Елімізде қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтар, қоқыс полигондарынан шығатын жағымсыз иіс пен бөлінетін улы газ мәселесі әлі күнге өзектілігін жой­май келеді.
Қоқыс – қордалы мәселе
2,461
оқылды

Оның ішінде қал­дықтардың жинақталып қалуы және стихиялық қоқыстардың пайда болуы экологиялық проблемалардың біріне айналып отыр. Қазақстанда 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қал­дықтар пайда болады екен. Бұл өз кезегінде табиғатты ластап, эко­ло­­­гияға да кері әсерін тигізері сөзсіз. Осы ретте, экологтар мен экобел­сен­ділердің жанайқайы да жиі естіліп жа­тады. Оған қоса заңсыз қоқыс үйін­­ділері әлі күнге азаяр емес. Осын­­дай заңсыз қоқыс үйінділерін анық­тау барысында 2018 жылдан бері Экология министрлігі «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясымен бірігіп жұмыс істеп келеді. Компания қал­дықтарды орналастыру орын­дарының ғарыштық мониторингін елді мекендер аумағында мамырдан қыркүйектің соңына дейін жүргізеді. Жуырда «Ғарыш Сапары Ұлттық ком­паниясы» АҚ ғарыштық мониторинг деректеріне жаңа ақпараттарды жария етті.   

Мониторинг деректеріне сәйкес, осы жылдың 7 қарашадағы жағдай бойынша, 5 578 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталған. Бүгінде олардың 3 831-і немесе 70% - ы жойылған.  Жалпы, алғанда соңғы үш жылда анықталған, рұқсат етілмеген полигондар санының төмендеу үрдісі байқалды. Мәселен, 2020 жылы – 8 884 жойылған 5 823 үйінді, 2021 жылы – 7 328, жойылған 6 740 үйінді, 2022 жылы – 5 683 жойылған 4 331 үйінді жойылыпты. Со­нымен қатар бұл ретте, заңсыздықтар да етек алып өткенін айта кеткен жөн. Эколо­гия, полиция департаменттері мен жер­гілікті атқарушы органдардың қатысуымен қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың жолын кесу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген екен. Қалдықтарды ор­наластырудың рұқсат етілмеген орын­дарын түгендеу және анықтау бойынша 4 632 бірлескен рейдтік іс-шаралар өткі­зілсе, нәтижесінде экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жалпы сомасы 16,4 млн теңгеге 149 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Заң солқылдақ па?

Сондай-ақ жуырда ғана Премьер-Ми­нистрі Әлихан Смайыловтың төрағалы­ғымен өткен Үкімет отырысында стихия­лық қоқыстарды жою шаралары қаралған еді. Жиында Премьер-Министр қалдық­тарды басқару саласында атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті. Ол қазіргі заманғы қоқыс өңдеу зауыт­тарын іске қосу жоспарлары әлі іске асы­рыл­мағанын және ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі екенін айтты. Сондай-ақ әкім­шілік айыппұл салу жағдайды жақ­сартпай отырған көрінеді. Яғни, қоқысты полигонға апарып тастағаннан гөрі, айып­пұл төлей салған тиімді болып тұр. Мұндай тәсілді өзгерту керегін алдыға тартқан  Әлихан Смайылов қалдықтармен жұмыс істеудің және оны кәдеге жаратудың нақты жүйесін қалыптастыру қажетін атап өтті.

Ал қолданыстағы шаралардың нәтиже бермей жатқанын айтқан Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысан­баев қалдықтарды рұқсатсыз төгуді қай­талап жасаған азаматтардың көлік құрал­дарын тәркілеуді ұсынды. Сол үшін де ІІМ мен ЭТРМ бірлесіп Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабы аясында жауапкершілікке тарту бойынша ішкі істер органдары құзыретін кеңейту бөлігіне түзетулер енгізу туралы мәселені қарастыруды ұсынып отыр. Өйткені қазір рейд іс-шаралары оң әсер көрсетпеген, себебі Ішкі істер органдары абаттандыру қа­ғидаларын бұзушыларды ӘҚБК 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкер­шілікке тартады. Бұл ретте жеке тұлғаларға 20 АЕК (69 мың теңге), қайталап жасалса 30 АЕК (103 мың теңге) айыппұл көзделген. Ал заңды тұлғалар үшін 200 АЕК құрайды. Бұл дегеніміз жарты миллион теңге. Алайда қоқысын көрінген жерге төгіп жатқан ірі компаниялар бұл айыппұлдан сескеніп тұрған жоқ. Айыппұл төлей салып, заңсыз әрекетін жалғастыра бермек.

Сондай-ақ қалдықтарды рұқсатсыз көбейтуге байланысты жеке жауапкершілік қарастырылмаған және осы бапта қарас­тырылған айыппұл көлемдері аз әрі құқық бұзушылардың санасының өзгеруіне әсер етпейтін көрінеді. Сонымен қатар қолда­ныстағы әкімшілік нормалар қайталап жа­салған бұзушылық үшін жазалауды қа­рас­тырмайды екен.

Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқар­масы қоршаған ортаны қорғау және қал­дықтарды басқару бөлімінің жетекшісі Айдар Рашидтің айтуынша, қалдықтарды басқару тұрғысынан біз көптеген дамыған елден қалып қойғанбыз. Атап айтқанда, нормативтік базаның жетілмегені, нақты ережелердің, іс-әрекеттер шешімінің, әрбір қалдыққа қатысты тетіктердің жоғы қын­жылтады. 

«Мәселен, тартылған темекінің қалды­ғын жерге тастаған адам  Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы бойынша (ұсақ бұзақылық) жауапкершілікке тар­тылады. Ол адамға жаза ретінде 5 АЕК көлемінде (17 250 теңге) айыппұл салынады, не болмаса 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша қа­лалар мен елді мекендерді абаттандыру ере­желерін бұзғаны үшін, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын құлатқаны үшін, қалалардың жасыл желегін жойғаны және бүлдіргені үшін алғашында ескерту жасалады, 1 жыл ішінде осындай әрекет қайталанса, 30-дан 300 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Мұны әр азамат білуі керек. Жыл сайын біз орташа есеппен 14 мың заң бұзушыны анықтаймыз, оларға шамамен 130 млн теңге айыппұл саламыз. Бірақ бұл сома табиғатқа келген зиянның, бюджеттен бөлініп жатқан шығындардың орнын толтырмайды. 

Астана әкімдігі соңғы 2 жылда экология заңнамасын бұзған жандарға жазаны қатайту жөнінде құзыретті мемлекеттік органдарға бірнеше рет ұсыныс жіберген. Мәселен, бейберекет күл-қоқыс төгетін орындарды көбейткендерге техникалық құралын тәркілеу, 6 айдан 12 айға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдардың көлемін 10 есеге дейін, яғни 100 АЕК-тен (306 300 теңге) 1 000 АЕК-ке (306 3000 теңгеге) дейін ескертусіз арттыру туралы ұсыныс берілген. Алайда құзырлы органдар бұл бағыттағы ұсыныстарға ешқандай да қолдау білдірмей, тиісті іс-шаралар қабылданбаған», – дейді Айдар Рашид.

Қоқыс орындары толығымен жойылмаған

Үкімет отырысында Экология және та­биғи ресурстар министрі Ерлан Нұра­лыұлы ғарыштық мониторинг мәліметтері бойынша 2022 жылы анықталған заңсыз қоқыс орындары толығымен жойылмаға­нын, қоқыстардың жойылған бөлігі 77%-ды құрайтынын айтты. Айтуынша, қоқыс орындарының ең көп саны Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласында анықталған, Ақмола облысы бойынша – 830 (оның 88% жойылды), Қарағанды облысында– 745 (оның 99% жойылды). Қоқыс орындарын жою жұмыстары Абай (10 %), Ұлытау (15 %) облыстарында және Астана қаласында нашар жүргізіліп отыр.

Сондай-ақ қоқыстарды жою бойынша Абай және Маңғыстау облыстарында – 16%, Ұлытау облысында – 20%, Астана қаласында – 30%-ды құрады, аталған елді мекендерде жұмыс деңгейінің төмен екені байқалды. Өткен бейсенбіде жою деңгейі 44%-ды (2 475 нысан) құрап, қысқа мер­зімде  (3 күн) 330-ға (6%) жуық заңсыз қоқыстар жойылған. 

Ведомство өкілдерінің пікірінше, бү­гінде GPS датчиктердің көмегімен қоқыс шығаратын техниканың қозғалысын ба­қылаудың ақпараттық жүйесі сынақтан өтуде. Келесі жылы оны өнеркәсіптік пай­далануға беру жоспарланып отырған көрі­неді. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша пилоттық жоба іске асырылып, соның ар­қасында нақты уақыт режимінде 42 қоқыс шығаратын көліктің қалдықтарды жинау орнынан оны қоқыс алаңына апарғанға дейінгі қозғалысын бақылауға болады екен.

 «Бүгінде ғарыштық мониторинг қамту алаңы 39 елді мекенді қамтиды, бұл ел деңгейіндегі бейберекет қоқыс бойынша толық жағдайды көрсетпейді. Сондықтан 2024 жылы ғарыштық мониторингті қол­дану арқылы елді мекендерді қамту алқабын ұлғайту мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Е-құрылыс» жүйесі арқылы бақылау жолымен  құрылыс қалдықтарының қозғалысын қадағалауды күшейту содан соң осы жүйені Экология министрлігінің қоқыс тасушы көліктерді бақылау бойын­ша, ақпараттық жүйесімен біріктіре­міз», – дейді министр.

Сонымен бірге министр құрылыс қал­дықтарын қайта пайдалану бойынша ұлт­тық стандарттарды әзірлеуді ұсынды. Құрылыс қалдықтарын қайта пайдаланудың фундаменталды ғылыми-техникалық не­гізін дамыту арқылы циркулярлық эко­номиканы енгізу және осыған сәйкес ма­териалдық ресурстарды сақтау әлемдік тәжірибе екенін алға тартқан министр, осыған байланысты қалдықтарды, оның ішінде тауарды (өнімді) шығару  кезінде пайдалану бойынша тиісті ұлттық стан­дарттарды әзірлеу қажет екенін айтады. 

«Министрлік тиісті дәрежеде жұмыс атқармай отыр»

Осы ретте, біз экологияға байланысты өзінің батыл ойларын айтып жүрген «Тәжірибеші экологтар қауымдастығының» төрайымы Лаура Мәлікова хабарласқан едік. Оның айтуынша, жалпы тұрмыстық қалдықтардың шешімдері 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Экологиялық кодексте нақты-нақты қарастырылған. 

«Мәселен, әрбір елді мекендердің халық саны өсімін есептей отырып және ерекшеліктеріне байланысты типтік жо­бадағы бірнеше үлгіде полигон жобаларын жасап, әрбір елді мекенге үйлестіру қажет. Сонымен қатар бюджетке байланысты жаңа Экологиялық кодекстің аясында қоршаған ортаны ластағаны үшін түскен салық 100 пайыз мөлшерінде ғана эколо­гия­лық мәселелерге жұмсалуы қажет деген бап бар. Сол баптың аясында облыс әкім­шіліктері қоршаған ортаны қорғау жоспары құжатын дайындайды. Сол арқылы контей­нерлер сатып алу, қалдықтарды сұрыптау құрылғыларын салуға болады. Осы ретте, қалдықтарды өңдейтін зауыттарға қатысты айтар болсам, біздің елімізде бірнеше кәсіпорын бар. Мәселен, коммуналдық қалдықтарды Шымкентте, картон қағазда­рын Алматыда өңдейтін зауыттар бар. Сонымен қатар май, аккумулятор, химия­лық заттарды, электроникалық қалдық­тарды өңдейтін зауыттар да баршылық. 

Қаңтар оқиғасынан кейінгі өндіруші­лердің кеңейтілген жауапкершілігіне (РОП) қатысты саяси тартыстардың кесірі­нен қалдық өңдеушілер мен жинаушылар зар­дап шекті. Сондағы жұмысшылар 2 жыл­­­дан бері өздеріне тиісті ақысын ала ал­­май отыр. Көптеген кішігірім компания бан­­кроттық жариялады. Атап айтсақ, 100-ге жуық компания банкрот болды. Соның әсе­­рінен жұмысшылар тапшылығы сезілуде. 

Заңсыздықтарға келетін болсақ, қалдық жинаушы, өңдеуші компаниялар жаңа Экологиялық кодексте GPS навигаторын орнатуы керек. Оны өз кезегінде  Экология және табиғи ресурстар министрлігі жіті қадағалауы керек. Дегенмен министрлік бұл тұрғыда осалдық танытып отыр. Бұл мәселеге қатысты барлық шешім тиісті заң­да көрсетілген, тек оны өз кезегінде орындау қажет. Бұл тұрғыда ведомство тиісті дәрежеде жұмыс атқармай отыр. Барлық мәселе осында. Сонда ғана біз бұл мәселені бақылауда ұстай аламыз. Заңсыз қоқыс үйінділері болмайды», – дейді ол.   

Ал танымал эколог  Мелс Елеусізов қоқыс мәселесін өзінше шешудің бірнеше жолдарын ұсынғанын, бірақ Үкімет тара­пынан қолдау таппай отырғанын айтады. Тіпті, осыған қатысты бірнеше жоба ұсынып, екі патент иемденгенін атап өтті. 

«Бүгінде тұрмыстық қалдықтар тек елімізде ғана емес, әлемде үлкен мәселеге айналып отыр. Соның кесірінен мұхиттарда қоқыстардан аралдар пайда болды. Мұз­дықтар еріп, ол аралдардың көлемі Фран­цияның көлеміндей. Ол өз кезегінде, жалпы табиғаттың апатына алып келеді. Тұрмыстық қатты қалдықтардың құрамы­на тағам қалдықтары, қағаз, металл сынық­тары, резеңке, шыны, ағаш, мата және пластик, синтетикалық қалдықтар кіреді. Атмосфералық тұнбалар, күн жылуы, қоқыстардың өрт салдарынан еруі тұр­мыстық қатты қалдықтар полигондарында физика-химиялық және биохимиялық үрдістердің жү-руіне әсерін тигізеді. Яғни, қалдықтарды сақтағанда сұйық, қатты және газ тәрізді көптеген улы химикат пайда болады. Бұл биосфераға және адамзат өміріне үлкен қауіп төндіреді, қоқыстардың қоршаған ортаға биогендік әсерінің нәтижесінде жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар үлкен қашықтықтарға тарайды. Сондай-ақ мамандардың айтуынша, сұйық өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар топырақ және өсімдік қабатын, жер асты суларын улы заттармен жоғары деңгейде концентрациялайды. Сол себепті қоршаған ортадағы қоқыстарды қадағалау, оның заңға сай белгіленген орындарға төгілуі мен тазалануын ұйымдастыру жұмыстары аса маңызды. Пластмасса 200 жылға жуық ыдырайтыны белгілі. Пластмассалар жерге түскеннен кейін ұсақ бөлшектерге ыды­райды және өндіріс кезінде оларға қосылған химиялық заттарды қоршаған ортаға шы­ғара бастайды. Бұл хлор, әртүрлі химиялық заттар, мысалы, улы немесе канцерогенді жалынға қарсы заттар болуы мүмкін.

Сондықтан әлем экологтары бұл мә­селеге қатты назар аударып, дамыған мемлекеттер нақты қадамдарға барып отыр. Бұл ретте, біздің мемлекетіміз кенже қалып отырғаны қынжылтады. Мәселен, мен кезінде пилоттық жоба ретінде қаладағы қоқыс тастайтын орындардың бірін шағын кәсіпорынға айналдырдым. Бұл жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан еді. Сол жобам әкім-қаралардың араласуымен тоқ­тап қалды. Осындай қоғамға, табиғатқа пайдалы дүниелерді қолдаудың орынына біз оның жолын кесеміз», – дейді ол. 

Мегаполистердегі ахуал қалай?

Мамандар тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған полигондардың көпшілігі санитариялық талапқа сәйкес келе бермей­тінін айтып, дабыл қағуда. Сарапшылардың пікірінше, елорданың тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны ғана тиісті талаптар­мен жұмыс істейді екен. 2015 жылы бас шаһар тұрмыстық қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін жасауға ден қоя бастаған. Бұл дегеніміз қоқыстарды жинау мен өң­деудің заманауи тәсілдері деген сөз. Яғни, қала билігі осы саладағы жаңа әдіс­терді енгізуді қолға алды. Соның бір кө­рінісі – қоқыстарды бөлек-бөлек жинау үрдісі.  Оның алғашқысы электр үнемдегіш жа­рық­шамдарды арнайы сарғыш кон­тей­нерлерге тастаудан басталған еді. Соның нәтижесінде, миллиондаған диодты шам кәдеге жаратылған екен. Содан кейін қо­қыстарды құрамына қарай бөлек жинақтау үрдісін тәжірибеге енгізді.

Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқар­масы бірнеше бағытта жұмыс жүргізеді. Соның бірі – рұқсатсыз күл-қоқыс төгілетін орындардың санын азайту. «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы ғарыш мо­ниторингінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың 30 қазанына дейінгі ахуалды алып қарасақ, Астана аумағында 338 бейберекет қоқыс шашылған учаске анықталған. Соның ішінде үшеуі рұқсат етілген орын болып шыққан. Қазір Астана қалалық әкімдігіне қарайтын аудандар 338 учаскенің 190-ын жойып, оларда жинақталған 102 мың тонна тұрмыс қалдықтарын тиісті қоқыс төгетін орындарға тасымалдаған.

Биылғы 30 қазандағы ахуал бойынша айтатын болсақ, Алматы ауданында 62 бейберекет қоқыс төгілген учаске анық­талса, соның ішінде 58-і жойылды, оларда жиналған 16 300 тонна қалдықты тиісті жерлерге тасылған. Байқоңыр ауданында 46 учаске анықталса, соның ішінде 44-і жойылды, 8 058 тонна қалдықты қоқыс үйі­летін жерлерге апарылған. Есіл ауда­нында 84 учаске анықталып, соның ішінде 36-сы жойылған. 35 мың тонна қоқыс тиісті жерге тасылды. Нұра ауданында ең көп қоқыс төгілген жер бар, олардың саны – 123 учаске. Бүгінге дейін 31 учаске жойыл­ды, олардан 24 100 тонна қоқыс тасып шығарылыпты. 

Ал Алматы қаласы бойынша ахуалды білмек болып Алматы қаласы бойынша Экология де­партаментінің бас маманы Нұржан Бө­лек­баевқа хабарласқанымызда ол 2023 жылдың 10 қарашадағы жағдайы бойынша «Қазақ­стан Ғарыш Сапары «ҰК» АҚ-нің геосерви­сі­нің деректеріне сәйкес Алматы қаласы­ның аумағында 12 рұқсат етілмеген қалдық­тар орны тіркелгенін атап өтті. 12 қоқыс орын­­дарының 12-і жойылып, қоқыс орын­дары геопортал базасына енгізілген екен.

«2023 жылы ӘҚБК 344-бабы бо­йынша өндіріс және тұтыну қалдықтарын есепке алу, кәдеге жарату және залал­сыздан­дыру ережелерін бұзғаны үшін Алматы қаласы Алатау, Жетісу, Медеу ау­дандарының аппараттарын көріктендіру бөлімдерінің басшыларына әр қайсысына 172 500 теңге сомасында айыппұл салынды. Сонымен қатар департаментпен 2020 жылы Алматы қаласы бойынша экология­лық жағдай­ларды бақылауда ұстау және тез арада жою үшін «WhatsApp» мессенджер арқылы «Алматы Эко Чат» құрылған. Аталған чатқа Экологиялық реттеу және бақылау коми­тетінің өкілдері, Алматы қаласының про­куратурасы, Полиция де­партаменті, Алма­ты қаласы мен ау­дандары әкімдерінің ап­па­раттары, қала мәсли­хатының депутат­тары, басқа да мемле­кеттік органдар, сондай-ақ қоғам белсен­ділері қосылған.

Мониторинг барысында Экология департаментінің мамандары бей-берекет қоқыстарды, төгінділерді және басқа да экологиялық бұзушылықтарды анықтаған кезде Алматы қаласы аудандар әкімі ап­параттары мен басқармалары жедел әрекет үшін чатқа фото және видео жіберледі. Сондай ақ бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс шығару үшін Алматы қаласының прокуратурасына хаттар жолданды. 

Алматы қаласының аумағында эколо­гиялық заң бұзушылықтарды уақтылы анықтап және жою жұмыстары тұрақты департаменттің бақылауында тұрады.

Алматы қаласында ТҚҚ-ды жинау, шығарумен 25 ұйым қызмет көрсетіп 100% қамтылған және оған барлығы 237 арнайы техника жұмылдырылған.  

Алматы қаласынан биыл 9 айда 374 489 тонна коммуналдық қоқыс жи­налып Алматы облысында ор­наласқан полигондарға және СК-не шығарылды, оның ішінде қайта өңделген көлемі 24 663 тоннаны, яғни 12%-ды  құрайды. Бұл көрсеткіш 2016 жылдан бері 2,6%-дан қазіргі 17%-ға дейін сапалық өсім бай­қал­ғанын ескерсек, осы көрсеткіштің өзі жаман емес. Әлемдік орташа көрсеткіш кем дегенде 70% болса талпынатын нәрсе бар. Қатты тұрмыстық қалдықтардың бар­лығын қайта өңдеу мүмкін емес, сондықтан олар­дың кейбіреулері, яғни 30-дан 50%-ға дейін соңғы технологияны қолдану арқылы кәдеге жаратылады. Келешекте Алматы қаласы аумағында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40%-ға дейін арттыру керек» – дейді ол.

 

ТҮЙІН:

Қазір әлемде 50 жыл бұрынғыдан 20 есе көп пластик өндіріледі. Пластик қалдықтар коммуналдық қалдықтардың 40 пайызын құрайды. Бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтар, сөмкелер, қаптамалар, бөтелкелер және әртүрлі контейнерлер – біз күнделікті «шығаратын» пластик қалдықтардың ең көп таралған түрі. Оның көлемінің тек бес пайызы ғана қайта өңделеді және күнделікті өмірде қайта пайдаланылады.

Шетелдерде тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтарымен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуропа елдеріне қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Швеция елі тұрмыстық қалдықтардың 99%-ын қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Жағдайды жақсарту үшін әлемнің көптеген елі қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасап жатыр. Мысалы, шетелде экология заңын бұзу әрекеті үшін үлкен көлемде айыппұл салады. Егер оның іс-әрекеті қайталанса, қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін шара қолданады. Осындай тәжірибе АҚШ, Жапония, Сингапур, Ирландия, Аустралия елдерінде бар. 

Жалпы, кеңестік кезеңнен бастап ел аумағындағы қоқыс алаңдарында тұрмыстық қалдықтар көптеп жинала бастаған. Мұндай зиянды қалдықтарды жерге көму әдісі жүргізілгенімен, ол да тиімсіз болып шыққандай. Ақыры 2019 жылы Қазақстанда пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз жерге көмуге тыйым салынды. Сол жылы ресми дерек бойынша, елімізде қоқыс өңдеу ісі 3 пайызға артқан екен. 

Қазақстан әлем елдері бойынша ауаның ластану көрсеткішінде бесінші орында екен. АҚШ, Қытай, Ресейден кейінгі орынға жайғасқан қазақ елінде халық та, өнеркәсіп орындары да көп емес. Заңсыз ашылып кеткен қоқыс полигонының салдарынан қоршаған ортаға және халық денсаулығына орны толмас зиян келтіріліп, бюджет шығынына әкеліп соғуда. Кездейсоқ қоқыс орындарын жоюға жергілікті атқарушы органдар 2021 жылы 1 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын бөлді (2020 жылы – 1, 482 млрд теңге, 2019 жылы–  1, 332 млрд теңге). Мемлекет жыл сайын бейберекет күл-қоқыс төгілетін орындарды жоюға 400 млн-нан аса қаражат жұмсайды екен. 

Эколог-мамандардың пікірінше, жылына шығарылатын қоқысты қайта өңдеу арқылы 500 мың тоннаға жуық қағаз бен картон, 300 мың тонна шыны, 200 мың тонна металл, 500 мың тонна пластмасса алуға болады екен. Дүниежүзі мемлекеттері қатты қалдықтардан қайталама шикізат өңдеуге ерекше мән беріп отырғаны сондықтан. Осындай қоқыстың өзін пайдалы іске жұмсауға болатын болса, ендігі кезекте біздің елімізде осынау игілікті жұмысқа бел шеше кіріскеніміз абзал секілді. 

Наурызбек САРША