2021 жылы үйдегі зорлық-зомбылықтың сотқа тек 40 пайызы жеткен.
Әйелдердің жан даусын еститін және қатаң шара қабылдайтын уақыт жетті - Жұлдыз Сүлейменова
817
оқылды

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова отбасылық зорлық-зомбылық, қатыгез патриархалдық озбырлықтан зардап шыққан әйелдердің жағдайына алаңдаушылық танытты. Осы ретте «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері атынан ҚР Премьер-Министрі  Әлихан Смайыловқа сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутат ел ішінде болып жатқан соңғы фактілер, ауыр қылмыстар зорлық-зомбылық мәселесіне қайта назар аудартып отырғанын атап өтті.

«Депутаттардың ұсынысымен 3 жыл бұрын бірнеше қатаң өзгеріс заңнамаға енгізілген. Оның ішінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда, қазір хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары жеткілікті. Тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі алынып тасталынып, енді сотта татуласу мүмкіндігі жоқ. 

Бірақ аталған нақты өзгерістердің өзі отбасындағы әйелдерді қорлауға қажетті деңгейде тоқтау салмай отырғаны қынжылтады. 

Соның салдарынан жүздеген қазақстандық әйелдер өмірінен, денсаулығынан және болашаққа деген үмітінен айырылып отыр», – деді Ж.Сүлейменова. 

Мәжіліс депутатының сөзінше, зерттеулерге сәйкес 2021 жылы үйдегі зорлық-зомбылықтың сотқа тек 40 пайызы жеткен екен. 

Ал ондай абьюзерлердің көбіне кешірім беріліп, босаған, ал олардың тек 39 пайызы 2 сағаттан 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауда отырған.

«Отбасылық зорлық-зомбылық, қатыгез патриархалдық озбырлыққа шыдамаған әйелдердің жан даусын еститін және қатаң шара қабылдайтын уақыт жетті деп білеміз.

Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін – бірінші елімізде құндылықтарға негізделген мәдениетті қалыптастыру, идеологияны жетілдіру, жауапкершілікті күшейту, ең бастысы заңды қатаңдату және оның сапалы орындалуын жүзеге асыруымыз қажет.

Осы ретте, «AMANAT» партиясы әрдайым заңды күшейтуге, сондай-ақ аталған мәселелерді шешу үшін нақты қадамдар жасап келеді.

Қыркүйектің басында балаларға және отбасындағы әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында, аманаттық депутаттар арнайы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне» арналған заң жобасын шұғыл түрде әзірледі.

Үкіметтік емес ұйымдар, белсенді эксперттер, мемлекеттік органдармен бірлескен кеңейтілген фракция отырысында заң жан-жақты талқыланып, пысықталды.

Ең бастысы, заң жобасында зорлық-зомбылық қылмыстық іс болып танылады, педофилдер өмір бақи бас бостандығынан айырылады, жауапкершілік пен жаза күшейтіледі», – деп нақтылап өтті депутат.

Алайда түрлі эксперттік ортаға салып, түсініксіз себептермен заң әлі Мәжіліске келген жоқ. 

Осы орайда «AMANAT» фракциясының  депутаттары мынадай ұсыныстарын білдірді:

  1. Ең бастысы, әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылықты қылмыс деп танылуы қажет. Заңнамада жазаны қатайту жүзеге асырылуы тиіс. Әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайды. Ешкімнің әйел адамдарды қорлап, өлтіруге қақы жоқ! Қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап етеміз! 
  2. Заңнамада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізетін жауапты мемлекеттік органды бекітетін уақыт жетті.
  3. Үкіметтің әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ажырасқан әйелдерге алиментті уақытылы төлеуге бағытталған қатаң шаралар қабылданған мемлекеттік саясатты бекітуді сұраймыз. 
  4. Отбасылық зорлық-зомбылықтың профилактикасы мен криминализациясы қарастырылған бірнеше депутаттардың бастамасымен әзірленген Заң тұжырымдамасына тез арада оң қорытындыны күтеміз.