Атырауда ABAY GYLYM FEST ауқымды отбасылық ғылым фестивалі болып өтті. Фестиваль аясында күні бойы Абай орталығында білім берудегі STEAM тәсілдері саласында ғылыми-танымдық дәрістер, интерактивті сессиялар, воркшоптар және білім беру жобаларының көрмелері өтті.
Атырауда өткен ABAY GYLYM FEST ауқымды ғылыми фестивалі 1 000-нан астам адамды біріктірді
773
оқылды

ABAY GYLYM FEST-те келушілер білім беру саласындағы тәжірибелі сарапшылармен және пікір көшбасшыларымен кездесе алды. Сонымен, «Дәстүр» фильмінің режиссері Қуаныш Бейсек, қазақстандық TikTok жұлдызы Ұлан Үсенов, Пифагор мектебінің негізін қалаушы және халықаралық математиктердің жаттықтырушысы Асан Жолдасов және тағы басқа көрнекті спикерлер арнайы дәрістер оқыды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Біз ABAY GYLYM FEST JasSpace  жобасының жарқын және қорытынды іс-шарасына айналғанына қуаныштымыз. Жобамыздың аясында 2,5 мыңнан астам жасөспірім 16 STEAM бағдарламасы аясында тегін курстарда оқып шықты, ал 4,5 мыңға жуық оқушы шеберлік сабақтарына, жазғы қарқынды курстарға, түрлі байқауларға қатысты. Біз жергілікті JasSpace командасының күш-жігері бүкіл Атырау облысының білім беру саласын жетілдіре түсуге үлкен серпін береді деп сенеміз», - деді JasSpace бағдарламасының жоба менеджері Салтанат Ноғайбаланова.

Еске сала кетелік, «JasSpace: Атырау қаласының жастарды дамыту бастамасы» жобасы аясында ұйымдастырылған фестивальде түрлі мақсатты аудиторияларға, яғни, ата-аналар мен мектеп оқушылары, жасөспірімдер мен түлектер, SТЕАМ саласына қызығушылық танытып жүрген тәлімгерлер білім беру саласының мамандарына арналған 10 танымдық секция жұмыс істеді.  Сондай-ақ фестивальға қатысушылар  Integrity қорының кәсіптік бағдарлау тестілерінен өтіп, «ITeachMe» ҚҚ-нан «Инклюзиядағы STEAM» саласы туралы біліп, YEMAA көпсалалы мәдениет орталығы ұйымдастырған көрмені тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Баян Жанұзақова