«Наполеон» – режиссер және продюсер Ридли Скоттың Дэвид Скарпа сценарий желісімен түсірілген эпикалық тарихи фильмі.
Қазақ каскадерлері үш күн бұрын жарыққа шыққан «Наполеон» фильмінде казактардың рөлін сомдаған
3,686
оқылды

Қазақстан каскадерлері Ридли Скоттың атақты тарихи киносында түрлі трюктерді орындады,   деп хабарлайды Aikyn.kz.

Kazinform-ның жазуынша, үш күн бұрын аты аңызға айналған режиссер Ридли Скоттың «Наполеон» фильмі прокатқа шықты.

Аталған фильмді түсіруге қазақстандық Nomad Stunts каскадерлері де атсалысқан. Бұл жайлы ұйым өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Қоржынымызды толықтыратын тағы бір жоба!» деп сүйінші сұрады каскадерлер. 

Nomad Stunts жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жандарбек Күнғожиновтың айтуынша, оларды бұл жобаға трюк қоюшы Ник Пауэл ұсынған. Ол қазақстандық жігіттермен Үндістандағы фильм түсірілімінде бірге жұмыс істеген еді. 

Бұл жобада каскадерлердің бірі Мұрат Елкенов актер ретінде де өнер көрсетті. Оның рөлін Ридли Скоттың өзі белгілеп берген. 

Қазақстандықтар фильмде казактардың рөлінде бой көрсеткен.  

«Наполеон»  режиссер және продюсер Ридли Скоттың Дэвид Скарпа сценарий желісімен түсірілген эпикалық тарихи фильмі. Наполеон Бонапарттың билікке келуі және әйелі Джозефинамен арақатынасы жайында баяндайды.

Наполеонды Хоакин Феникс (әрі продюсер), ал Жозефинаның рөлін Ванесса Кирби сомдайды.

Түсірілім өткен жылдың қаңтарында басталды. 

Еске сала кетейік, Nomad Stunts каскадерлері Disney түсірген «Мулан», Netflix-тің «Томирис», «Марко Поло», «Корольге хат», «Әмір Темір», Киану Ривз басты рөльде ойнаған «47 ронин», «Неудержимые 2», «Рэкетир 2», «Анаға жол», «Шал» сияқты фильмдерге қатысқан.

Олар сондай-ақ HBO мен Apple TV+ сервистері және Universal студияларымен жұмыс істейді.

Топты 2000 жылы трюк қоюшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов құрған болатын.

Nomad Stunts жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов бұған дейін «Томирис» фильміндегі трюктер үшін «Таурус» сыйлығын жеңіп алған еді.