Қазақ тарихында тұңғыш рет ұлттық валютамыз 30 жыл бұрын айналымға енгізілді. Оның экономикалық әлеуеті мен сыртқы дизайны әртүрлі бағалануы мүмкін.
Ұлттық теңге: ақшаға емес, елге қызмет ететін уақыт келді
Иллюстрация ortcom.kz сайтынан алынды
2,209
оқылды

Әлемде БҰҰ тіркеген 193 мемлекет бар болса, соның 159-ы ғана ұлттық валютасын енгізген. Қазақ елінің ұлттық теңгесі 1993 жылы 15 қарашада айналымға енгізіліп, елдік пен тәуелсіздіктің символына айналды. Aikyn.kz қазақ теңгесінің 30 жылдағы қолданыс тарихына, мазмұндық және дизайндық толысуына талдау жасайды.

Қазақ елінің жаңа теңгелері. Фотоколлаж azattyq-ruhy.kz сайтынан алынды

АҚШ-та орналасқан Халықаралық банкнот қоғамы (IBNS) жыл сайын байқау арқылы әлемдегі ең әдемі банкнотты таңдайды. 2022 жылдың әдемі банкноты болып Филиппин Орталық банкінің 1 000 писо банкноты таңдалған. Банкнотты Аустралияның резервтік банкінің еншілес ұйымы Note Printing Australia басып шығарған. Дәстүрлі мақта пен абаканың орнына полимерден басылған банкнотта Филиппиннің екі символы бейнеленген: жойылып кету қаупі төнген Филиппин қыраны және елдің ұлттық гүлі голографиялық сампагита.

Банкноттың сырт жағында Туббатаха рифі табиғи паркі (ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы), елдің картасы және Оңтүстік теңіз маржаны бейнеленген.

Халықаралық банкнот қоғамы таңдаған 2022 жылдың «Жыл банкноты». Фото IBNS ресми сайтынан алынды

Қазақстанның ұлттық валютасы да Халықаралық банкнот қоғамының (IBNS) қатарынан үш жылғы байқауының жеңімпазы атанған. Қазақ теңгесі 2011 (10 000 теңге), 2012 (5 000 теңге) және 2013 (1 000 теңге) жылдары ең үздік банкнот атанған. Жеңімпаз атанған үш банкнотты да Ұлттық банкіміз ағылшынның De La Rue Currency компаниясымен бірлесіп шығарған. Банкноттар Ұлттық банктің Банкнот фабрикасында басылған. 18 дәрежелі қорғанысы болғандықтан, қазақ теңгесі әлемдегі ең қауіпсіз валюталардың бірі болып саналады.

Халықаралық банкнот қоғамы таңдаған 2011 жылдың «Жыл банкноты». Фото IBNS ресми сайтынан алынды

2023 жылы Ұлттық банк ұсынған сақ дәуірі стиліндегі ұлттық элементтермен, үйлесімді нақышпен жасалған банкноттардың ішінен де жыл банкноты аталуға лайықтылар бар. Халықаралық банкнот қоғамының жеңімпазды анықтау үшін, банкнотқа «Жыл банкноты» құрметті мәртебесін беру үшін түпнұсқа дизайн (көркемдік орындау) мен инновациялық қауіпсіздік элементтерінің үйлесімін басты назарға алады. 

Қазақ елінің жаңа теңгелері. Фотоколлаж azattyq-ruhy.kz сайтынан алынды

Ұлттық валюта тек әдемі көрінісімен ғана емес, өзінің төлем қабілетінің әлеуетімен де қымбат екенін белгілі. «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат; Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат», – деп Абай атамыз айтқандай, банкноттың дизайны емес, оның төлем күші экономистер мен қаржыгерлерден бастап, қарапайым тұтынушыға дейін көбірек толғандырады.

Халқымыздың рухын көтерген ұлттық теңге 1993 жылғы 15 қарашада енгізіле бастады. Оның алдында Қазақстан Министрлер Кабинеті халықтың өмір сүру деңгейін қолдау мақсатында бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін әрі жаңадан енгізілген теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кейбір тұтыну тауарлары мен қызметтерге шектеулі бағалар белгілеген болатын.

Сол құжатқа сәйкес, 1 келі жоғары сапалы ұнның шекті бағасы 80 тиын, макарон өнімдері 1 теңге, қант 3 теңге, тұз 10 тиын, сүт 40 тиын деп белгіленген. Ұлттық теңге жаңадан енгізілген алғашқы айларда азық-түлік дүкендерінде айранның 1 литрі – 50 тиын, сарымайдың 1 келісі – 7 теңге, өсімдік майының 1 литрі – 5,2 теңге, он жұмыртқа – 1,4 теңге, сиыр етінің 1 келісі – 4,4 теңге, қой еті – 4 теңге, құс еті  4,4 теңге болғанын аға буын өкілдері жақсы білетін болар.

Фото nur.kz сайтынан алынды

Тәуелсіз елдің экономикасы 30 жылда әртүрлі қиындықтардан өтіп келеді. Қаржылық және экономикалық шешімдердің барлығы ұлттық теңгенің динамикасынан анық байқалады. 

1993 жылы 15 қарашада айналымға енгізілген күні бір долларға 4,69 теңге белгіленсе, 1994 жылдың қаңтарында 1 доллар 10 теңгеге саудаланды. Сол жылдың қарашасында теңгенің құны 40 есе түсіп кетті: 1 доллар – 50 теңге болды. Ал 1998 жылдың аяғында америкалық валютаның құны 83 теңгеден асты.

Жаңадан тәуелсіздік алған, экономикалық қатынастары үзілген шикізаттық сипаттағы ел үшін бұл болжамды сценарий еді. Сондықтан 1999 жылы теңге алғашқы девальвацияны бастан кешірді: 1 АҚШ долларына 150-160 теңгеге құлдыраған теңге кейіннен біршама тұрақталып, 120 теңгеге дейін күшейді. 2009 жылдың 4  ақпанында теңгенің екінші девальвациясы болды: ұлттық валюта курсы 1 доллар  150 теңгеге көтерілді. 2014 жылы ақпанда қазақстандықтарды үшінші девальвация күтіп тұрды: 155 теңге болған теңге бір түнде 185 теңгеге дейін әлсіреді.

Қазақ елінің жаңа теңгелері. Фотоколлаж azattyq-ruhy.kz сайтынан алынды

Ұлттық банк 2015 жылдың 20 тамызында инфляциялық таргеттеу мен еркін айырбас бағамына негізделген жаңа ақша-несие саясатын жариялады. Қыркүйек айында 1 долларға шаққандағы теңге бағамы 258-ден асып, 2019 жылдың ақпанында 379-ға жетті. 20 наурыз 2020 жылы – 448 теңге, 2022 жылдың 16  наурызында рекордтық 512 теңгеге жеткен. Қазақ валютасының 30 жылдық мерейтойы күні Ұлттық банк теңге бағамын 463,7 деп белгілеген.

Әрине, мұндай құбылудың өзіндік себептері бар. Бұған геосаяси ахуал да, әлемдік нарықтағы шикізат бағаларының өзгеруі де, көрші елдердегі қаржылық-экономикалық саясат пен сауда-саттық теңгерімі, еліміздің ішкі экономикалық даму үрдістері мен тоқыраулар да әсер етеді. 

Карл Маркстің «саясат – экономиканың шоғырланған көрінісі» деген сөздері жиі естіледі. Бірақ шынымен де экономика бірінші, кейін саясат болғаны ма? Мүмкін, Карл Маркс бұл тұжырымын капиталистік қоғамдағы орнаған заңдылықтар негізінде жасаған болар? Бірақ барлық әлеуеті зор мемлекеттер экономиканы әлемдегі өздерінің ықпалын, саяси күшін арттыру құралы ретінде пайдаланып келеді емес пе?!

Дегенмен бұлжымайтын бір қағида бар. Идеологиялық, әкімшілік-құқықтық, экономикалық заңдарды өзіне ыңғайлап жазатын да, оны қабылдап іске асыратын да саясат, саяси билік, сол билікті иемденген адамдар.

Ұлттық мүддеге сәйкес келмесе де билік өзіне тиімді, пайдалы шешімдер шығарады. Бюджеттің ақшасы қайда, қандай мақсатқа бөлінеді, қандай компанияларға жеңілдік жасалады, қай елдермен сауда-саттық жүргізіледі, инвестициялар тартылады, қарыз алынады. Осының бәрін саяси билік өзінің саясаты арқылы іске асырады. Яғни, саясат қашанда экономиканы өзінің мақсатына жеткізетін құрал түрінде ғана пайдаланады.

Бүкіл батыс әлеміне қарсы жалғыз соғысып жатқан Ресейдің экономикасы  солтүстік көршіміздің ешкімге тәуелді болмау, мемлекеттің қауіпсіздік белбеуін құру саясатын іске асыруға жұмыс істеуде. Жан-жағынан санкциялық қыспаққа түскен Ресейдің Орталық банкінің саясаты да жоғары дәлдікпен есептелген монетарлық шешімдердің негізінде жүргізілуде. 

2022 жылы рубль күшейіп, оның долларға шаққандағы құны өсті (қаңтарда – 75,9 болса, желтоқсанда 65,4 болған). Биылғы жылдың қаңтарында рубль 69,2 болса, қарашада 92,4 рубльді құрады. 2022 жылы Ресейдегі инфляция деңгейі 11,94%, биылғы жылдық инфляция 6,7% дейін төмендеген. Мұндай саясатты жүргізу үшін де, оны іске асыру үшін де терең біліммен қатар мемлекетке деген адалдық, шынайы патриотизм  керек.

Бүгінгі қазақ елінің дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартуда көп өзгерістер болуда. Ең бастысы, ел азаматтарының әділетті мемлекет, қоғамның талап-тілектеріне үн қататын билік келді деген үміті бар.

Мұндай жағдайда ұлттық теңгенің тағдыры «ақшаға емес, елге қызмет ететін саясаткерлердің қолында болады» деген сенім ақталады деп ойлаймыз.