Бүгінде елімізде табиғат құ­былыстарын бақылауға мүмкін­дік беретін жобалар ауқымы кеңейіп келеді. Солардың бірі – әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлт­тық уни­верситеті жанындағы орталықтың ғалымдары құрас­тырып жатқан наноспутник.
Отандық наноспутник жер сілкінісін болжайды
748
оқылды

Ғылым саласындағы тың жаңа­лықты естіген соң  жоба автор­ларымен байланысқа шы­ғып, әң­гіме­лестік.

Ғарыш аппараты арқылы ғалымдар шағын обсерваторияда минералды ресурс­тарды анықтап, жер сілкінісін болжай алады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ин­жи­ниринг және жоғары технологиялар кластарының бас ди­рек­торы Әмірхан Темірбаев жер сілкінісінің нақты уақытын дәл айту мүмкін емесін, дегенмен әлемде ғалымдар осы бір құбылысты болжау мәселесіне ден қойып отырғанын айтты. 

– Ғалымдар жер сілкінісін болжауда әр­түрлі хабаршыға  сүйенеді. Қазір хабаршылардың жүздеген түрі анықталған. Олардың көпшілігі геофизикалық құбылыстарға негізделген. Мұндай құбылыстарға атмосферадағы оптикалық құбылыстар, сейсмикалық толқын жылдамдықтары, жердің беткі қабаты температурасы мен жерасты суларындағы родон құрамының өзгерісін жатқызуға болады. Сондай хабаршылардың бірі – Жер ионосферасы мен магнит өрісінің күйі, – дейді ол.

Әмірхан Темірбаевтың айтуынша, литосфера мен зарядталған бөлшектерден тұратын ионосфера арасында тығыз бай­ла­ныстың болуы, жер сілкінісінен біраз уақыт бұрын ионосфера­дағы зарядталған бөлшектердің, атап айт­қанда, электрондар концентрациясының өзгеруі ғалымдар тарапынан жер сілкінісі­нің айғағы деп саналған. Мәселен, 2010 жыли Гаитида, 2011 жылы Жапонияда, 2023 жылы Түркия елінде болған жер сілкінісі оқиғалары сөзімізге дәлел. Жоғарыда айтылған құбы­лыстар әдетте 200-500 шақырым биіктікте орын алады. 450-550 шақырым қашықтағы «төменгі орбиталарға» наноспутниктер жіберіледі. Наноспутник ионосферадағы өзгерістерді анықтай алады.

– Ғаламшар үшін осындай маңызды миссияны атқаратын наноспутникті неге біз де жасап көрмеске деген ой келді.  Қазір осы жобаны пысықтап жатырмыз. Әдетте наноспутниктер Жерді күн сайын шамамен 15 рет айналып шыға­ды. Оның 4 айналымы Қазақстан терри­ториясына сәй­кес келеді. Біздің жоспарымызға сәй­кес, нано­спутник Қазақстанның терри­тория­сынан өткен сәтте біз Жердегі қа­был­дау станса­ларының көмегімен ионос­фераның жай-күйін үнемі бақылап отыра­мыз. Тіпті, автоматтандырылған жүйені жасау  ойымызда бар. Нәтижесінде, өз еліміздің территориясына үздіксіз мони­торинг жасап отыруға мүмкіндік туады, – дейді. 

Сұхбат барысында ҚазҰУ-лық ғалым­дар жоспарлап отырған ғарыш аппара­тының жобасымен таныстық. Аталған құрылғы CubeSat стандартындағы нанос­путникер санатына кіреді. Шағын құрыл­ғының көлемі небәрі 10 см*10 см*30 см болады екен. Алайда ғарыш аппаратының шағын болуына қарамастан, оның құра­мына барлық ішкі жүйелер орналас­тырылады. Олардың қатарында күннен энергия алатын элементтер, сондай-ақ энергия жинағыш аккумуляторлар бар. Наноспутник келешекте 500-550 шақы­рым биіктіктегі орбитаға, яғни ионос­фераның жоғарғы қабатына жіберіледі. Ғарыш аппараты Қазақстанның терри­тория­с­ынан ұшып өткен кезде жерде орналасқан стансаларға үздіксіз когерентті сигналдар жіберіп отырады. Егер ионос­ферада белгілі бір өзгерістер байқалса, онда жерге келетін сигналдарда да фазалық айырма­шылық пайда болады. Нақтырақ айтқанда, ионосферадағы зарядталған бөлшектер мөлшерінің өзгеруіне байла­ныс­ты на­носпутниктен шыққан сигналдар жерге ке­шігіп келеді. Бұл жердің қатты қабатында өзгерістер болып жатқан­дығынан хабар береді. Жоғарыда атап өткеніміздей, ионоферадағы өзгерістер Жердің қатты қабатымен, соның ішінде жер сілкінісімен тығыз байланысты. Осылайша, ғалымдар жер сілкінісін алдын ала болжай алады. 

Жоспардағы наноспутник университет ғалымдарының ойлап тапқан алғашқы жобасы емес. Ма­ман­дар «әл-Фараби 1» деп аталатын ең алғашқы наноспутнигін 2017 жылы Үндістанда сәтті ұшырған еді. Арада бір жыл уақыт өтпей, 2018 жылы екінші отандық «әл-Фараби 2» құрыл­ғысын ғарышқа жіберді. Бұл құрылғы Илон Масктың SpaceX ком­пания­сының қолдауымен іске қосыл­ған екен. Ғарыш аппараты ауа сапасын бақылап, өрт қаупі бар аймақ­тар­ды анықтауға көмектескен. Мамандар «әл-Фараби 2» аппараты үш жылдан аса уа­қыт штаттық режимде жұмыс істеп, қазір өз қызметін тоқтат­қанын айтады. 

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – бүгінде елімізде кіші ға­рыш аппараттарын жасап, оны басқарумен айналысатын, алғашқы қазақстандық наноспутникті ғарышқа жіберген тұңғыш және жалғыз университет. Жоғарыда атал­ған жобаларды орындау барысында қол жеткізген нәтижеміз – заманауи ға­рыш технологияларын жетік меңгерген ма­мандар даярлап шығару. Осындай құрылғы­ларды ойлап табу арқылы уни­вер­ситетте отандық ғылыми мектептің негізі қаланды. Ал ұшырылған нано­спутник­тер – мамандар жасаған құрыл­ғыларды ға­рышта технологиялық тесті­леуден өткізуге мүмкіндік берді, – дейді Ә.Темірбаев. 

Тағы бір атап өтерлік маңызды ақпа­рат, былтыр Орталық Азия елдерінен кел­ген 200-ге жуық қыз бала универ­си­ттеттің ғылыми орталығында нанос­путник жасауды үйренген. Ғарыш ап­паратын құрастырып, оған бағдарлама жазудың қыр-сырын меңгерген. Сондай-ақ қыз балалар наноспутниктерді атмос­фераның жоғарғы қабатына ұшыру арқы­лы ауадағы зиянды бөлшектердің мөл­шерін өлшеген. Халықаралық ЮНИСЕФ ұйымы мен ҚазҰУ-дың бірлескен жобасы UniSat деп ата­лады. Аталмыш жобаның негізгі мақ­саты – қыз балаларды ғылым, технология, инженерия бағытына баулу, Қазақстанда STEM саласында білім алатын қыздардың үлесін арттыру. 

– Жасыратыны жоқ, елімізде Орталық Азия елдерінде қыз балалардың техника ғылымдарын игеруге деген қызығу­шы­лығы төмен. Бұл біздің ортақ мента­литетіміз деп айтуға болады. Қазір біз жаһандану дәуі­рінде өмір сүріп жатыр­мыз. Осы орайда математика, бағдарлама жасау, ғарыш секілді салаларда қыз балалардың да ала­тын орны зор екенін айтқым келеді. Оның айқын мысалдары да жоқ емес. 2020 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде Марс ғаламшарына жіберілген ғарыш аппара­тын жасау жобасының жетекшісі – 33 жас­тағы Сара аль-Амири. Ал бүгінде ChatGPT жа­санды интеллект жобасын жасап жатқан OpenAI компаниясының техникалық директоры – 34 жастағы Мира Мурати, – дейді әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ Ин­жи­­ниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Ә.Темірбаев.

Жоба авторларының сөзінше, ғарыш аппаратын құрастыру үшін пайдаланы­латын қосалқы жүйелер осы уақытқа дейін шетелден арнайы сатып алынатын. Ал осы жолы қажетті қосалқы бөлшектер өз елі­мізде өндіріліп жатқан көрінеді. Мамандар қаржылық мәселелер оң шешімін тапса, практикалық тұрғыда наноспутниктерді ғарышта сынап көруге болатынын атап өтті.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы