Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов қазақ былғары қолғап шеберлерінің өзбек боксшыларынан осалдау екенін мойындады.
Мырзағали Айтжанов: Өзбек спортшылары - еңбекқор, қазақ спортшылары - ақсаусақ
3,488
оқылды

"Спорт министрі" You Tube арнасына сұхбат берген бас бапкер өзбек спортшыларының біздің жігіттерден артықшылығын айтты,  - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның пайымынша, жаттығу жағынан бізден асып тұрған ешкім жоқ.

"Барлық жерде ауызбіршілік бар, өзбектердің бізден артықшылығы  - жігіттері тәртіпті, спортшылары еңбекқор. Үйіне келіп, үй шаруасын істеп, малға қарап, жер аударып жүрген жігіттер. Біз осы жағынан осал болып тұрмыз. Біздің балалардың бәрі қаланың балалары. Мен кейде байдың балдары деп кекетіп қоямын. Бәрі ақсаусақ сияқты болып кетті. Сол үшін ешкімді аямау керек. Қазақтың балаларын кішкентай кезінен жұмысқа салу керек. Жұмыстан ешкім өлмейді, керісінше күшейеді, қатаяды", - дейді Мырзағали Айтжанов. 

Ол өз қателігі мен әлсіздігін ұлттық құрамадағы мамандарға жабатын спортшылар жайында да атап өтті.

"Жігіттеріміздің кейбірі тойлап қойды, жүріп қалды. Сөйтіп, өзінің бабына келмей, дұрыс бокстаса алмай, мамандарды кінәлағандары өте ұят деп ойлаймын. Мен естімей-ақ, кім айтуы мүмкін дегенге айтып жатырмын. Адам бірінші кезекте кінәні өзгеден емес, өзінен іздеу керек.  Азия ойындарында жетістікке жетпей қалдық. Мен біреуді айтып жатырмын ба? Өзімізден іздеп, кем-кетікпен жұмыс істеп, қайтадан күшті болуға команданы шақырып жатырмын. Бірақ, арада анау жаман, мынау жаман деген іріткі болады", - дейді бас бапкер.