«Атың барда ел таны, желіп жүріп» дейтін еді бұрынғылар. Ал 73 жас­тағы қария Сәрсенбай Қотырашев әлем­ді атпен емес, жаяу аралауды жөн деп тапқан екен.
Жаһанды жаяу кезген жиһанкез
2,431
оқылды

Қария былтыр «Ұлы­тауға бардың ба?» деп аталатын жаяу марафонымен бүкіл Қазақстанды ара­лап, кешегі Асан қайғы секілді елі­міздің көрікті жерлеріне көз сүйсінтіп өтіп­ті.  Сонымен қатар ақсақал биыл әлем­нің бірнеше жерін де аралап, жа­қын­да елге оралды. «Көп жасағаннан сұра­ма, көпті көргеннен сұра» дегендей, елі­міз бен әлемнің көптеген жеріне та­баны тиген ақсақалды біз де әңгімеге тарт­тық. 

– Сәрсенбай ата, алдымен сіздің бала­лық шағыңыздың қалай, қайда  өткенін біл­сек деп едік. 

– 1950 жылы 15 қаңтарда Қарағанды об­­­лысы Жаңарқа ауданы Атасу кентінде дү­ниеге келдім. Балалық шағым сол Жаңар­қа ауданында өтті. 1970 жылы орта мек­тепті тәмамдап,  еңбекке араластым.  Сон­да 1994 жылға дейін тұрдым. Кейін­нен Ұлытауға қоныс аудардым. 

– Жаяу марафонға қатысу – екі адам­ның бірінің жүрегі дауалап бара беретін оңай шаруа емес. Бұл тәуекелге о баста қа­лай бел будыңыз?

– 2010 жылдан бастап Ұлытау ұлттық та­рихи-мәдени және табиғи мұражай-қо­рығында жұмыс істей бастадым. Сон­да сырттан, шетелден  саяхатшылар көп­теп келетін. Соларға қатты қызы­ға­тын­мын. Туристер секілді мен де жер-жер­ді аралап, ел мен әлемнің көрікті жер­лерімен таныссам деген арманым бол­ды. Осылайша,  жеті жыл бойы жаяу ма­рафонға дайындалдым. Елді жаяу ара­лағанда атымды шығару немесе рекорд ор­натуды мақсат еткен жоқпын. Мақ­са­тым – еліміздің көркем жерлерін өз кө­­зім­мен көру болды. Кең- байтақ Қа­зақ­станның қасиетті жерін тану, өзгелер­ге насихаттау. Басында жақындарым «жа­сың болса 70-тен асты, не істейсің жаяу жүріп, одан да денсаулығыңды күт» деді. Кейін үш мақсатымды айтқан соң олар рұқсатын беріп шығарып салды. 

– Ол қандай мақсат еді?

– Елді жаяу аралаудағы үш мақ­са­тым­ның бірі – Ұлытаудың қазақ тари­хын­да ерекше рөл атқаратынын көп­ші­лік­ке насихаттау болды. Екінші мақса­тым – Қазақстандағы қолөнер шебер­ле­рі­нің тізімін жасақтау. Олармен кездесіп, бас қосу. Үшінші, ұмыт болып бара жат­­­қан ұлттық қымызмұрындық мейра­мын қайта дәріптеп, елге маңызын түсін­ді­ру болды. Себебі дүниежүзінде жыл­қы­ны бірінші болып қолға үйреткен – қа­зақ халқы. Бие сауып, қымыз ашытып, қымыз ішуді бастаған да қазақ. Осыдан 5 мың жыл бұрын қымыз мейрамы пайда болған. Елімізде қымыз мейрамы Қазан төңкерісіне дейін тойланып келді. Кейін тыйым салынды. Кезінде Наурыз мейра­мы секілді ұмытылып кетті. Ешкім біле қоймайды, білетіндер бірен-саран ғана. Осы орайда қымыз мейрамын қайта жан­дандыратын уақыт келді.

– Еліміздің өңір-өңірін аралауда ха­лық­тың қандай ерекшеліктерін байқай ал­дыңыз? Қай өңір сізге қатты ұнады?

– Жаяу сапарымды көктемде Ұлы­тау­дан бастап Ақтауда аяқтадым. Елі­міз­дің барлық өңірінде болып, жаяу 8 мың ша­қырымнан астам жүріп өттім. Жолда қа­раңғы түспей елді мекенге жетсем, сон­да қонып жүрдім. Ал иен далада қа­лып қойсам тігетін шатырым бар. Қазақ­стан­ды жаяу аралау барысында маған қат­ты әсер еткен ерекше өңір болды. Ол – оңтүстік жұрты. Ол жақта үлкенді сыйлау, кішіге құрмет көрсету, қазақшылық дәстүрі ерек­ше сақталған. Жүздері жылы, жүрек­теріне иман тұнған екен. Бейнетсіз еңбек жоқ дейді. Жол-жөнекей аздаған қиын­шылық та болды. Арбам сынып, аяқкиімім тозып қалды. Сынып қал­ған арбаны сүйретіп келе жат­қа­ным­ды көрген бір кісі үйіне шақырып, ар­бам­ды дәнекерлеп, қондырып, қонақ етіп шығарып салды. Бұл арбамен ша­тыр, төсек-орын, керек-жарақ құралдар жән­е тамағымды алып жүрмін. Жалпы сал­мағы – 60 келі. Жолда тамақтан қи­нал­­ған емеспін. Қазақ халқы дарқан ғой. Жол-жөнекей кездескен азаматтар тама­ғың, суың бар ма деп сұрап, салып беріп жатты.

– Қазақстанды жаяу аралаған соң әлем­ді де жаяу аралайын деп шештіңіз бе?

– Әлемді жаяу аралауға ұзақ уақыт ой­ланып, толғанып барып шешім қа­был­­дадым. Қазақстанды жаяу аралап шық­қаннан кейін біршама уақыт де­ма­лып, өзіме келіп алған соң енді әлем­нің де көрікті жерлерін жаяу жүріп өткім кел­ді. Шетелге шыққанда кішкене қо­бал­жу болды. Мысалы, Ресей бұрын­ғы­дай емес, мінез-құлықтары басқаша. Оған, әсіресе соңғы уақыттағы геосаяси жағ­дайлар мен соғыс өрті тұтануы себеп бол­ды деп ойлаймын. Бірақ кавказ ха­лық­тары өте көп қолдап, қошемет көр­сет­ті. Халқы қонақжай екен. Жаяу жүріп ба­ра жатқанымда жүгіріп келіп, «Біздің үйге қоныңыз, қонағым боласыз, қо­на­қ­үйді қайтесіз» деп қонаққа шақырды. Кір-қоңыма дейін жуып берді. 

– Сапар барысында қиындықтарға да кезіккен боларсыз?

– Жаяу марафон кезінде ауа райынан көп­теген жайсыздық болды. Әсіресе, Қал­мақияда аптап ыстықта құм аралас­қан жел борап тұрды. Ауа температурасы 48 градусқа дейін барды. Көліктер тоқ­та­май, жанап өтеді.  Құдайдың берген қуа­тының, бойымдағы жігердің арқа­сын­да аман-есен жүріп өттім. 

– Алдағы уақыттағы жоспарларыңыз­бен бөлісе отырсаңыз...

– Келесі Еуропа, Америка, Қытай, Моң­­­­ғолия, Алтай өлкесін аралап қай­ту­ды жоспарлап отырмын. Тәңір тілеуімді бе­ріп, денсаулығым қалпымда болса, ол күн­ді де нәсіп қылар. Тәңір жазса, екі жыл­да аралап өтемін деп талап қылып отыр­мын. 

– Ойға алған істеріңізге сәттілік тілей­міз, ата. Ұзақ жасаңыз!

Сұхбаттасқан 

Наурызбек САРША