Цифрлық теңгені толықтай енгізу ісі оның сервистерін, пайдалану сценарийлерін және платформаға қатысушылар ортасын кеңейту арқылы 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Цифрлық теңгені» айналымға енгізу жобасы талқыланды
dknews.kz
598
оқылды

Қазақстан Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктер мен олардың клиенттерінің қатысуымен цифрлық теңге платформасын пилоттық режимде іске қосты. Платформаның архитектурасы цифрлық теңгені екінші деңгейлі банктер клиенттеріне қызмет көрсететін банктің мобильді қосымшасында цифрлық шот ашу арқылы пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында Ұлттық банк қатысушы банктердің пайдасына олардың цифрлық шоттарына және одан әрі банктер клиенттерінің цифрлық шоттарына цифрлық теңгенің алғашқы эмиссиясын жүргізді. Сондай-ақ цифрлық теңгені пайдалану арқылы шынайы түрде алғашқы бөлшек транзакциясы жасалды.

Цифрлық шоттар арасында төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу функционалынан басқа, «смарт-келісімшарт» технологиясын пайдалана отырып, әлеуметтік қолдау шаралары аясында есеп айырысуды автоматтандыру үшін Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп іске асырылған «цифрлық ваучерлерді» пайдалану сервисі де жұмыс істейді.

Оған қоса, қатысушы банктер халықаралық төлем жүйелерімен ынтымақтаса отырып, цифрлық карталар шығарды. Олар өз ұстаушыларына екінші деңгейлі банктерінің қолданыстағы төлем инфрақұрылымымен арадағы интеграцияның «тігіссіз» есебінен жеке және заңды тұлғалармен әдеттегі режимде цифрлық теңгенің төлемдері мен аударымдарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Осылайша, 2023 жылғы 15 қарашада шектеулі ортада және нақты пайдаланушылармен цифрлық теңге платформасы іске қосылды.

Цифрлық теңгені толықтай енгізу ісі оның сервистерін, пайдалану сценарийлерін және платформаға қатысушылар ортасын кеңейту арқылы 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Естеріңізге салсақ, Алматы қаласында Қазақстан қаржыгерлерінің XI конгресі жұмысын бастады. Іс-шараны Қазақстан Ұлттық банкі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

Мемлекет басшысы қаржы саласының қызметкерлері мен қазақстандықтарды айтулы дата – ұлттық валютаның 30 жылдығымен құттықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов оқып берді. Конгрестің панельдік сессияларында шетелдің орталық банктері мен қаржы институттарының басшылары, еліміздің мемлекеттік органдары мен қаржы ұйымдарының өкілдері макроэкономикалық саясат пен қаржы секторындағы өзекті мәселелер талқыға салынды.

Жиынға қатысушылар қазіргі жағдайда ақша-несие саясатын жүргізу, макроэкономикалық тұрақтылық пен фискалдық тәртіп мәселелерін қарастырады. Сондай-ақ күн тәртібінде – қаржы нарығын дамыту, қаржы секторының киберорнықтылығы мен қаржы нарығының жаһандық өзгерісіндегі инновацияның рөлі де бар.