Әрбір бесінші қазақстандық құмар ойындар ойнайды немесе қандай да бір түрде оған қатысы бар.
Лудомания: 14 жастағы бала да құмар ойынға тәуелді
1,188
оқылды

Әрбір бесінші қазақстандық құмар ойындар ойнайды немесе қандай да бір түрде оған қатысы бар. Ойыншының жасы –14 жастан 40 жасқа дейін. Әртүрлі көрсеткіштер бойынша, 350 мың адам құмар ойынға тәуелді.

Букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы 1 триллион теңгені құрайды. Бір жыл ішінде ойынқұмарлар 36 миллиард теңгеге бәс тіккен. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстандағы ойын бизнесі саласы 10 жыл ішінде орта есеппен жыл сайын 25% артқан.

157 мың қылмыстың 20%-ы құмар ойындар себебінен жасалған. Бір ойынқұмарды емдеу айына 500 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге дейін тұрады және ұзақ уақытты керек етеді. Ойынқұмар қарызының орташа мөлшері шамамен 10 миллион теңгені құрайды.

Америкалық ғалымдардың пікірінше, ойынқұмарлардың 70%-ы өз-өзіне қол жұмсауды ойласа, 14%-ы кем дегенде бір рет суицид жасайды.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев құмар ойынның жарнамасына шектеу салу қажет екенін айтып, жауапты министрлерге сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойынға салынған.

«Лудомания қазір ғасыр дертіне айналды. Құмар ойынның құлқыны қандай десеңіз санамалап айтайын, қазір елімізде 350 мыңнан астам азамат құмар ойынның инесіне отырған. 2019 жылмен салыстырғанда былтыр құмар ойындар мен бәс тігу 40 есе көбейді деген дерек алдық. Ол ол ма, букмекерлік кеңселердің 1 жылдық айналымы 1 триллион теңге, лудомания дертіне шалдыққан 174 отандасымыз 36 миллиард теңгеге бәс тіккен деген ақпарат және келді. Құмар ойынның құрығына түсіп, құтылар жол таппай құзға құлағандар қазір қылмыс әлемінің табалдырығын таптап жүр. Дерек керек болса айтайын, өткен жылы 157 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құныққандардың мойнында екен. Суицид жасаған 3 676 адамның әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген ақпарат келді. Құмар ойын бір адамның өмірін талқан етумен тоқтамайды, оған дәлел елімізде ажырасқан 10 отбасының жетеуіндегі жанжал лудомания дертіне шалдыққандардың шатағынан шыққан»,  деді депутат.

1 адамды лудоманиядан емдеу үшін кемі 500 мың теңге кетеді. Оны 5 ай емдеу керек. Оның өзінде ем қонуына толық кепілдік жоқ, яғни ақша далаға кетуі мүмкін. Сондай-ақ елдегі лудоманиядан емдейтін жеке клиникалардың көбінде арнайы лицензия жоқ.

«Мұнымен қайтіп күресеміз? Кеңсесін жапқан букмекерлер сайт боп сойқан салып жатқанын күнде көреміз. Қоғамдық көлік, тұрғын үйлердің қасбеті құдды бір құмар ойынның жарнамасына жаралғандай жалбырап тұр. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Қауіпсіздік Кеңесінің бір отырысы осы тақырыпқа арналды. Биліктің енді нені күтіп отырғаны беймәлім? Былтыр «АMANAT» партиясының депутаттары лудомания дертіне қарсы заң жобасын дайындады. 50-ден астам түзету бар, Үкіметтің қарауына жіберілді. Арада бір жыл өтті, бірақ АРВ әлі дайын емес. Билік кімнің қас-қабағын бағып отыр? Және құмар ойын құрбандары жөніндегі ең соңғы нақты деректер қандай?»,  деді сауал жолдаған Нартай Аралбайұлы.

Нартай Аралбайұлы бәс тігу бизнесімен айналысатындар төлеп жатқан салықты көлденең тартатынын айтты. Алайда салыққа қарағанда, лудомандарды емдеуге жұмсалатын қаржы әлдеқайда көп.

«Сондықтан құмар ойын деген сұмдықты шектейміз демей, түгелімен тоқтатып, тамырына балта шабу керек! Құмар ойын ұйымдастырушылар 109 млрд теңге салық төлейді. Ал лудомандарды емдеуге бір жылда 140 млрд теңге кетеді шамамен. Айтпақшы, қазір Ұлттық спорт алаңдарына, көкпар мен бәйгеге тотализатор еніп жатыр. Бейресми көбіне. Бұл не сұмдық? Ұлтымызды сақтаймыз деп жүріп, ұлттық спортымызды құмар ойынның алаңына айналдыру кімге керек болды? Бұл кімнің бастамасы? Осы сауалдарға нақты жауап беріңіздер», деді Нартай Сәрсенғалиев.

Елімізде лодуманияға қатысты қабылданған заң жобасында мына мәселелер қамтылған:

1. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын шектеу, атап айтқанда   ғимараттарда, құрылыстарда және көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салу, БАҚ-та, интернет-ресурстарда, теледидар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамаға тыйым салу.

2. 21 жасқа дейінгі адамдарды, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға шектелген адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге тартқаны және жібергені үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу.

3. Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салуды белгілеу.

4. Интернет-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеу.

5. Балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салу.

6. Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу.

7. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндетін белгілеу.

 

Фото: stylishbag.ru