Себебі 2000 жылдардағы ұрпақ білім мен ғылымға, өзін дамытуға көбірек көңіл бөледі.
Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеуі мүмкін – демограф
10,578
оқылды

Қазақстандық демограф Аяулым Сағынбаева  Inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында елдегі бала туу көрсеткішіне қатысты өз ойын бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Оның айтуынша, бұған арнайы есептеулер қажет. Дегенмен, маманның сөзінше, 2021, 2020 жылдары болған бэби-бум, қазір дүниеге келгендердің көп үлесі үшінші, төртінші, бесінші балаларды дүниеге әкелушілермен байланысты болып отыр.

"Бұл негізінен 1980 жылдарда туған азаматшалардың есебінен қалыптасты. Біз бала туу деңгейі төмендейді деп қарастырамыз, себебі белсенді репродуктивті жастағылардың саны аз. Сонымен қатар 1980 жылға қарағанда өзгеше репродуктивті көзқарасы бар 1990 жылдардағы азаматшаларымыз алғаш рет босанғандар болып отыр. Сондықтан кейінгі 2000 жылғы ұрпақтың көзқарасын алып қарасақ, олар білім мен ғылымға, өзін дамытуға көбірек көңіл бөлгендіктен, туу деңгейінің төмендеу ықтималдығы жоғары", – деді демограф.

Дегенмен, маман түрлі жағдайлар болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

“Мысалы, әлемдік демографтар Қазақстанда бала туу деңгейі 2018 жылдан бастап төмендейді деп болжам жасаған болатын. Десек те, Қазақстан пандемия кезінде өте жоғары демографиялық дүмпуді көрсетті. Осылайша туудың жиынтық коэффициенті 3,3-ке дейін барды", – деді Аяулым Сағынбаева.