24-26 қараша аралығында Алматыда дәстүрлі «Creative Central Asia – 2023» форумы өтеді.
Алматыда «Creative Central Asia – 2023» форумы өтеді
889
оқылды

ССА-2023 диалог алаңы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Оңтүстік Кореядан 100 – ден астам сарапшы-спикер мен сала өкілдерін біріктіреді. Форумға қатысушылар Орталық Азия өңіріндегі креативті индустрияларды дамытудың бағыт-бағдарын талқылайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

ССА-2023 форумының негізгі мақсаты – креативті индустриялар саласын дамыту, Қазақстан өңірлерін Алматы қаласы мен Орталық Азияның табысты кейстері бойынша саланы масштабтауға тарту. 

Талқылаудың негізгі бағыттары – кино, музыка, білім беру, fashion-индустрия және IT-сектор салалары болмақ. Форум аясында келесі тақырыптар бойынша бірқатар панельдік сессиялар өтеді: «Креативті индустриялар жастарға арналған әлеуметтік лифт ретінде», «Жайлы қалалық орта және креативті ландшафтты дамыту», «Әйелдер креативті кәсіпкерлігі», «Қазіргі әлемдегі аудиконтент» және тағы басқа тақырыптар қамтылады. 

Форум күндері көптеген тақырыптық дәріс, шеберлік сабағы, public talk, қолданбалы өнер жәрмеңкесі өтеді. Lumiere hall мультимедиялық мұражайының танымал Алматы кураторларының қолдауымен және қатысуымен қазақстандық және халықаралық цифрлық суретшілердің инновациялық және эксперименттік жұмыстарын таныстыратын көрме-инсталляция өтеді. Көрмеде AI-ART, Digital Fashion, Media Art бағыттарындағы авторлардың жұмыстары ұсынылады.   

Іс-шара барысында БҰҰДБ-ның жастар және креативті индустриялардың шағын орта бизнес өкілдерімен сараптамалық талқылауы өтеді.  Форум аясында қазақстандық дизайнердің fashion musical  Luna Sezim іс-шарасы өтеді.