Оқиға қаланың әкімшілік іскерлік орталығында болды.
«Адамдар ұшып жатты»: Шымкентте қала ішінде жарысқан екі автобус апатқа ұшырады
1,042
оқылды

Шымкентте екі автобус жарысуы салдарынан соқтығысып, оннан астам адам жарақат алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

КТК телеарнасының жазуынша, жол апатына қоғамдық көліктердің жарысуы себеп болған.

“146-да отырған едім, бағдаршамда бұрылып тоқтады, адам түсірді. Бір адам шықты, екіншісі үлгермеді. Арт жақтан автобус келіп соқты. Екеуі жарысқан дей ме, білмеймін ғой. Апаттан көзім қарауытып кетті. Қатты соғылдым, жанымда адамдар ұшып жатты ғой, құлап жатты”, – дейді зардап шеккен жолаушы Бибіажар. 

Оқиға қаланың әкімшілік іскерлік орталығында болды. Күндізгі сағат 11 шамасында қос автобустың ішінде жолаушы көп болмапты. Адамдарды түсіріп тұрған көліктің артына соғылған автобус жүргізушісі қазір тергеліп жатыр. Жарақат алғандардың тоғызы жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Жеңіл жарақат алған жетеуі ем-домнан соң үйіне жіберілсе, екі науқас нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Оның біреуі 31 жастағы аяғы ауыр келіншек.

“Мамандар тексеріп қарады, бәрі алгоритм бойынша тексеріп жатқызды. Қазір жағдайы орташа ауыр. Қауіп жоқ”, – дейді Шымкент №1 клиникалық ауруханасының хирургі Мадияр Дүйсенов.