Дамыған елдердің «білім көгін» тіреген азулы, атақты оқу орындарын бітіру әлемдегі кез келген қабілетті, өршіл, мақсаткер жастың аңсарлы арманы болса керек.
Шетелдік ғылымға Қазақстан жерұйық бола ала ма?
2,774
оқылды

Бірақ оқу ақысының қымбаттығын, гранттар таланттардың бәріне бірдей жетпейтінін айтпағанда, алдыңғы қатарлы елдерде тұрудың және тамақтанудың өзі қалта қағады. Қазақстан дүниежүзіндегі дарындарға бұл тұйықтан шығудың жолын ұсынбақ. Қазақ елінің дәл қазір іргесін қалап жатқан жаһандық мега-жобасы Study in Kazakhstan деп аталады.

Бұл бастаманың идеясы бір қара­ғанда, қарапайым. Ғаламшарымыздағы атағы жер жарған беделді жоғарғы оқу орындары республикамызда төл филиал­дарын ашады немесе жергілікті универ­­ситеттермен кооперацияланады. Тиі­сінше, олардың диплом-сертификатына ие болу үшін төрткүл дүниенің әр түк­­пірінен талапты жастар Қазақстанға ағылады. Әрине, бәрі айтуға оңай.

Әлемге мәшһүр шетелдік универ­­ситет-колледждердің бөлімшесін еліміз­­­де ашу – күрделі іс. Ал ашылған соң атақ-абыройды сақтап қалу, білім мен ғылым биіктерін бағындыру, кері кетіп тоқырамай, кемелдену кезеңдерін ла­йық­­­ты еңсеру одан да қиын. 

Дегенмен Қазақстан Үкіметі бұл та­ри­­­­­­хи деуге тұратын, шапағаты болашаққа тарайтын, игілігін келер ұрпақ та көретін ірі жобасын ілгерілетуде. Бастапқы нә­ти­­­же жаман емес көрінеді. Осы апта­ның бей­сен­­­­­бі­­­­­сінде, 16 қарашада Мемлекет басшы­­­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдағаны белгілі. Сонда министр жыл соңына дейін елімізде жұмыс істейтін жетекші шетелдік уни­вер­­ситеттер филиал­дарының саны 8-ге жететінін мәлімдеді. 

Ақордадағы қабылдаудың қар­­­­­саңын­да министрі Саясат Нұрбек жоғары білім беруді қайта құру, шетелдік жетекші оқу орындарын елге тарту, қазақстандық және шетелдік шәкірттерге сапалы білім беру мәселелері туралы әңгімеледі. Осы мақ­сатта ғылыми жұмысты жандандыру және қазақстандық университеттерді әлеуметтік-гуманитарлық білім мен мә­де­­ниетті сақтау орталықтарына айнал­дыру жұмыстары жүргізілуде.

– Біздің міндетіміз – Study in Kazakhstan брендін қалыптастыру болады. Осы арқылы әлемдегі білім қуған әрбір жас, ғылым жолына түскен әрбір адам біздің білім беру кеңістігімізге назар аударады. «Мен Қазақстанға барсам, АҚШ, Қытай, Корея, Германияның жетекші жоғары оқу орындарының дипломдарын ала аламын», – деп айтып, соған сенімді бо­луы керек. Біз бүгінде осы бағытта жеке бағдарламаны жүзеге асырып отыр­мыз, – деп мәлімдеді Саясат Нұрбек.

Қазіргі озық әрі биік білімді жасанды зерде (ЖЗ) және цифрландырусыз елес­­тетуге болмайды. Тіпті, осы салалар да­­мы­маған елдерге белді университеттер бар­мақ түгіл, пысқырып қарамайды. Сон­­­­­дықтан министрдің сендіруінше, ЖЗ және білім саласын цифрландыру бағыт­тарында да «үлкен жұмыстар» жүр­гізілуде. 

Оның аясында Қазақстанға шетелдік технологиялар трансферін жүзеге асыра­­тын орталықтар ашылады. Мұндай орта­лықтар Satbayev University, Yessenov University, Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда университетінде және басқа да жоғары оқу орындарында құрылады. Соның арқа­­­­сы­н­да жоғары білім берудің бірың­­­ғай платформасы жұмыс істей бастайды. Осы орайда екі университет – Satbayev University және Шығыс Қазақстан техни­калық университеті цифрлық универси­­теттің пилоттық жобаларын іске қосып та үлгерді. 

Дамуға кедергі бар

Соңғы жылдары Қазақстанда жұмыс істеп тұрған ЖОО-лар саны 122-ден 116-ға дейін азайды. Алайда Energyprom мо­ниторинг агенттігінің сарапшылары анықтағандай, шынында ресми түрде жабылған оқу орындарының саны алтау­­дан көп. Олардың орнын елімізде ашыл­­ған шетелдік ЖОО-лардың филиалдары толтырды.

Мысалы, 2021 жылдың өзінде Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету ко­митеті сегіз жоғары оқу орнының жұ­­мы­­­сын тоқтатқанын хабарлаған еді. Келесі 2022 жылы сот шешімімен тағы үш қазақ­­­стандық ЖОО білім беру лицен­­­зиясынан айырылды. Яғни, шетелдік ғылым ордаларының бөлімшелері құ­рыл­мағанда, мамандар мен ғалымдар даяр­лау саласында жабылып тынған ұйымдардың орны ойсырап қалатын еді.

Мұның сыртында соңғы жылдары білімдар жастардың ілім іздеп, жат жұрт­тарға кетуінің және оқу бітірген соң сон­да қалуының қауіпті үрдісі белең алған еді. Салдарынан, Қазақстан «Еуразиялық экономикалық одақтағы талапкерлері шетелге ең көп кететін мемлекетке» ай­налды. 2021–2022 оқу жылында респуб­­­ликаның 61 мыңнан астам студенті алыс шетелді айтпағанда, ЕАЭО-ның басқа елдерінің университеттеріне түскен. Ре­сей­­дегі шетелдік студенттер арасында қазақ­­стандықтар саны жөнінен бірінші орын алды. 

Бұл асыл адами капиталдың, құнды кадрлық ресурстың шетелге ағып кетіп жат­­қанын білдіреді. Ең дұрысы, қазақ жа­с­­­тары үздік білім мен ғылым қайнарла­ры­нан Қазақстанның өзінде сусында­­­­ғаны маңызды. Бұл ретте дүниежүзінде гео­­­­саяси ахуал қатты ушыққан мына з­аман­да шетелдік ЖОО-да білім алуға ынтық ын­­­талы жастарымыздың тілегі мен қала­уын да өз елімізде қанағаттан­­­дырған абзал. 

Бұрынғы жылдары салада жүргізілген реформалар барысында қателіктерге жол берілгені құпия емес. Сондықтан Мем­­­ле­кет басшысы Білім және ғылым ми­нистр­­лігін жойып, Оқу-ағартудан Жо­ғарғы білім мен ғылымды бөліп алып, жеке отау құрып берді.

«2017–2022 жылдарда меншік түрлері бойынша ЖОО құрылымының күрт өз­геруі жоғары білім беру жүйесінде жүрген трансформацияның салдарларын паш етеді. Көптеген мемлекеттік университет жекеменшікке айналды. Бұл саладағы мемлекеттік мекемелердің үлесі 2017 жылғы 38,5%-дан былтыр 25,9%-ға дейін, абсолютті санда 47-ден 30-ға дейін кеміді. Сондай-ақ шетелдік меншіктегі ЖОО саны 5-тен 2-ге, ал олардың үлесі 4,1%-дан 1,7%-ға дейін құлдырағанын атап өтуге болады», – деп хабарлады Energyprom сарапшылары. 

Сонымен бірге оқу орнын ашудағы бюрократиялық сергелдең де бизнестің адымын аштырмай тұрған көрінеді. Жаңа министрлік осы кемшіліктердің кем-кетігін түзеп, олқылықтардың ор­­­нын толтыруға тырысуда. Министр С.Нұр­­­­бекті қабылдаған Мемлекет басшы­­сы осы тұрғыда да міндеттер жүктеді. 

Саланың «сегіз серісі» негізінен ресейлік

Сарапшылар Қазақстанда шетелдік инвестицияны тарту арқылы жоғары білім саласындағы бизнесті ілгерілету мех­на­ты көп шаруа екенін айтады. Бірін­­­шіден, салынған сол инвестиция ақтал­­мауы мүмкін. Себебі халық саны шағын. Ұлт­­тық статистика бюросының дерегін­ше, мемле­­кеттік меншіктегі ЖОО-лар­дың жиынтық табысы 2022 жылы 3 трил­лион 724,9 млрд теңгені құрапты. Ұлан­ғайыр сома. 

Алайда былтыр олардың шығыны 3 трил­лион 776,7 миллиард теңгеге жет­кен. Ендеше шығысы табысынан асып түскен. Бұл жерде мемлекеттік универ­­ситет­­тердің академиялық автоно­мия алға­­нын, яғни оның ректоры өзі би, өзі қожа екенін ескерген жөн. Тиісінше, түс­кен ақ­­шаны қалай жұмсаймын десе де өз еркі. Олай болса, келген кіріс ұтымды шы­ғын­­далмауы, тіпті жемқорларға жем болуы мүм­­­кін. Коррупция – жоғарғы білім сала­­­­сы­­­ның жағдайын ауырлатқан пробле­­­­маның бірі. 

Қалай болғанда, бұлжымас факт тір­­келді: мемлекеттік ЖОО-лар мемле­кет­­тен трансферт көмек алып отырса да, шы­­­ғынды болып саналады. Мәселен, былтыр қазақстандық ЖОО-лар шетел­дік шәкірттерді оқытудан 486,9 млн тең­­ге та­быс тауыпты. Яғни, бес жылда, 2017 жыл­мен салыстырғанда 22,2%-ға көбейген.

Жекеменшік оқу орындары ше? Олар бір жыл ішінде, 2022 жылы 230,3 мил­лиард теңге табыс тапты. Шығысы 225,6 миллиард теңгеге жеткен. 

Шетелдік ЖОО-лардың табысы әзір­ге 4,2 миллиард теңге ғана болды. Шы­ғысы 3,7 миллиард теңгеге теңелген. Бұл да Ұлт­­­­тық статистика бюросының ресми дерегі. 

Ресейдің Қазақстандағы елшілігі ұсын­ған дерекке сенсек, респуб­лика­мыз­да ресейлік 5 ЖОО бөлімшесі жұмыс істеп жатыр. Бұлар – Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік универси­теті­нің филиалы, «МИФИ» Ұлттық ядро­лық зерттеу университетінің алматылық филиалы, Челябі мемлекеттік универси­­тетінің қостанайлық филиалы, Санкт-Петербор Гуманитарлық кәсіп­одақ университетінің алматылық филиалы және Байқоңыр қаласындағы «Восход» Мәскеу авиациялық институтының филиалы. Айтпақшы, соңғысы – Бай­қоңыр қаласындағы жалғыз жоғарғы оқу орны. Қазақстандық осы шаһарды ғарыш­тық кешенмен бірге 2050 жылға дейін жалға алған Ресей қалаға өзге шетелдік түгіл, қазақстандық ЖОО-лар­ды жібермепті.

Алыс шетелге келсек, биыл Қ.Жұба­­­нов атындағы Ақтөбе облыстық универ­­ситетінің жанынан Шотлан­­дияның Хериот-Уатт университетінің филиалы ашылып, үш инженерлік білім беру бағ­дарламасы бойынша студенттерді қа­былдай бастады. 

Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ ба­засында Аризона университеті маман­дар даярлауға кірісті. 

Ақтауда 2023 жылы Ш.Есенов атын­дағы Каспий технологиялар және ин­жини­­ринг университетінің базасында Қазақстан-Неміс тұрақты инженерлік институтының филиалы тұсауын кесті. Яғни, ресейліктерді қосқанда, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының саны қазірден 8-ге жетті.

Алда қандай ғылым ордалары ашылады?

Әлихан Бөкейхан университетінде София Техникалық университетінің филиалы ашылып жатыр. СТУ – Бол­­гария­ның ең ірі оқу орындарының бірі. Еуроодақтағы үздік техникалық универ­ситеттер қатарына кіреді. Виртуалды ин­же­­­нерия, энерготиімділік, жаңғыра­тын энергетика, экологиялық инжини­ринг, машина жасау дизайны, IT техно­­­ло­гия­лар салаларында мамандар даяр­­­­­­­­­­­­лайтын іргелі университеттердің бірі. 

Бұл университеттің филиалын ашу арқасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы Абай облысына жасаған іссапары барысында берген «Семей қаласында еуропалық жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасы» жүзеге асырылады. Фи­­лиал­­­­­да Қазақстандағы жаңа мамандық­­тар атласы негізінде әзірленген «Жасан­­­ды интеллект инженериясы және блок­­­­­­­чейн» бірлескен білім беру бағдарл­амасы бойынша мамандар даярланады. Білім алушыларды қабылдау келесі оқу жылынан басталады. Сонымен қатар магистратураның бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша да мамандар даярлау көзделіп отыр.

Қызылордада, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеултех Жасанды интеллект және ин­­форма­­­­тика жоғары мектебі ашылып жа­тыр. Бұл бастама Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың 3 ЖОО базасында жа­сан­ды зерде саласындағы кадрлар даяр­­­­­­­лау және осы салада зерттеу жүргі­зетін орталықтар ашу тапсырмасын орындауға бағытталған.

Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында кадрлар даярлайтын болады. Студенттер Сеултехпен бірлескен бағ­дар­­­­­­ламалар бойынша білім алады, бұл әлемдік IT технологияларға қолжетім­­­ділікті қамтамасыз етеді. Жоба аясында оқу орны Кореяның заманауи зертхана­лық құрылғыларымен жабдықталады, ал студенттер бірнеше тілді меңгеріп, орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім алады.

Қызықты дерек бар. Сеулдің Ұлттық ғылым және технологиялар универси­теті – Кореяда 1910 жылы негізі қаланған ұлттық университет. Ал оның елімізде филиалын ашуына бір оқиға септесіпті: СеулТех Жоғары мектебінің құрылуына Қызылордада өмір сүрген Кореяның ұлттық батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы ықпал етті.

Бұдан басқа, таяуда, 19 қазанда Aman­zholov University базасында Ита­­­­лия­ның Генуя университетінің филиа­­­лын ашу туралы келісімге қол қойылды. Құжат қос дипломды білім беруді дамы­­туды, бірлескен халықаралық жобалар­ды, гранттар санын ұлғайтуды, студент­тер мен профессор-оқытушылар құ­­­­­ра­­мы­­­­­­мен өзара алмасуды қарастырады. Серіктестік аясында жаңа қос дипломды бірнеше білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда. Атап айтқанда, «Жаһандық экономика», «Туризм», «Ин­клюзивті білім беру» мамандықтары.

Айта кетейік, жоғары оқу орында­­­рының серіктестігі инклюзивті және түзе­­­ту педагогикасын дамытуға бағыт­талған. Бұл үздік еуропалық тәжірибе­­­лерді қолданып, Қазақстанға кәсіби кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Келіссөз барысында тараптар С.Аман­­­жо­­­лов атындағы ШҚУ базасында қазақ­стандық-италиялық мәдени орталық ашу жа­йын талқылады. Орталықты 2024 жылдың көктемінде ашу жоспар­ланып отыр.

Жетісуда Италия университетінің филиалы ашылады. Осы мақсатта биыл­ғы 12 қазанда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Марке политех­никалық университетінің филиалын ашу туралы меморандумына қол қойылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елі­­мізде техникалық мамандардың тап­шы еке­­нін және бұл бағытқа үкімет тара­пы­­нан ерекше көңіл бөлінуі керегін жиі айтады. Осы орайда өңірді білікті техни­калық мамандармен қамтамасыз ету үшін шетелдік озық оқу орындарымен тәжірибе алмасу маңызды.

Қорыта айтқанда, қазақстандық жо­­ғарғы білім ұзақ жылғы дағдарыс тығы­­­­­рығынан шығып, жаңа даму белесіне бет қой­­­­ғаны байқалады. Ал ол биік белес ба­­­ғынуы үшін шетелдік беделді оқу орын­­дарының бөлімшелері ашылып қа­на қоймай, өз асқар асуларын алғаны абзал.

Айхан ШӘРІП