Назымның айтуынша, ол Қуандық Бишімбаевпен 14 жыл бойы ресми некеде болған.
«Сұмдық жағдай»: Бишімбаевтың бұрынғы әйелі болған оқиғаға қатысты пікір білдірді
15,693
оқылды

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым оқиғаға қатысты пікір білдірді,  деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Кеше Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан әйел алған жарақатынан көз жұмған. Болжам бойынша, қаза тапқан адам  экс-министрдің әйелі. Астана полиция қызметкерлері ер адамның ұсталуына қатысты пікір білдірді, бірақ оның аты-жөні аталмады.

Tengrinews.kz тілшісі экс-министрдің бұрынғы әйелі Назыммен хабарласты. Ол бірнеше жыл бұрын Қуандық Бишімбаевпен ресми түрде ажырасқанын растады. Оның айтуынша, кешегі оқиғаға байланысты оған көп адам қоңырау шалған. 

«Иә, бұл  сұмдық жағдай. Маған біреулер хабарласып жатқанда не болып жатқанын мүлде түсінбедім... Шок»,  деді Бишімбаевтың бұрынғы әйелі.

Назымның айтуынша, ол Қуандық Бишімбаевпен 14 жыл бойы ресми некеде болған. Ерлі-зайыпты 2020 жылы экс-министр түрмеден шыққанына бір жыл өткеннен кейін ажырасқан. Олардың үш баласы бар.

«Біз 2020 жылғы 5 қазаннан бастап ресми түрде ажырасқанбыз, бірге тұрмаймыз. Біз сирек араласатынбыз, онда да тек балалар мәселесі бойынша. Балаларға көмектесіп араласатын, бірақ кейінгі кезде сиреп кетті. Бұл  қайғылы жағдай, Салтанаттың отбасына көңіл айтамын», деді Қуандықтың бұрынғы әйелі Назым.

Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды.

Бұрынғы Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев бұған дейін де істі болған. Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді. 

Бишімбаевтың соты төрт айдан астам уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылды. Олар «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды.

Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.

Фото: Tengrinews.kz