрбір жұмыс ор­нындағы еңбек жағдайларының зиян­ды­лығы, жарақат алу қаупінің көр­сет­кіші, жабдық­тардың қауіпсіздігі, же­­ке қорғаныш құралдарымен (ЖҚҚ) қам­­тылуы, персо­налдың сырқаттану­шы­­лық деңгейі ескері­­леді. Нәтиже­сін­де, еңбек жағдайлары кәсіпорындарда ғана емес, нақты жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдердің дә­режесіне қа­рай жіктелетін болады.

Екіншіден, жеке қорғаныш құрал­да­ры белгілі бір жұмыс орнының кәсіп­тік тәуекел дәрежесіне қарай таңдалады. Үшін­шіден, сақтандыру тарифі кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сараланады. Әрбір кәсіпорындағы және нақты жұ­мыс орнындағы кәсіптік тәуекел дәре­же­сіне байланысты түзету коэффициен­тін енгізу ұсынылған. 

Төртіншіден, зиянды еңбек жағдай­ла­­рында жұмыс істейтін адамдарға бері­ле­тін әлеуметтік кепілдіктердің түрлері мен көлемдері кәсіптік тәуекел дәрежесі бо­йын­ша сараланбақ. Бұл – өн­діріс­тер­дің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесін өз­ек­тендіруді, әлеуметтік кепіл­дік­тер­дің түрлері мен көлемін айқындау­дың жаңа тетігін, сондай-ақ проактивті та­ғайын­­дауды әзірлеуді қарастырады.

Бесіншіден, Еңбекмині еңбекті қор­ғау саласында оқыту сапасын арт­тыру мен кәсіптік тәуекел дәрежесін ес­керіп, тиісті құзыреттерді дамыту мо­делін енгізбек. Оқыту және білімді тек­серу рәсімдерін саралау және білімді тек­серу үшін арнайы онлайн платформа құрылады. Сол арқылы мамандарға бі­лімді тексеруден өткенін куәлан­ды­ра­тын сертификаттар орталық­танды­рыл­ған түрде беріледі. Мемлекет ең­бекті қор­ғау мәселелеріне жауапты барлық тұл­ғаны бірыңғай есепке алатын бо­лады.

Бірақ бұған жұмыс берушілер қарсы шы­ғып жатыр. 

«Министрліктің оқыту, еңбекті қор­ғау, қауіпсіздікті сақтау, аттестаттау са­лаларын орталықтандыруға, Бірыңғай оқу-әдіс­темелік орталығын құруға та­лап­тануы барлық жұмысшы мен жұмыс берушілер­дің ерекше алаңдаушылығын туғызды. Бұл схеманың астарында алапат жемқорлық әлеует жасырынып жатыр. Сонымен бірге ол көп уақыт пен ресурстар шығынын талап етеді. Ірі ком­паниялардың осы саладағы барлық күш-жігері мен инвести­цияларының құнын түсіреді. Себебі олар төл оқыту ор­талықтарын ашуға көп күш салды. Оған еріккеннен барған жоқ: мем­ле­кеттің қолдауымен құрылған өзге ме­кемелердің кадр даярлау, оқыту сапасы на­шар болды. Олар шығу тегі күмәнді сер­тификаттарды қаптатып таратумен әуес­тенді. Тұжырымдамада жұмыс бе­ру­ші­лерге өз оқу орталықтарын сер­ти­фи­каттауға мүмкіндік берілгені жөн. Әйт­песе, білікті мамандарды даярлауға үлес қосып жатқан бұл орталықтар жап­пай жа­былып қалады», – деді Еу­ра­зия­лық өнеркәсіптік қауымдастықтың ви­це-президенті Елена Попандопуло. 

Сол себепті, министрлік Президент­тің тапсырмасымен қабылданатын, 2030 жылға дейін елде қауіпсіз еңбекті қам­­тамасыз етуі тиіс тұжырымдаманың жоба­сын одан ары пысықтап жатыр. 

 

Жаңа жәрдемақы кімге беріледі?

2022 жылдың қорытындысында жұ­мыс берушілер зиянды, қауіпті еңбек жағ­дайларында жұмыс істейтін жұмыс­кер­лерге әлеуметтік кепілдіктер, яғни жеңілдіктер және өтемақылар беруге 207,6 миллиард теңгеден астам қаражат жұм­сады. Бұл 2020 жылға қарағанда 47%-ға көп: ол жылы 141,5 миллиард тең­ге бағытталды.

Жұмыс беруші қызметкердің пайда­сына төлейтін міндетті кәсіптік зейне­та­қы жарналарының (МКЗЖ) жыл са­йын­ғы көлемі 2020 жылғы 42,7 мил­­­лиардтан былтыр 69,8 миллиард теңгеге дейін, яғни 1,6 есеге жуық өсті.

Бірақ мұның өзі жанды жабыр­қа­та­тын, тәнді титықтататын аса ауыр, ден­саулыққа зиянды жұмысты атқаратын ең­беккер­лердің өмір сапасын, әл-ауқа­тын арт­тыруға жетпейді. 

Сол себепті Президенттің биылғы Жол­­­дауы аясында Қазақстанда енді зиян­­ды еңбек жағдайларында ұзақ іс­тей­тін азаматтарға 55 жастан бастап, ар­найы әлеуметтік төлем төленетін бо­лады. 

«Министрлік зиянды еңбек жағдай­­ларында жұмыс істейтін адамдарды әлеу­­меттік қорғау деңгейін арттыру тәсіл­дерін әзірлеп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісті. Азаматтардың осы санаты үшін арнайы әлеуметтік төлем енгізу қарас­тырылады. Бұл арнайы төлем 55 жасқа толған және 7 жыл бойы аударылған міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бар, зиянды еңбек жағ­дайла­рында жұмыс істейтін жұмыс­керлерге тағайындалады деген шешім қа­был­данды», – деді Еңбек және ха­лық­ты әлеу­меттік қорғау министрі Свет­лана Жақыпова. 

Оның түсіндіруінше, арнайы әлеу­мет­тік төлемдер (АӘТ) сомасы төрт көз­ден құралады. Біріншіден, оған рес­пуб­­ликалық бюджеттен 1,5 ең төмен күн­көріс минимумы мөлшерінде қара­жат қосы­лады. Екіншіден, Үкімет қау­лы­сымен бе­кітілген тәртіппен БЖЗҚ-да­ғы міндетті кәсіптік зейнетақы жар­налары мен жинақталған зейнетақы жи­нақ­тарынан қосымша ақша бөлінеді. Үшін­шіден, өмірді сақтандыру компан­ия­ларынан да 1 ең төмен күнкөріс деңгейі көлемінде аударылады. Төртіншіден, бұған жұмыс берушілер өз қаражаты есе­бінен 1 ең тө­мен күнкөріс мөлшерін­де қаржы қосады.

Қазақстанда ең төмен күнкөріс ми­нимумы 2024 жылы 43 407 теңгеге тең бо­лады. Ендеше жаңа арнайы төлем со­ма­сы біршама қомақты болуы мүм­кін.

Жаңа төлем әзірге ешкімге та­ға­йын­дал­ған жоқ. Ол өмірге жолдама алуы үшін ұлттық заңнама өзгертілуі керек екен. Министр Светлана Жа­қыпова заң­намаға түзетулердің тиісті жобасы Мәж­ілістің қарауында жат­қанын айтты. 

Елдос СЕНБАЙ