Респонденттердің 96%-ы Мемлекет басшысының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді.
Зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту туралы Президенттің бастамасын қолдайды
776
оқылды

Респонденттердің 96%-ы Мемлекет басшысының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді. Бұған «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері дәлел бола алады.

Кешелі бері «Жастар рухы» еріктілері қоғам белсенділерімен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен және сарапшылармен бірге әлеуметтік зерттеу жүргізуге кірісті. Көшелерде, вокзалда, сауда нүктелерінде және өзге де қоғамдық орындарда азаматтардың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабардар болу деңгейі, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық себептері, зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау іс-шаралары, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тиімділігі туралы және т.б. сұрақтар қойылды.

Атап айтқанда, сауалнама Семей, Атырау, Көкшетау және Ақтөбе қалаларында жүргізіліп, онда 125-ке жуық респондент сұралды. Олардың 120-сы немесе 96%-ы жазаны күшейтуді және зорлық-зомбылыққа қарсы қатаң шаралар қабылдауды жақтады.

Сауалнамаға қатысушы, Семей қаласының тұрғыны Қаламқас Маратқызы әрбір адам қорықпай өмір сүруі керек деп есептейді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық біздің қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі екені сөзсіз. Көптеген отбасы оны жасырып-жабуға тырысса да, бұл – мыңдаған адамның басында бар жағдай. Біздің қоғамымызда да бұрыннан бар екенін бәріміз білеміз. Дегенмен қазір осы мәселеге ерекше назар аударылғаны қуантады. Жеке өзім зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсымын», – деді ол.

Статистикаға сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің көпшілігі – әйелдер. ҚР-дағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева атап өткендей, елімізде күн сайын балаларға қатысты 6 қылмыс жасалады, 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік мәселесі де өткір болып тұр. Уақтылы көрсетілген көмек қайғылы жағдайдың шамамен 70%-ға алдын алады.

«Жастар рухы» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы әлеуметтік сауалнаманы өткізудің өзектілігін атап өтті.

«Ең алдымен, біз адамдарға проблеманың маңыздылығын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, буллингке, балаларды қорлауға жол беруге болмайтынын жеткіземіз. Мұндай сауалнамалар мәселенің қаншалықты ауқымды және қандай шаралар қабылдау керек екенін түсінуге мүмкіндік береді. Сауалнама халықтың бұл проблема туралы хабардарлық деңгейін анықтауға, стереотиптерді және сол сияқты т.б. анықтауға көмектеседі», – деді Абылай Құрметұлы.

Сондай-ақ респонденттер алимент мөлшерін ұлғайту, денсаулыққа зиян келтіргені үшін қамауға алу мерзімін ұзарту, педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру сияқты т.б. ұсыныстарын жеткізді. Әлеуметтік сауалнама еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасады. «Жастар рухы» Жастар қанатының зерттеу нәтижелері мен ұсыныстары құқық қорғау органдарына, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және басқа да құзыретті ведомстволарға жолданады.

Айта кетейік, 2020 жылдың қыркүйегінен бері «AMANAT» партиясы жанындағы «Бақытты отбасы» жобасы аясында балалардың құқын бұзу және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша «111 шұғыл қызмет» желісі жұмыс істеді. Үш жылда шұғыл қызмет мамандары 50 мыңға жуық отбасына көмек көрсетті. «111 шұғыл қызмет» желісіне жүгінгендердің 82,6%-ы – әйелдер, 17,4%-ы – ер адамдар. Оның 68%-ы бойынша нақты көмек көрсетілді, ал 32%-на анықтама сипатындағы түсініктеме берілді. Қоңырау шалған азаматтарды толғандырған мәселелердің 43,4%-ы – атаулы әлеуметтік көмек алуға, 7%-ы – психологиялық және заңгерлік көмек көрсетуге, 3,6%-ы – білім беру, күтім көрсету және қамқоршылық мәселелеріне қатысты болды.

Қазіргі уақытта аталған қызмет «AMANAT» – 111 байланыс орталығы»  деп аталады. Бұл – отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін ұлттық желі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 111 бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіне 101, 102, 103 және т.б. нөмірлермен тең дәрежеде енгізілді.