Бүгінде көшеде кетіп бара жатқан кез келген жанның қолынан құтыға құйылған түрлі шырынды көресің. Тіпті, үйде де, мейрамханалар мен асханаларда да шырынсыз мәзірдің мәнісі болмайтыны тағы бар.
Шырынның жақсысы бар, жаманы бар...
872
оқылды

Шырын – жеміс пен көкөністі сыққанда шығатын су. Бұл өнім­нің жер бетінде пайда болуы хақында ежелгі грек жазбаларында айты­лады. Қытайдың көне дерек­терінде де шырын­нан жасалған шараптар туралы ақпарат жиі кездеседі екен. Яғни, сол кездің өзінде адамдар түрлі жемісті теріп алып, оны өңдеп, сусын және дәрі ретінде пайдаланған. Осы тұжы­рымның растығы кейін медицина дамыған кезде белгілі болды. 

Шырынның құрамы А, В, С, Р, В1, Е дәрумендеріне бай. Сонымен бірге кальций, темір, мырыш, калий сынды минералды заттар тағы бар. Адам ағзасына аса қажетті мұндай элемент­тердің жетіспеушілігінен жер бетін мекендеуші қауымның 65%-ы түрлі сырқатпен дәрігерлерге жүгінеді екен. 

Алайда соңғы жылдары техно­логияның қарыштап дамуы салдарынан түрлі жолмен жасалатын жасанды шырын қаптап кетті. Дүкен сөрелерінде қызылды-жасылды құтыға құйылған шырындарды көргенде еріксіз қолыңды созып, сатып аласың. Бірақ дүкен сөрелеріндегі шырындар өте ұзақ мерзім бойына сақталады. Ең өкініштісі сол, оның қандай жолмен сақталып тұратыны ешкімнің қаперіне де кірмейді екен.

«Дүкен сөрелерінде тұрған шырын­ның сақтау мерзімі қанша ұзақ болса, оның сапасы да сондай төмен деп айтуға болады. Шырынды таза жемістен өндіріп алған күннің өзінде оның ашып не бүлініп кетпеуі үшін арнайы консер­ванттар қосылады. Міне, осы консер­вант­тардың адам ағзасына зиян екенін ескеру керек. Бұл денедегі минералдарды шайып жіберетін қасиетке ие», – дейді технолог Гүлжан Меңдібайқызы. Бұл туралы белгілі ғалым, қазақстандық гигиенист, профессор Төрегелді Шарманов та жиі айтады. 

Дүкенге барсаңыз, сөрелерде сан алуан түрге бөленіп тұратын шырынның көбі өзге елдерден импортталып келетінін байқайсыз. 100 келі алмадан 50 литрге дейін шырын алуға болады екен. Әрине, бұл алманың сортына да байланысты. Көбіне жеміс шырынын шығаруды көздейтін шаруашылықта шырынды алмалар сортын өсіруге бейім келеді. Жалпы, кез келген саланың өзіндік бағыты бар болғандықтан, биз­нес икеміне бейімделіп отыратыны тағы бар. 

«Еліміздегі дүкендердің көбіне шырындар шетелдерден келетінін білеміз. Ал шетелдік өнімнің сапасы туралы ешкім нақты мәлімет бермейді. Тұтынушы ретінде қорап пен құты сыртындағы жазбаға сенеміз. Заң талабы бойынша барлығы көрсетілген. Дегенмен мұндай шырындар көп жағдайда түрлі дәмдеуіш пен сан алуан қышқылды суға араластыру арқылы жасалады. Негізінен, отандық өнімді пайдаланған дұрыс. Көбіне сыртынан барлығы анық көрініп тұратын әйнек банкаларға құйылғандарын пайдаланған жөн. Мұн­дай шырындар Алматы мен Түркіс­танда шығарылып жатыр», – дейді Азық түлік және қайта өңдеу өндірісі саласының маманы Гүлмира Ғалымқызы. 

Ал «Халал Даму» ЖШС бас технолог маманы Айжан Омарова ешқандай қос­пасыз дайындалған шырын қаптама­сында мүлдем қоспалар жазылмауы керек екенін айтады. 

«Қазір Қазақстан нарығында шырындардың үш түрі кездеседі. Олар қалпына келтірілген немесе шырын деңгейінде жасалған 97%, пастерленген 2% және жаңа сығылған шырындар үлесі 1% ғана. Көріп тұрғанымыздай, сандар көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылық бар. Жаңа сығылған шырын  көбіне мейрамханаларда «фреш» деген атаумен сатылатын, көз алдыңызда жеміс-жидек, көкөністі сығу арқылы дайындалатын, қоспасыз табиғи сусын. Олардың сақталу мерзімі – 24 сағат. Пастерленген шырын дегеніміз – пастеризациядан өткен жеміс-жидектерді жоғары температурада өңдеу арқылы дайындалған шырын. Ал біз күнделікті дүкен сөрелерінен алып жүрген шырынымыз – концентратты сумен араластыру арқылы дайындалған, қалпына келтірілген шырын. Қайта қалпына келтірілген шырынның құрамында 1-10% дейін ғана табиғи шырын болады. Қалған 90%-ы – су және қоспалар. Концентраттың сақталу мерзімінің ұзақтығы және шетелдерден жеңіл тасымалданатыны, бағасының сапасына сәйкестігі шырынның осы түрінің кең тарау себептерінің бірі десек те болады», – дейді «Халал Даму» ЖШС бас технолог маманы Айжан Омарова. 

Мамандардың мәлметінше, кез келген шырынның құрамындағы қант мөлшері едәуір көп болғандықтан, молынан пайдаланған адамды қант диабетіне шалдықтыруы мүмкін. Жасанды шырындар табиғи жемістермен теңесе алмайды. Сондықтан да олардың құрамында ешқандай да дәрумендер сақталмаған. Жалпы, дүкен сөрелеріндегі шырындарды күнделікті тұтыну денсаулыққа кері әсерін тигізері анық. Сонымен бірге бұл сусындардың құрамында биологиялық белсенді заттың көп болуына байланысты ол ағзаға тез тарап кетеді. Салдарынан адам шамадан тыс семіре бастайды екен. Дәрігер Гүлнар Тұрданованың айтуынша, кез келген табиғи шырынның өзі балаға кері әсер етеді. Өйткені шырын жас баланы семіздік дертіне шалдықтырумен қатар тістегі эмальды жойып, тістің өздігінен үгіліп кетуіне әкеліп соғады екен. Бұл дегеніміз кез келген тағамды немесе сусынды көп мөлшерде тұтыну адам ағзасына зиян екенін айқындап тұр. 

Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, биыл еліміз бойынша ең көп шырын көлемі Алматы облысында (27,9 млн литр), одан кейін Алматы қаласы (4,7 млн литр) және Түркістан облысында (1,3 млн литр) өндірілген.

2022 жылы өндірілген шырындардың жалпы көлемінің 94,3%-ы жеміс шырындары болса, көкөніс шырындары небәрі 3,7 млн литрді құраған. Он жыл бұрынғы осы кезеңдегі деректермен салыстырғанда, жеміс шырындарын өндіру 2,6 есеге, көкөніс шырындарын өндіру 80%-ға қысқарып кеткен. Демек, елімізде бұл саланы жобалық деңгейде қолдап, арнайы субсидияны арттыру қажет. Әйтпегенде, өзге елден өңі мен өндірілуі басқа жеміс шырынын сатып іше береміз деп ел денсаулығын едәуір төмендетіп алуымыз әбден мүмкін.

Берік БЕК