Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша акция аясында жан-жақты кешенді жұмыс жүргізілуде.
Заң мен тәртіп: қауіпсіз қоғам құру басты қағида
694
оқылды

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, көшелерде және қоғамдық орындарда құқық бұзушылық, вандализм, мүліктің бүлінуі, қоғамдық орындарды ластау, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық, ұсақ бұзақылық, жол қауіпсіздігін сақтамау. Аталғандардың алдын алу мақсатында жастар мен полиция департаменті бірікті.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша Жергілікті полиция департаменттері мен «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты бірлесіп рейд жұмыстарын жүргізуде. Арнайы мобильді топ жасақталып, кешенді түрде жұмыс жасалуда.

 

Ұйымдастырушылар қауіпсіз қоғам құру үшін 150-ден астам рейд жүргізілгенін атап өтті.

Мәселен, Петропавл қаласында 556 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, Түркістанда түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде заңды өкілінсіз жүруіне жол берген бірнеше орталықтар мен мейрамханалар анықталып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Кәмелетке толмаған жастар бөлімшеге жеткізіліп, олардың заңды өкілдеріне әкімшілік хаттама толтырылып, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша акция аясында жан-жақты кешенді жұмыс жүргізілуде.

 

«Әрбір адам қауіпсіз ортада сүргісі келеді. Осы қауіпсіз қоғамды қалыптастыру мақсатында Полиция департаменттерімен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Халқымыз «Сақтықта – қорлық жоқ» демекші жазатайым оқиғалардың алдын алу мен төмендетуді көздейміз. Әрбір мәселеге аса жауапкершілікпен қарап, тәртіп пен заңға бағынған өркениетті, қауіпсіз қоғам құруға атсалысудамыз», – деді ол.

Оралдық тәртіп сақшылары мен белсенділері қаланың 360 мектебінде қауіпсіздік мониторингін өткізіп, жол бойындағы қауіпті орындар, ашық люктерін анықтаған.

 

Өскеменде акция аясында есірткінің таралуын алдын алу үшін қалалық мәслихат депутаттары мен учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен 50-ден аса есірткі граффитилері жойылды. 

 

Мұнымен қоса әр облыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында қолайсыз отбасыларына кешенді көмек көрсетіліп, профилактикалық жұмыс жүргізілуде.

Айта кетейік, аталмыш іс-шара 20 қарашадан бастау алып, жыл соңына дейін жалғасады.