Сенат төрағасы атап өткендей, өңірлердегі проблемалар – жылумен және электрмен жабдықтау, жолдардың, әлеуметтік инфрақұрылымның нашарлығы, сондай-ақ халықтың табысы төмен екендігі рас.
Өңірлердің дамуы және инфрақұрылымы: Президенттің сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?
Фото: tengrinews.kz
903
оқылды

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жыл басында өткен парламенттік тыңдауда бүгінде Сенат өңірлердің мүддесін қор­ғайтын Палата ретінде өз жұ­мысын қайта айқындап жатқа­нын айтқан болатын. Сондай-ақ ол бұл Мем­лекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың баста­масы бойынша жүзеге асырылып жатқан саяси ауқымды рефор­малардың заңды жалғасы екеніне назар аударды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаев өңір­лік саясатты жетілдіру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Шын мәнінде, қуатты өңірлер – елі­міздің әлеу­меттік-экономика­лық әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Мемлекет басшысы үнемі осы қағидаға баса мән беріп келеді. Сондықтан өңірлердің теңгерімді дамуына ықпал ету Сенаттың басым мін­деттерінің бірі деп белгілеп отырмыз. Жал­пы, соңғы уақытта Парламент аймақтардағы проб­лемаларды шешуге арналған ондаған заң қабылдады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы атап өткен­дей, өңірлер­дегі инфрақұрылым­дық проблемалар – жылумен және электрмен жабдықтау, жол­дардың, әлеуметтік ин­фра­құрылым жағда­йы­ның төмен­дігі, сондай-ақ халық табысы дең­гейінің аздығы маңызды бо­лып қала береді.

«Мемлекет басшысы «Ин­вес­тиция орны­на тариф» бағ­дарламасы арқылы өндіріс қуатының тозуын азайту туралы нақты тап­сырма берді. Бұл ретте өңірлердегі жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту жұмыстарын жандандыру аса маңызды. Олар­дың 50 пайыздан астамы әбден тозған. Кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін жет­кен. 2023 жылғы бюджетті нақ­тылау ая­сында осы мақсатқа қар­жы бөлу жоспарланып отыр. Азаматтардың әл-ауқатына ті­келей қатысы бар осы мәселе­лерді дәйекті түрде шешу қажет. Сонымен бірге сапасыз нашар жолдар да өңірлерді дамытуды тежейтін факторлардың бірі екені анық. Сенаторлар бұл мә­селені депутаттық сауалдарда жиі көтеріп келеді. Қазіргі уа­қытта республи­калық жолдар­дың жарты­сының ғана жағдайы жақсы», – деп Мәулен Әшімбаев өңірлердің негізгі проблема­ла­рына назар аударды.

Сенатор Серік Шайдаров жоғарыда аталған проблемалар сенаторлардың халықпен кез­десулерінде және Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобының отырыстары бары­сын­да жиі көтерілетінін айтты. Се­натордың айтуынша, қазіргі таңда «орталық» пен «аймақтар» арасында тиісті байланыс орна­тылмаған. Іс-шараны қорытындылаған Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев айтылған барлық ұсыныс парламенттік тыңдаудың қоры­тындысы бойынша әзірленетін ұсы­нымдарға енгізіліп, Үкіметке жіберілетінін айтты. Сондай-ақ ол мәселелер Сенаттың алдағы жұмысында да ескеріледі.

«Айтылған басымдықтарды іске асыру үшін Сенат депу­тат­тары Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Осы ретте өңір­лерді дамыту Сенат жұмы­сын­дағы негізгі ба­сымдықтардың бірі екенін тағы да атап өткім келеді. Біз осы бағытты әрда­йым назарда ұстаймыз. Бұл – халық­тың да басты талабы. Қазір аза­маттарымыз бізден нақты нә­ти­желер күтіп отыр. Бүгінгі Тың­­дау өңірлерімізді дамыту жә­не аза­маттары­мыз­дың әл-ау­қатын арт­тыру жо­лындағы бір­лескен жұмысы­мыз­дың жаңа кезеңіне жол ашып берді деп ой­лай­мын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өңірлерді дамыту мен инфрақұрылым мәселесіне қатысты Президенттің сайлауалды бағдарламасында көтерілген басты мәселеге тоқталды.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында  шекаралық аудандарды дамыту мәселесін біздің саяси тарихымызда бірінші рет көтерді. 30 жыл ішінде бірде-бір президент бұл мәселені көтермеген, бірде-бір саяси шешім болмаған. Шекаралық аудандар дегеніміз – Қазақстанның аумақтық тұтастығының тұтқасы болып саналады. Президент Үкіметке шекаралық аудандарға қаржылық-инвестициялық, әлеуметтік тұрғыдан көмектесуге нақты тапсырма берді.

Соның нәтижесінде Үкімет аумақтарды дамыту концепциясына шекаралық аудандарды дамыту бойынша үлкен толықтыру енгізді. Міне сол толықтыруларға байланысты шекаралық аудандарға микрокредит беруге, сонымен бірге кәсіпкерлерге аудандардың экономикасын кластерлеуге бағытталған жобаларды іске асыруға грант беру, кәсіпкерлерді несиелендіру үшін еліміздің қаржы және даму институттарын қатыстыру бойынша нақты шаралар бар.

Шекаралық аудандарды сумен қамту үшін қаражат бөлу, табиғи-климаттық жағдайы күрделі шекаралық аудандарға электр энергиясы бойынша шығысты азайту үшін атаулы көмек белгілеу, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау жобаларын іске асыру, сонымен бірге осы аумақта үй салуға көмектесу, егер азаматтар үй салса, оның шығынын белгілі бір көлемде өтеу мәселелері қарастырылған.

Сонымен бірге шекаралық аудандардағы ауылдық округтерде бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс істеу үшін жалақыға  50% үстемақы қосу қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ, шекара маңындағы аумақтарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет-спорт саласында 1,4 мыңнан астам нысан салынады.

Міне, осының бәрі шекаралық аудандарда халықты ұстап тұрып қана қоймай, халықтың осы жерлерге көшіп келуіне де ықпал етеді. Президенттің шекаралық аудандарды дамытуға қатысты бастамалары бүгінде Қазақстанның аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудің ең негізгі аспектілерінің бірі. Өйткені, шекараны қорғайтын шекарашылар емес, сол жерде тұратын халық.

Шекаралық аумақтардың инфрақұрылымына келер болсақ жол мәселесі өткір тұр. Мектеп, дәрігерлік амбулатория,  кеңестік кезеңде  алынған су тоғандары бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тоғандардың көбі ескіріп кеткен. Оларды қалпына келтіріп, күрделі жөндеуден өткізу мәселесін көтеріп жатырмыз. Сондай-ақ шекаралық ауылдарда интернеттің қолжетімсіздігі мәселесі бар. Біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, осы мәселені шешуге атсалысып жатырмыз", - дейді депутат.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында өңірлердегі қандай мәселелерді көтеріп, нақты қандай уәде бергенін, оның орындалу барысы туралы баяндады.

 "Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында экономикада адал және нақты ереже белгілеуді көздеген болатын. Мемлекет, атап айтқанда, салықтық, бюджет, ақша-кредит және тарифтік саясатты теңгерімді және ашық жүргізеді, ішкі өндірісті және шикізаттық емес экспортты ынталандыратын болады.

Қ.Тоқаев президент болған бірінші жылда сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде іргелі дайындық жұмыстары жүргізілді. Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері мемлекеттік органдардың жоспарларымен үйлестірілді, оны іске асыру үшін заңнамалық негіз жасалды. Болашаққа арналып жасалды және нақты нәтижелерге қол жеткізілді деп сеніммен айтуға болады.

2023 жылы Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы қабылданды, мемлекет меншігіне 8 млн. га пайдаланылмаған жер қайтарылды;

2023 жылы «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін салуға 5,4 млрд. теңге бөлінді.

ҚР Әлеуметтік кодексі қабылданды және күшіне енді, отбасының цифрлық картасы енгізілді (әртүрлі сатыларға жүгінудің қажеттілігінсіз проактивті форматта мемлекеттік қолдау көрсетуді көздейді), «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесі енгізілді;

Бала күтімі бойынша жәрдемақыларды төлеу кезеңі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды; жұмысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшерін табыстың 45% - на дейін ұлғайту; халықтың әлеуметтік осал топтары арасынан кәсіпкерлерге 9 мыңнан астам грант (400 АЕК-ке дейін) бөлу және т. б.;

Бірқатар бағдарламалық құжаттар әзірленді және қабылданды: Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алудан қорғау, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, Мемлекеттік жастар саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы; Елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы.

Ұлттық құрылтай құрылып, жалпыұлттық референдумдар өткізу тәжірибесі жаңартылды.

Президенттік сайлау елдегі саяси өзгерістерді іске қосты, оның қорытындысы бойынша Парламенттің екі Палатасы да, мәслихаттар да қайта сайланып, жаңартылды, алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда әкімдер сайлауы өткізілді.

Бірінші жылы жақсы қарқын алды деп айтуға болады. Мемлекет оны сақтауы керек, қоғам – мемлекетке көмектесуі керек", - дейді сенатор.

Осы орайда Бибігүл Жексенбай “Өңір” депутаттық тобындағы сннаторлар өңірлік даму мәселелері бойынша  қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында белсенді жұмыс істеп жатқанын айтады.

 "Мемлекет өңірлердегі тұрмыс-тіршілік деңгейін жақсарта түсуге, яғни олардың даму деңгейін арттыруға бағытталған  өңірлік саясатты жүзеге асыруға ұмтылады. “Өңір” депутаттық  тобы өңірлік даму  және маслихаттар депутаттарымен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу, мониторингтер жүргізу арқылы  өңірлерді  тиімді және үйлесімді дамытуды өз міндеті етіп қойып отыр.

“Өңір” депутаттық тобындағы сннаторлар Қазақстан Республикасының Үкіметімен, министрліктермен, жергілікті атқарушы және өкілді органдармен өңірлік даму мәселелері бойынша  қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында белсенділікпен бірлесе іс-қимыл жасаймыз.

Республика аумағының кеңдігі мен географиялық, табиғи-климаттық жағдайлардың,  демографиялық ахуалдың, даму тарихының және басқа  факторлар өзгешеліктеріне орай,  өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі де әртүрлі. Сондықтан бюджет қаражатының бөлінуі, инфрақұрылымды дамыту мен орта және шағын бизнеске жасалатын қолдау да аталған өзгешеліктер ескеріле үйлестіруді қажет етеді. “Өңір” депутаттық тобы осы бағыттағы жұмысты жүйелі және жемісті жүргізуге мүмкіндік береді", - дейді ол.