Полиция күдіктінің психоневрологиялық диспансерде есепте тұратынын растады.
Алматы облысында психикалық есепте тұрған ер адам жүкті әйелді ұрып-соқты
930
оқылды

 

Әлеуметтік желіде ер адамның көше ортасында жүкті әйелді соққыға жыққанын дәлелдейтін бейнежазба тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Видеоны желіге жүктеген азаматтардың сөзіне қарағанда, Алматы облысындағы Бәйдібек би ауылында дүкеннің жанында бұрын сотты болған ер адам жүкті әйелді ұрып-соққан. Полиция шабуыл жасаған ер адамның психоневрологиялық диспансерде есепте тұратынын растады.

"Видеодағы әйел – біздің ауылдың дәрігері. Ол дүкеннен шыққан, ер адам оның көлікке баратын жолын жауып тастаған. Алғашында екеуі сөзге келіп қалып, кейін ер адам ауыр дене жарақатын салды. Әйел аудандық орталық ауруханаға жатқызылды", – делінген видеоның сипаттамасында.

Алматы облысы Полиция департаменті 22 қазан күні Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөліміне көшеде өзін соққыға жыққан ер адамға шара қолдану үшін 37 жастағы әйел хабарласқанын мәлімдеді.

Аталған деректі полиция Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша тіркеді. 1975 жылы туған күдікті азамат анықталып, ұсталды.

"Қазіргі уақытта аталған факті бойынша оқиғаның барлық мән-жайларын зерттеу үшін сараптама тағайындалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", – делінген хабарламада.