Екінші бір басшысы, ауруханада өлім мен өмірдің ортасында жатқан Әбдужәлілге жұмысқа тұрғаны туралы кейінгі уақытпен түзілген келісімшарт апарып, «егер қол қоймасаң бізден көмек күтпе, қайда барсаң, онда бар, біздің қожайын депутат» деп қыр көрсетіп кеткен.
"Аузына арақ құйып, шығарып тастаңдар": 6-қабаттан құлаған құрылысшыдан басшылық құтылуға асыққан
31,604
оқылды

Астана қаласы Сарыарқа ауданында Бейбарыс көшесінің бойында жаңадан салынып жатқан 16 қабатты көппәтерлі тұрғын үй кешенінің 6-қабатынан Әбдужәліл Алдан есімді құрылысшы құлап кетті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Журналист, қоғам белсендісі Амангелді Батырбековтің жазуынша, құрылысшының бетінің жақ сүйектері мен бірнеше омыртқа сүйектері сынып, жаны аман қалған.

"Әбдужәліл Алдан – Астанаға ауылдан 6 жыл бұрын кеткен еді. Сөйтіп, құрылыспен айналысып, үйленіп, қазір үш бала-шағасымен, айына 250 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатқан болатын. 

Жағдайды ести сала, мен құрылыс басына жетіп бардым.  

Қақпа алдындағы қарауыл менің журналистік зерттеу жүргізу үшін келгенімді басшыларына баяндаған еді, құрылыс территориясына мені мүлдем кіргізбей қойды", - дейді журналист.

Бір уақытта Әсет есімді прораб пен Дәурен деген заңгер шығып, құрылыстың Бас мердігері - «КСМК-АФ» ЖШС екенін, ал құрылысты жүргізіп жатқан қосалқы мердігер - Kedu stroi engineering ЖШС екенін айтады да, «қалған ақпаратты солардан аласыз» деп, қайта кіріп кеткен. 

"Қанша тырысып бақсам да, не бас мердігердің, не қосалқы мердігердің телефон нөмірлерін ала алмадым. 

Амалсыз, Сарыарқа ауданының прокуроры Дәурен Дайыров пен полиция бөлімінің басшысы Дулат Жұмағұловқа барып жолықтым.

Бұл оқиға бойынша Қылмыстық  кодекстің «құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» деген 277-бабы 1-бөлігімен №237114031001799 санды қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталыпты. 

Бірақ мен осы құрылысты салып жатқан «КСМК-АФ» ЖШС мен Kedu stroi engineering ЖШС басшыларының қандай құдайдан жалаң аяқ безгендер екенін түсінбедім.

Әбдужәлілдің құлап түсіп, бірақ тірі қалғанын көрген сол жердегі бір басшысымақ жұмысшыларға «дереу аузына арақ құйып, территориядан шығарып тастау керек» деген көрінеді", - дейді Батырбеков.

Екінші бір басшысы, ауруханада өлім мен өмірдің ортасында жатқан Әбдужәлілге жұмысқа тұрғаны туралы кейінгі уақытпен түзілген келісімшарт апарып,  «егер қол қоймасаң бізден көмек күтпе, қайда барсаң, онда бар, біздің қожайын депутат» деп қыр көрсетіп кеткен.