Қызылорда облысында 12 мемлекеттік қызметкер осындай алдауға түсіп, ақша аударған.
Интим суреттеріңді жариялаймын: қызылордалық  алаяқтар шенеуніктерден ақша талап еткен
947
оқылды

Қызылорда облысында алаяқтар мемлекеттік қызметкерлерді суреттері арқылы бопсалаған. Алайда шенеуніктердің бірі полицияға жүгінген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қызылорда облыстық сотының мәліметінше, алаяқтар әлеуметтік желідегі парақшаларына сұлу қыздардың суреттерін қойып, жалған есімдермен тіркелген. Содан соң ер адамдармен әңгіме-дүкен құрған. Уақыт өте келе алаяқтар жалаңаш суреттер жіберіп, шенеуніктен де сурет жіберуін сұраған.

Кейін бұл іске топтың басқа мүшелері қосылған, олар қармаққа түскен шенділерден ақша бопсалай бастаған. Нақтылай айтқанда, шенеуніктердің суретін көпшілікке жария етеміз деп қорқытып, картасына ақша аударуды талап еткен.

Тергеуден кейін 11 жәбірленуші ақшасын қайтарып алды, олар азаматтық талап қоюдан бас тартты. Жалғыз Б. есімді жәбірленуші кері қайтарылған 500 мың теңгені алмай, бопсалаушыларды сотқа беруге шешім қабылдады.

Нәтижесінде, үш сотталушыға қатысты сот үкімі шығып, олардың әрқайсысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу, сондай-ақ үкімді орындау кезінде жылына 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.

Сотталушылардан 500 000 теңге көлеміндегі залал бірлесіп өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.