Автономды көліктердің қала көшелерінде жүретін уақыты жақындап келеді. Tesla, Mercedes-Benz, Audi мен Ford, BMW компаниялары адамның басқаруынсыз өздігінен жүретін көліктерін сынауда. Бәсеке өте жоғары
Жүргізушісіз автобустар сынақтан өтіп жатыр
Сынақтан өткізілетін автобус. Фото Milton Keynes City Council сайтынан алынды
2,941
оқылды

BBC News ағылшынның Милтон Кинс қалашығында ерекше қоғамдық көлік сынақтан өткізіліп жатқанын жазды. Жүргізушісі жоқ автобус қоғамдық жолдармен жолаушылар таси бастаған. Британдық сайтқа сілтеме жасаған Aikyn.kz өздігінен жүретін көліктің ерекшеліктерін түсіндіреді.

Фото sportishka.com сайтынан алынды

Ұлыбритания бойынша жүргізушісіз автобустарды, таксилерді және жүк көліктерін дамыту жобаларына 100 миллион доллар көлемінде қаржы тартылған. Бұл жобалардың ішінде Милтон Кинс қалашығының жалпы жолдарында сыналып жатқан автобус та кіреді.

Қоғамдық жолдарда жүріп келе жатқан бұл автобус айналасында 360 градустық толық көрініс жасау үшін бес лидар сенсоры мен жеті камераны пайдаланады.

Автоматтандырылған әрі жүргізушісіз автобус Милтон Кейнсте (Milton Keynes) бірнеше аялдамалар мен жолдарда сынақтан өтуде. Автокөлік жалпыеуропалық зерттеу жобасы аясында арнайы таңдалған жолдармен жүреді. Осындай сынақтар 2023 жылы Чехияда және 2022 жылы кәрі құрлықтың басқа қалаларында да өтті.

Жеткізу роботтары да Милтон Кинсте сыналған. Фото Starship сайтынан алынды

Милтон Кинсте көлік Unity Place, Centre:mk, Театр ауданы мен Вокзал алаңы арасында жүретін болады және автобус 15 жолаушыға дейін тасымалдайтын болады.

Шаттлдың жүру барысын Лондон университеттік колледжінің зерттеу тобы қадағалайды. Зерттеу тобының мүшелері жолаушылардан жүргізушісі жоқ көлік туралы пікірлерін, қосымша қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қандай қызметтер қажет екенін білмекші.

Автобус жолдарда қауіпсіз жүруі үшін лидар сенсорлары мен камераларды пайдаланады, сонымен қатар бортта кез келген уақытта басқаруды өзіне алуға дайын оператор да отырады. Электрлік көлікті Ұлыбританияның көлік технологиясы бойынша маманы Орриго басқаратын болады.

Сынақтан өткізілген тағы бір пилотсыз көлік. Фото Belfast-Harbour сайтынан алынды

Милтон Кинс қалалық кеңесінің мүшесі Дженнифер Уилсон-Марклю: «Қоғамдық жолдардағы автономды көліктерге қатысты бұл маңызды зерттеу бүкіл әлемдегі қалалар үшін үлгі болады», – деп санайды.

Зерттеу аясында МК стадионында жаңа автономды тасымал көлігі де сыналады деп күтілуде. Шағын көлемді бұл көлік қараша айында екі апта бойы стадион аумағында жүк тасымалдайтын болады. Ол адам операторын қажет етпестен тапсырыстарды орындау үшін сыртқы тапсырыс жүйесімен байланыса алады. Осы қалада жүргізушісіз көліктер жалпы қоғамдық жолдарда былтыр сынақтан өткізілген.