«Қазавтожолдың» бұрынғы басшысы 6 жылға сотталды
«Қазавтожолдың» бұрынғы басшысы 6 жылға сотталды
Фото: Интернеттен алынды
252
оқылды
Маңғыстау облысындағы «Қазавтожол» ұлттық компаниясы филиалының бұрынғы басшысы мен оның орынбасары сотталды, – деп жазады 24.kz. Пара алып және бюджет қаржысын жымқырған екеу енді 6 жыл түрмеде отырады. Айыпталушылар жазасын қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде өтейді. Экс-директор өткен жылдың маусым айында, ал орынбасары одан бір ай бұрын ірі көлемде пара алу дерегімен ұсталған болатын. Оларға республикалық маңыздағы «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» көлік жолын салуға бөлінген мемлекет қаражатын талан-таражға салды деген айып тағылған. Қалалық соттың судьясы Марет Ковраева: «Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығына сәйкес, айыпталушылардың әрқайсысын 6 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылданды. Олардың  мемлекеттік қызметке баруына өмірбойы тыйым салынады. Айыпталушыларды қамауға алу мерзімі сот үкімі оқылған сәттен басталады. Сондай-ақ филиалдың көлік жүргізушісінің бостандығы бір жылға шектелді», – деді.