Қазан айы туысымен Қазақстанның әр аймағында малға итқұс тигені туралы хабарлар естіле бастады. Қостанай облысының Қосарал ауылдық округінде қойға қасқыр шапса, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағы Күршім және Үржар аудандарында аю маза бермей тұр. Байқасаңыз, барлығы – шекарада орналасқан елді мекендер.
Қасқырды құртқан қайсысы?
2,289
оқылды

Қасқырдың жайы белгілі. Күн суыта жемтігін іздейтін жыртқыш қапысын тауып, төрт түлікке ауыз салады. Қашан қар қалыңдап, қауіп кіргенге дейін қас­қырдың құтырғаны – құтырған. «Қыс­пен бірге тұмсығын салды қасқыр, мал­шы­ларым, қор қылма итке малды», – деп Абай айтпақшы, мал ұстаған қауым­ның күзетті күшейтіп, қайрат қылар кезеңі де осы. Қасқырдың арынын басып, адымын қаңтаратын – ай – қаңтар. Оның бір себебі қаңтар айында аң аулауға заңды түрде рұқсат беріледі. Яғни, қасқыр атуға ли­цензия алған аңшының айтары – «қан­ды басың бері тарт!»

Дегенмен қасқыр ату заңдылығын сақтап, қаңтарды күтіп отыратындар аз. Броконьерлер жерге қар түсісімен-ақ шанасын сайлап, қаруын майлап, жасы­рын аңға шығады. Аңшылықтағы заң­­сыз­­дықтар кесірінен елімізде қас­қыр­дың саны азайып кеткен. Былтыр қаңтар айын­да экобелсенді Сәкен Діл­дахмет Facebook-гі парақшасында елі­мізде қас­қыр саны азайып бара жат­қаны жайлы жазып, дабыл қаққан болатын. 

«Қазақстанда қасқырлардың жойылу алдында тұрғанын білесіз бе? Еліміздегі қасқырдың саны небәрі – 14 408. Ал бес облыста бұл жыртқышты реттеуге тыйым салынды. Солтүстік Қазақстан облысын­да қасқыр мүлдем жоқ. Егер бұл жырт­қыш жойылып кетсе, табиғи тепе-теңдік бұзылады. Бұған жол бермеуіміз ке­рек», – деп жазды ол. 

Қасқыр аулау маусымы қарсаңында жазылған жазба әлеуметтік желі мен ақ­парат құралдарында лезде тарап, көпші­лік талқысына түскен. Бұған жауап ре­тін­­де 2022 жылы 7 ақпанда ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті СҚО-да қасқырдың күрт жо­йылып кетуі жайындағы пі­­кір­лердің шын­дыққа жанаспайтынын мәлімдеді. 

«Қасқырдың санына келетін болсақ, қазір аумаққа қатысты олардың оңтайлы санының, жалпы қабылданған стандарты мен оңтайлы нормативтері жоқ. Қасқыр популяциясын басқару бойынша ше­шім­дер ол мекендейтін жердің белгілі бір аймағының әртүрлі климаттық-геогра­фиялық, экологиялық және басқа да ерекшеліктеріне байланысты шығары­лады», – делінген комитет таратқан мәліметте.

14 408. Әрине, қасқыр қой емес, бас­қа ұрып санап, есебін шығарып ала­тын­дай. Мамандар бұл сан мөл­шермен есеп­телетінін айтады. Қазақстан  био­­­­­­­алуан-

­­түр­лілікті сақтау ассоциациясы (ҚБСА) мамандарының айтуынша, Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыс­тары аума­ғында түз тағысы жылдан жыл­ға азайып барады. Ал СҚО-да соңғы жеті жыл бойы қасқыр кездеспеген. 

Ашық дерек көздеріндегі ақпаратқа сүйенсек, республикада аталмыш жырт­қыш саны бес есе азайып кетті. Мәселен, 1988 жылы Қазақстанда 61 мың қасқыр болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш – 26,7 мың, 2014 жылы – 19 778, 2019 жы­лы – 12 000 болып кеміген. 

Десе де қазақ даласына мұнша қас­қыр көптік ете ме, әлде аз ба? ҚБСА өкі­лі, биолог маман Сергей Скляренко түз тағысы төрт түліктің қас жауы болғаны­­мен еліміздің экожүйесінде маңызды рөл атқаратынын айтады. 

«Қасқырды біз табиғаттың «сани­тары» деп санаймыз. Ол бәрін аулайды, таңдамайды. Ауру аң, құтырған жануар, вирусты жәндік – түгел жейді. Осылай­ша, ол табиғаттағы сан мен сапаны рет­теп отыратын хайуан. Байқасаңыз, қас­қыр азайып кеткен жерде шибөрілер кө­бейеді. Біздің оңтүстік өңірде шибөрі көп. Ол қасқырға қарағанда өте қауіпті жыртқыш, адамға шабады және үйірімен топтасып жүріп, түрлі ауру тарататын да солар», – дейді С.Скляренко.

ҚАСҚЫР АТУ ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ, ҚҰМАРЛЫҚ ПА?

Елімізде қасқырды жаппай қыру 2000 жылдары болған. Табиғат жана­шырлары түз тағысының түбіне техника жеткенін айтады. Интернетте қазіргі за­ман аңшы­лары жүктеген бейнема­­­­те­риал­ға қарап отырсаңыз, қасқыр аулау қажет­тілік те, құмарлық та емес, қаскөй­лік пе деп қала­сыз. Расында да, қазір қа­лта­сы көтерген жанның кез келгенінің тақымында моторлы шанадан бар. Оның нарықтағы бағасы 5-7 млн теңге болса, мінілгенін 700 мың-1 млн теңгеге де табасыз. Қалың қардың бетімен сағатына 120 км жылдамдықпен жүйткейтін шана­­лар жыртқыштың адымын аштырмайтын болған. 

Қасқыр қуу, аң аулау ісі бұрын қалай еді деген сауалды жас кезінде бірнеше қасқыр соққан аягөздік зейнеткер Сәкен Сабырбекұлына қойдық. 

«Біз кезінде қасқырды атпен қуып, сойылмен соғып алатынбыз. Оған аттың аты, жігіттің жігіті шыдас береді. Аты жет­­кенмен сойыл сілтеуге шамасы кел­мей, көкжалға жүрегі дауаламай­­тындар да болады. Сондықтан қасқыр соғу үлкен өнер саналатын. Қазір қашқан қасқырға бәрі батыр. Қасқыр айтады екен: «төрт аяғым тең болса, бір түнде жеті өлкені кесіп өтем» деп. Яғни, ол серттің аңы. Кәсіби аңшылар оны түз тағысы, дала­­ның серісі деп таниды. Олардан хайуанға үлкен қауіп жоқ», – дейді 87 жастағы ақсақал. 

Алайда түз тағысының түбіне техника жетеді дегенге қарсы уәж айтатындар да бар. Кәсіби аңшы, қоғам белсендісі Нұржан Жолдыбекұлы қазір қасқырлар да заманға сай бейімделгенін айтады. 

«Қасқыр – өте әккі жыртқыш. Ол шананың келе жатқанын 4-5 шақы­рым­­нан сезеді. Құтылып кетудің де әдіс-тәсіл­­дерін меңгеріп алған. Оған қоса, соңғы кезде үйірде іріктелген, мықты жыртқыштар қалды. Шана тұрмақ, тік­­ұшақтармен аңға барғандар жер-дүниені шарлап бос қайтып жатыр», –дейді ол. 

Қоғам белсендісінің айтуынша, қазір төрт аяқты қасқырдан емес, екі аяқты «қас­қырдан» қауіп көп. 

«Мен рұқсаты бар, кәсіби аңшымын. Жиырма жыл болды заңға сай кәсіп ете­мін. Бірақ қазір қасқыр атамыз деп ли­цензия алып алғандар, кездескен қо­ңыр аңды атады да, қалааралық автобустарға салып, үлкен шаһарларға жөнелтеді. Олардың ішінде сауық құрған әкімдер де бар, байлығына мастанған бизнесмен де бар, тіпті жануарларды қорғау инспек­циясының мамандары да сыбайласып алған. Оларда қарудың түр-түрі бар. Ел ішінде жүріп бәрін естейміз. Міне, ең бірінші осыны тоқтату керек», – дейді Н.Жолдыбекұлы.

«БӨРІ ЖОҚ ДЕМЕ, БӨРІК АСТЫНДА»

Қасқыр – аяғына сенген жыртқыш. Арқада аңшы біткен моторлы шана, темір көлікпен қуып, тыныштық таптыр­маған соң қары жұқа жаққа, таулы, ор­манды аймақтарға ауып барып пана­лайтын болған. Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында киік көбейгелі көк­жалдар қоңыр аңның соңынан еріп, азы­ғын айыруды жиі әдет қылған. Жәнібек ауданында «Әлем» шаруа қожа­лығының иесі Ескендір Елемесов биыл көктемде итқұсқа 30 шақты құлынын алдырған. 

«Соңғы бірнеше жыл қар жұқа, қуа ал­маймыз. Көктемде киікпен ілесіп кел­ген қасқыр көп болды да, туған құлын­дар­ды шетінен жеп кетіп жатты. Оны ата­­­­­­­­йық десек рұқсат жоқ, лицензия қа­жет. Сайт арқылы рұқсат алу үшін ин­терне­тің болуы тиіс, аудан орталығы бол­­­­­маса алыстағы шаруашылықта теле­­­фон бай­­­ланысының өзі нашар. Оған қоса, мал­шы­­­­ның көбінде қазір итқұсты үр­­кі­­­­тетін қару да жоқ. Күзетке пай­да­­­ланат­ын мыл­­тық атаулыны полиция қыз­меткерлері алып қойған. Соны біліп алғандай жырт­қыштар да адамнан бой та­салап қашпайт­ын болған», – дейді шаруа.

Қару демекші, ІІМ тұрғындардан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу шарасын 2012 жылдан бері өткізіп келеді. Министрлік жіберген мәліметке қарағанда, бүгінге дейін халықтан 57 мың­­нан аса атыс қаруы және 2 млн-ның үстінде патрон жиналыпты. Өткі­­зілген қару-жараққа орай берілген сыйа­қы сомасы 2,7 млрд теңгені құраған. Же­­­ке­лей қаруға келсек, оған төленетін қаражат та әрқалай қару түріне, техни­ка­лық жағдайына байланысты 34 мың­нан 345 мың (10-нан 100 АЕК-ке дейін) теңге мөлшерінде. 

Біз хабарласып, жағдайын білген екінші шаруа Шығыс Қазақстан облы­­сының Марқакөл ауылының тұр­­­ғыны Амантай Шорманұлының айтуын­ша, қасқыр негізінен өрістегі жылқығы, иесіз жатқан малға тиіседі. 

«Мен өз басым сүтті сиыр ұстаймын, ірі қара мал болғандықтан жазда бақта­шы соңында жүреді. Қыста қорада ұстап, шөп береміз. Сол себепті қасқыр менің малыма тисе қойған жоқ, бірақ аю кө­­бейді. Өткен қыстың аяғы созылып ке­тіп, аю апанынан ерте шықты да, жазғы­тұрымғы арық малға жиі шабуыл жа­­­­­­­са­­ды», – дейді Нұралы шаруашы­лығының басшысы.

ҚАСҚЫРДЫҢ АУЗЫ ЕУРОПАДА ДА ҚАН

Біздің табиғат қорғаушылары қасқыр азайды деп жатса, Еуропа жұрты жырт­қыштың көбейіп кеткеніне алаңдап жа­тыр. Rewilding Europe сайтының жа­зуынша, жыртқыштың саны 2020 жылы 12 000 айналасында болса, қазір 17 000-ға жеткен. Германияда қасқыр­лардың по­пуляциясы жыл сайын 36% өсіп келеді. Франция үкіметі таратқан ресми статис­тикасына сәйкес, 2020 жылы қасқырлар 11 мың қой-ешкіні жарақаттаған. 2023 жыл­дың қаңтар-тамыз айлары ара­лы­ғында Германияда 600-ден аса үй жануары мен төрт түлікке шауып, зақым келтірген. 

Дегенмен Еуропада қасқырдан кел­ген шығын айтарлықтай болғанымен біз­дегідей жаппай қасқыр атуға шығып кетуге мүмкіндік жоқ. Фермерлер малын қорғап қасқыр атса, табиғат қорғаушы мамандар оларды заңды бұздыңдар деп айыптап, қарсы шығып жатыр. Таяуда Еуропарламент депутаттары ЕО аума­ғында қасқырды қорғаушылардың мәр­тебесін төмендетіп, фермерлер жа­­­ғына шығуға шақырды. 

Айтқандай, «кәрі құрлықтағы» қас­қырға қарсы науқанды қыздырған оқиға былтыр қыркүйекте Германияның феде­ралды аумағы Төменгі Саксонияда тір­кел­ген. Еуропалық комиссияның Прези­денті Урсула фон дер Ляйеннің Долли деген пониін жарып кеткеннен кейін қасқыр дауы тіптен ушықты. Қасқыр құрбандығының қожасы кім деп қарай ма?! Бұл оқиға жазушы Мұхтар Мағауин­нің «Пұркоралдың көк аты» әңгімесін еске түсірген. «Мен жергілікті және ұлт­тық билікті қажет жерде әрекет етуге ша­қы­рамын»,– деп мәлімдеген Еуро­комиссия басшысы осы оқидан соң. Десе де басшысынан қосшысына дейін салқынқанды мінез танытатын елдер бұл оқиғадан соң да жаппай аңшылыққа тізгін берген жоқ. Еуропалық қорғаушы­лар қасқырды Еуропа ландшафтының ажырамас бөлшегі деп бой бермей отыр.

Ұлағат БЕКБОЛАТ