Өкінішке қарай, еліміздегі өндіріс орындарында адамдардың өлімімен, жарақатануымен аяқталатын оқиғалар жиіледі.
Еңбек қауіпсіздігі – ерекше назарда
939
оқылды

Тексерістер барысында кейбір өндіріс ошақтарында еңбек қауіпсіздігі сақталмайтыны, енді бірінде жұмысшыларға қажетті жағдай жасалмайтыны, жұмысқа қабылдау мен рұқсат ету талаптарының сақталмайтыны анықталып жатыр. Осыған байланысты қазіргі кезде еліміздегі еңбек қауіпсіздігіне ерекше назар аударыла бастады. 

Өңірлік коммуникациялар қызметі Жетісу облысының Еңбек инспекциясымен бірлесіп, облыс пен Талдықорған қаласының өндірістік кәсіпорын­дарындағы еңбек қауіпсіздігінің сақталуына қатысты баспасөз-тур өткізді. Басты мақсаты – кәсіпорындардағы қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіп­сіздігі мен еңбекті қорғау туралы заңнаманың қаншалықты сақталып жат­қанын қадағалау болған шара Талдықорғандағы жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпорындардың бірі – «Темірбетон» ЖШС зауытынан басталды. Кәсіпорын өз өнімдерін еліміздегі энергетика, теміржол және өнеркәсіптік-азаматтық құрылысты қоса алғанда, тағы да басқа көптеген салаға жеткізеді. Сонымен бірге Ресей, Өзбекстан және Моңғолияға экспорттайды. Серіктестік былтырдан бері өзінің өндірістік технологияларын газбен жабдықтауды белсенді түрде қолға алған. Күрделі жағдайда жұмыс істейтін жұмысшылардың негізгі еңбек демалысына қосымша тағы 6-12 күн қосылады. Қысқы кезеңде қызметкерлердің жалақысына 11% мөлшерінде қосымша ақы төленеді. 2023 жылдың алғашқы 10 айында еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларға 52 миллионнан астам теңге жұмсалыпты.

«Темірбетон» ЖШС директоры Азат Ерғалиевтің айтуынша, кәсіпорында жылына шамамен 8 мың текшеметр темірбетон бұйымдар шығарады. Қазір мұнда 673 адам еңбек етеді. Биылғы орташа жалақы – шамамен 312 мың теңге. Ай сайын сыйақы төлеу шарты қарас­тырыл­ған жаңартылған ұжымдық шартқа қол қою жүргізілуде. Сондай-ақ жәрдемақы, баланың тууы және некеге отыру бойынша төлемдер артады. Одан бөлек, арнайы жеке қор­ғаныс құралын беру қарастырылған. Қызметкерлердің өті­ніші бойынша келісім комиссиясы құрылыпты. Онда өндірістегі сапа мен қауіпсіздіктің жақсаруына байланысты өтініштер қаралады. 

Өңірдегі электр энергиясын беру және таратуды жүзеге асыратын «ТАТЭК» АҚ компаниясы да Талдықорғанда орналасқан. Компания облыс аумағындағы 323 елді мекенде орналасқан 195 мың абонентке қажетті электр энергияны өңірдегі трансформаторлық қосалқы стансалар арқылы таратады.

Өз тұтынушыларын электрмен қамтуда үзілістің болмауы және сапаның жақсы болуын мақсат тұтатын компания биылғы күзгі-қысқы жұмыс кезеңіне желілер мен жабдықтарды дайындау жұмысын аяқтапты. 

«Кәсіпорында 1 503 адам еңбек етеді. Орташа жалақы мөлшері 150 мың теңгеден асады. Қызметкерлердің жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдай қарастырылған. Атап айт­сақ, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған, іссапарға баратын өндірістік персоналға қажетті барлық тұрмыстық жағдай ойластырылған. Еңбек демалыс­ына бару бекітілген кестемен жүзеге асырылады. Сондай-ақ жұмысшылар тамақтанатын асхана қызметі де жолға қойылған. Оларды автобуспен жұмысқа алып келіп, жұмыстан соң үйлеріне апарып тастау да шешілген», – дейді «ТАТЭК» АҚ-ның баспасөз хатшысы Нұржамал Абилова.

Биыл компанияда еңбекті қорғауға 35 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, электр қондырғылары мен желілеріндегі жұмыстың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліпті. Барлық бригада қорғаныс құралдарымен жабдықталған.

Жетісу облыстық Еңбек инспекциясы бойынша басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Дәулетұлы: «Жетісу облысы Еңбек инспекциясы басқармасына бүгінгі күнге дейін 405 жұмыскерден өтініш түсіп, оның 394-не жауап беріліп, 11-і қарастыруға жіберілді. Тексеріс бойынша жұмыс берушілерге 4 млн 226 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, ұйғарымдар шығарылды. Айыппұлдар толығымен өтеліп, мемлекет қазынасына аударылды. Сонымен қатар тағы бір негізгі бағыт – еңбек қауіпсіздігін бақылау және қарастыру бойынша да қарекет етудеміз. Кәсіпорындарға барып, еңбек заңнамасы талаптары түсіндіріледі. Тексеріс кезінде жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықпен танысқаны, тиісті киім-кешек, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгені қадағаланады», – деп түсініктеме берді. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы