Экономика ұзақ жылдар бойы тұрақты даму трендін сақтауы үшін оған салынатын қаржы көлемі де ұдайы өсіп отыруы тиіс. Тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін халықтың әл-ауқаты мен табысын арттыру, жекелеген шикізат секторы ғана емес, экономиканың барлық салаларының өсімі қажет.
Қазақ экономикасына құйылған шетелдік инвестиция: плюс па, минус па?
Иллюстрация Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Martin Barraud
2,045
оқылды

Қазақстанға келетін шетелдік инвестициялар жаңа өндіріс орындарын ашуға, негізгі капиталды көбейтуге, айналым қаражатын толықтыруға жұмсалады. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда болады, жаңа кәсіпорындар ашылады, халықтың табысы мен салық түсімі өседі. Aikyn.kz соңғы 32 жылда Қазақстан экономикасына құйылған шетелдік инвестициялардың көлеміне, құрылымына талдау ұсынады.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Mathieukor

Макроэкономикалық тұрғыдан алғанда инвестиция жалпы экономикалық дамудың маңызды факторы және негізгі драйвері деп есептеледі. Сондықтан ел экономикасының өсімі тұрақты, теңгерімді болуында инвестициялар шешуші рөл атқарады.

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 19 есе өсті – 1993 жылғы 11,4 миллиард доллардан 2022 жылы 221 миллиард долларға дейін. Қазақстанның халықаралық резервтері 1993 жылғы 711 миллион доллардан 94 миллиард долларға дейін өсті. 

Ал 31 жылда елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) $410 млрд болған. Қазақстан Үкіметі тікелей шетелдік инвестициялардың рекордтық көлемі 2022 жылы 28 млрд доллар көлемінде тіркелгенін жариялады. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда (23,8 млрд доллар) 17,7%-ға артық. Атқарушы билік бұны соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш деп бағалауда.

Инфографика Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің сайтынан алынды

Былтыр елімізге келген ТШИ-дің үштен бірі – 8,3 миллиард доллар – Нидерландыдан, тағы үштен бір бөлігі Швейцария (2,8 млрд) мен АҚШ-тан (5,1 млрд.) болған. Шетелдік инвестициялар Бельгиядан (1,6 миллиард доллар), Ресейден (1,5 миллиард доллар), Оңтүстік Кореядан (1,5 миллиард доллар), Қытайдан (1,4 миллиард доллар), Франциядан (770 миллион доллар), Ұлыбританиядан (661 миллион доллар) және Германиядан (469,5 миллион доллар) да тартылған.

Экономиканың салалары бойынша тікелей шетелдік инвестициялар ағынының басым бөлігі тау-кен өнеркәсібіне бағытталған. Бұл салаға барлық инвестицияның жартысы бөлінген – 12,1 млрд доллар, 2021 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп.

ТШИ-дің қалған бөліктері өңдеу өнеркәсібіне (5,6 млрд доллар), көтерме және бөлшек саудаға (5,1 млрд доллар, бір жыл ішінде 36%-ға өсті) тартылған. Бір қуаныштысы кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке арналған шетелдік инвестиция 2,2 есе өскен – 1,2 млрд доллар.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Serts

2023 жылы қазақ экономикасына құйылған шетелдік инвестицияның жалпы көлемі әлі белгісіз, жылдық қорытынды келесі жылы шығарылады.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға келген ТШИ-дің таза ағыны 4,1 миллиард доллар болған. Аталған көрсеткіш 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 86,6%-ға көп екен.

Қазақстанда 2023 жылдың 10 айында негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны 12,6%-ға жеткен. Экономикалық сарапшылардың болжамдары бойынша ТШИ ағынының оң динамикасы биылғы жылы да жалғасуы мүмкін. 

Инфографика t.me/samrukazynaofficial каналынан алынды 

Инвестицияға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы да бар. Бұл тапсырмаға сәйкес қазақ Үкіметінің алдында 2029 жылға қарай ТШИ көлемін 150 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Соған сәйкес биыл ұлттық экономикаға 24 миллиард доллардан кем емес шетелдік капитал тартылуы қажет. 

Ал 150 млрд доллар тарту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2030 жылға дейін 7 жыл бойы ел экономикасына жыл сайын 25 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылуы тиіс.

Жоғары көрсеткіштерге жету жолында Қазақстан Үкіметі 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын бекітті, онда негізгі капиталға инвестициялау деңгейін ЖІӨ-нің 25,1%-ына дейін арттыру және 2026 жылы ТШИ көлемін 25,5 млрд долларға дейін көбейту көзделген.

Қабылданған құжатта инвестиция тартуға деген көзқарас өзгеріп, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі драйверлеріне басымдық берілді. Енді шетелдік инвесторларға экспорттың күрделілігін арттыру, жоғары деңгейдегі өңдеуге арналған өндірістік қуаттар мен өңдеуші секторларды ішкі нарықта, елімізде дамыту талаптары қойылады.