Демалушылар қатарының артуына өңірге ұшатын рейстер саны мен бағыттарының артуы өз септігін тигізген.
Биылғы жылдың алты айында Маңғыстау облысында 180 мың турист демалған, оның 16 мыңы – шетелдік – Нұрлан Ноғаев
967
оқылды

Маңғыстау облысының туризм саласын дамыту, өңірдің тартымдылығын арттыру – басты міндеттердің бірі. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баяндама жасаған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев осы мақсатта биыл өңірде халықаралық туристік форум ұйымдастырылғанын еске салды. Аталған шараға туризм саласында қызмет ететін отандық және шетелдік компаниялардың, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әкімнің айтуынша, жергілікті деңгейде визит-орталықтар салу, киелі жерлерге және туристік объектілерге жол тарту сынды мәселелер шешіліп жатыр. 

«Мамандарды даярлау, жатын орындарын, жүріп-тұру маршруттарын ұйымдастыру жөнінде мемлекеттік органдардың қолдауымен жеке кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Өзге өңірлерден келген кәсіпкерлердің салған қаражатына Маңғыстау облысының туризм саласында жаңа нысандар пайда болап жатыр. Мәселен, «Өмір глэмпинг». Каспий теңізінің жағасында қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейтін, азаматтардың жүріп-тұруына, теңіздің ауасын жұтуға, Маңғыстаудың көрнекті жерлерімен танысудың керемет мүмкіндіктері бар», – деді аймақ басшысы. 

Нұрлан Ноғаев жариялаған мәліметке сәйкес, биылғы жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысына 180 мың турист барса, соның ішінде 16 мыңы – шетелдік туристер. Демалушылар қатарының артуына өңірге ұшатын рейстер саны мен бағыттарының артуы өз септігін тигізген. Бүгінде облысқа 17 халықаралық және 8 ішкі авиамаршрут қатынайды.