Кеше Парламент Мәжі­лісінің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлей­менова Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жол­даған депутаттық сауа­лында: «М.Әуезов кезінде «Қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе.
Жұлдыз Сүлейменова: Заң мен талап – идеология темірқазығы
4,620
оқылды

Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» деген сөзі бүгін де өзекті. Қа­зақ әйелдерінің ендігі тағ­дыры баршамызға тікелей байланысты», – деп мәселе көтерді. Халық қалаулы­сына хабарласып, депутат­тық сауалына қатысты бірер сауал қойдық.

– Отбасылық тұрмыстық зор­лық-зомбылық қоғамның үрейін ұшыратын өте өзекті проблемаға айналып барады. Қоғамға жария болып отырған әйелді ұру, тіпті өлтіре салу фактісінен тыс, жабулы күйінде қалып жатқан қаншама әлімжеттік оқиғалары бар. Сіз Премьер-Министрге жолдаған де­путаттық сауалыңызда «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттары дайындаған заң жобасы туралы айттыңыз. Құжатта нақты қандай тетіктер бойынша қатаң шаралар қарастырылады?

– Заң жобасында жалпы Қылмыстық кодеске, Әлеуметтік кодекске, Кәсіпкерлік кодекске, Еңбек кодексіне және бірқатар заңға өзгертулер мен толық­тырулар енгізуге қатысты тү­зету­лер қарастырылып отыр. От­ба­сылық тұрмыстық зорлық-зом­былықты қылмыс деп тану, соған сәйкес жазаны қарастыру. Бүгінде зорлық-зомбылыққа әкімшілік жаза қолданылады. Жаза Әкімшілік кодекс ая­сында ғана қарастырылады. Егер біз үкіметтік емес ұйымдардың фактілеріне, зерттеулеріне сүйе­нетін болсақ, әкімшілік жаза де­геніміз, 2 сағаттан 3 тәулікке дейін қамау ғана. Яғни, бұл атал­ған проблеманы толыққанды шешуге мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан да Қылмыстық ко­декске ұрып-соғуға, аңдуға, бул­линг жасау секілді әлімжеттікке қатысты нақты қатаң шара енгізу керек. Бұған дейін бұл мәселелер қарастырылмаған еді. Жалпы, Қазақстанда соңғы жылдары отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойын­ша тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Ал балаларға қатысты айтатын бол­сақ, біріншіден, балаларды жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салу, екіншіден, көпқабатты үйлерде арнайы құлпы бар терезе орнатуды міндеттеу. Бұл балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермеу үшін қажет. Үшіншіден, педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру. Басқа баламалы жазаны қабылдамау. Төр­­­тін­шіден, бұған дейін педофилия үшін сотталған және өкінішке қарай, бостан­­дыққа шығатындар үшін соттылығы жойылғанына қарамастан өмір бойына әкімшілік қадағалауды енгізу ұсыныла­ды, осылайша олар үнемі құқық қорғау органдарының бақылауында болады. Бесіншіден, балаларға, ересектерге ар­нал­ған барлық жабық интернаттық мекеме­лерге (балалар үйлері, мүмкіндігі шек­теу­лі балаларға арналған интер­­наттар, қарттар үйлері және т.б.) күтпеген тек­серу жүргізу нормасын енгізу. Алтын­шыдан, қылмыстың алдын алу үшін оңалту немесе басқа да осыған ұқсас про­­филактикалық іс-шараларды жүргізу үшін қолайсыз әлеуметтік ортадағы және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарды ерте анықтау шара­лары ұсынылды.

– Әйелдер мен балаларды нақты қор­ғайтын заң жобасына қажетті қоры­тынды түсініксіз себептермен әлі Мәжіліс­ке ен­ген жоқ деп айттыңыз. Себебін біле ал­дыңыз ба?

– Үкімет бұл ұсыныстарды қолдауы қажет. Заң мен тәртіп қағидаты Қазақ­стан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс.

– Заң жобасы қабылданған жағдайда әйелдерді қолдау, оларға қол ұшын беру, заң­ның сапалы орындалуы секілді мәсе­­лелер қалай жүзеге аспақ?

– Заң жобасы қабылданған жағдайда оларға қол ұшын беру жоғарыда айтқан нормалар негізінде, алдымен – құқық­тық мәдениет қалыптастыру, сонымен қа­тар әйелдің жәбірленуіне, балалар құ­қығының бұзылуына соқтырмай­тындай қоғамның құқықбұ­зушылыққа төзім­сіздігін қалып­­тастыру басты мақсат бо­лып отыр. Сол кезде ғана қоғам қандай да бір мәселені ашық айтуға дағдыла­нады. Егер қоғамда құқықтық заңбұ­зу­шы­лыққа, адамның құқығын таптауға, жәбірлеуге төзбеушілік сияқты құқық­тық мәдениет қалыптасатын болса, біз өз талаптары­мызды жүзеге асыра ала­мыз. «Эберт» қорының және тағы да басқа үкіметтік емес ұйым­дардың зерт­теулерін көрдім. Отбасылық тұр­мыстық зорлық-зомбы­­лықтың сотқа дейін жеткен арыз-шағымы 40 пайызды ғана қамтиды. Сол сотқа жеткен арыз-ша­ғымдарға сәйкес жазалану­шылардың 39 пайызына жүктелген әкім­шілік жаза өте жеңіл.

Біз ұрып-соғуды да Қылмыстық ко­декске енгізгуді ұсындық. Бұл заң қа­был­данғаннан кейін оның орындалуын қадағалауымыз керек. Жалпы қоғамда резонанстық оқиғалар болғаннан кейін қоғамның мәдениетін күшейтуіміз қажет. Жер­гілікті атқарушы билік ор­ганның және мемлекеттік орталық ор­ганның құзы­рет­тілігін заң арқылы қа­­­растырып отыр­­мыз. Мұның барлығы мәселені кешенді түрде шешуге мүм­кіндік береді. Тағы бір үлкен мәселе – әйелді ұрғаннан кейін, яғни анасы таяқ жегенін көрген балаға қа­тысты құқық­тық статус белгі­ленбеген және оған пси­­­­хологиялық көмек көрсету, реаби­лита­циялық бағдар­лама да әзірлен­бе­ген. Біз ұсынып отыр­ған заң жоба­сын­да бұл мәселе қа­рас­тырылған. Жер­­гілікті ат­­қарушы билік орган­да­рынан бөлек, мек­тептегі пси­­­­хо­лог­тардың жұмысын жетілдіру бәрі ке­шенді қарастырыл­ғаннан кейін әйел­­­дің өзі де көмек сұрай алады. Мұн­дағы бірінші мәселе – арыз­данып-шағым­­данғаннан кейін оны аяғы­на де­йін ше­шу, екіншіден, көмек алуға толық қол жеткізу маңызды.

– Ал әйелдердің «ұят болады» немесе «не өзгереді» деген салғырттығынан көп мәселе сотқа жетпейтіні белгілі. Осы тұрғы­да қандай шешімдер қабылдау ке­рек? Әйелдердің өзіне жасалған әлім­жеттіктің қылмыс екенін түсінуі, жасыр­мауы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Әрине, құқықтық сауаттылық, құқтық мәдениет оның ішінде адамның қадір-қасиетін құрметтейтін қоғамдық сана қалыптастыру және жастардың арасында құндылыққа негізделген білім беру, тәрбие беру, моральдық ұстаным бекіту, бұзақылыққа қарсы, заң үстемді­гіне бойұсыну сияқты түсінік болуы керек. Мұның бәрі кешенді түрде жаса­ла­тын жұмыс. Заңды қатаңдату және қатаңдатылған заңның орындалуын қадағалау өзекті. Сондықтан бұл – тағ­дырлы мәселе. Алаш зиялыларының қазақ әйелі­нің ауыр тағдырын шешуге ұмтылған өсиетіне көңіл бөлуіміз және мектептен бастап қыздарымызды ағарту­­шылыққа, білімге үндеуіміз қажет. 

Біз ұсынған заңға қатысты пікірталас көп болады деп ойлаймын. Үкімет мү­шелерінің арасында, қоғамда әртүрлі пікірлер, әртүрлі позициялар болуы мүмкін. Бірақ осыдан 100 жыл бұрын Алаш саяси элитасы да осы проблема­ларға көңіл аударғанын ұмытпағанымыз жөн. Бұл – бүгінгі ер азаматтарымызға, әйелдерімізге тарихи тұрғыдан сабақ. Бүгінгі билік басындағы үкімет мүшелері де өздерінің позициясын білдіру арқылы аза­маттық өресін таны­тады деген ой­дамыз. Бұл мәселеде ешкім бейжай қал­мауы керек. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ