5 фильмді «Қазақфильм» киностудиясы, 15 фильмді жеке кинокомпаниялар жүзеге асыруда.
Биыл 1,7 миллиард теңгеге 20 фильм қаржыландырылды - Мәжіліс депутаты
956
оқылды

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Президент сайлауының өткеніне де тура бір жыл болғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сайлауда жеңіске жеткен алғашқы сәт-сағаттарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Менің түсінігімде, Президент – жалдамалы менеджер.

Азаматтардың еркін таңдауының нәтижесінде елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адам – миллиондаған отандастарының дауысымен бекітілген келісімшартқа қол қояды.

Бұл қызметті атқаратын адам ең қатал үш соттың – ХАЛЫҚТЫҢ, ТАРИХТЫҢ және өз АР-ҰЖДАНЫНЫҢ алдында жауап береді!” – деп мәлімдеген болатын.

Депутат Президенттің осы ұстаныммен елдің көшін бастап келе жатқанын атап өткен.

«Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламада кезең-кезеңімен іске асыру үшін нақты шаралар белгіленген.

Бағдарламадағы басым бағыттардың бірі – мәдениет саясаты. Креативті индустрияны, рухани жобаларды жүзеге асыруда Үкіметтің алдына нақты міндеттер жүктеген.

Таратып айтсақ, биыл өндірісте Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы жалпы бюджеті  1,7 млрд теңгені құрайтын 20 фильм қаржыландырылды.

Оның ішінде 5 фильмді «Қазақфильм» киностудиясы, 15 фильмді жеке кинокомпаниялар жүзеге асыруда", – дейді Жанарбек Әшімжан.

Ол бүгінде аталған киножобалардың ішінен 9 фильм аяқталғанын жеткізді. Яғни, 6 көркем фильм (“Бүркіт”, “Қара қыз”, “Айқай”, “Талақ”, “Тезек”, “Жел тоқтаған жер”), 3 деректі фильм көрермен назарына ұсынылды.

Қалған 11 киножоба өндірісте.

"Балаларға арналған анимациялық контентті  арттыру мақсатында биыл «Қазақфильм» киностудиясы жанынан құрылған «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі жемісті жұмыс істей бастады. Бірлестікке 500 млн теңге бөлінді.

Жыл соңына дейін 10 анимациялық жоба жарыққа шықпақ.

Ал «Алтын адам» және «Ерекетай» атты толық метражды анимациялық киножобалар көрермен көзайымы болары сөзсіз.

Мемлекет тарапынан қоғамның патриоттық, рухани-адамгершілік, зияткерлік және мәдени әлеуетті арттыруға, жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған тарихи фильмдер жасауға ерекше көңіл бөлінуде.

Өткен жылы  жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Жамбыл. Жаңа Дәуір», ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» көркем фильмдерінің өндірісі аяқталды. Аталған фильмдерді кинопрокатқа шығару 2024 жылға жоспарланған", – деген халық қалаулысы. 

Депутат қазақ тіліндегі контентке сұраныс еселеп артқандықтан, шетелдік блокбастерларды қазақ тіліне дубляждау бойынша тікелей мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар  еліміздің аумағында кино түсіру арқылы инвестицияларды тарту мақсатында шетелдік кинокомпанияларға субсидия төлеу механизмі қарастырылған. Яғни, шетелдік кинокомпания өз фильмін еліміздің аумағында түсірген болса, шетелдік компанияның Қазақстанда фильмді түсіруге шыққан шығынының 30 пайызын қайтарып алуға мүмкіндігі бар. 

"Елімізде 11 мыңнан астам кітапхана бар. Оның 7 080-і колледж және мектеп кітапханалары. Алайда бұл кітапханаларда сапалы әдеби кітаптар өте аз. 

Мемлекет басшысы осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Балалар кітапханасы» жобасын жүзеге асыруды тапсырған. Қазіргі таңда жауапты министрлік осы бағытта жұмыс істеуде. Мақсаты – мектеп кітапханаларындағы кітап қорын жаңартып, заманауи көркем әдебиет, танымдық кітаптармен толықтыру. Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару бағытында «Балалар әдебиеті» сериясы бойынша балалар әдебиетін шығаруға басымдық беріліп отыр.

 Президент ақпараттық саясаттың тиімділігін жүзеге асыру, ақпараттық кеңістікті реттеу, журналистердің жұмыс істеуіне қолайлы заң жобасын жасау бағытында нақты тапсырма жүктеген. Бүгінде “Масс-медиа туралы” заң жобасы Мәжілісте талқыланып, қабылдану қарсаңында тұр", – дейді Жанарбек Әшімжан.

Мемлекет басшысы зиялы қауым өкілдеріне, шығармашылық одақтарға арнайы қайырылғаны мәлім. Сондықтан  зиялылардың жауапкершілігі де қоғамдық өмірімізде аса маңызды.