Түркістан – инвестициялардың өсу қарқыны бойынша Қазақстанның жетекші өңірлерінің бірі. Облыс құрылған сәттен бастап 5 жылда, өңірге 6,3 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы құрамындағы елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастар тез нығайып келеді.
Инвестициялық әлеуеті артқан Түркістан
1,664
оқылды

Айта кету керек, Түркістан облы­сы­ның Түркі мемлекеттері ұйымы ел­де­рі арасындағы тауар айналымы 2022 жы­лы 400 млн АҚШ долларын құрады. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­­­та­­­масымен Түркістанда бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін TURAN арнайы эконо­­микалық аймағы құрылған еді. Бұл алаң бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталды. 

Жақында Түркістанда өткен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвести­ция, Экономика» халықаралық форумы ая­сында да 1 трлн 55 млрд теңгенің ме­­морандумына қол қойылған болатын. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше ел­­­дер­дің бизнес өкілдері қатысқан жиын­­­да облыс әкімі Дархан Сатыбалды бауырлас елдер арасындағы экономи­калық байланыстар нығая түскенін мәлімдеді.

– Осыдан 3 апта бұрын елордамыз Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтті. Оған Түркі мем­­ле­кеттерінің басшылары қатысып, бауыр­­­лас елдер арасындағы татулықты нығайту, өзара қарым-қатынасты артты­руға қатысты маңызды мәселелер тал­қы­ланды. Бүгінгі ұйымдастырылып отыр­­­­ған форум саммитте көтерілген бас­­та­­маларды одан әрі жетілдіруге үлкен серпін береді деп сенемін, – деген Дар­хан Сатыбалды Түркістан облысында Түркия, Өзбекстан және өзге де мемле­­кеттермен бірге маңызды жобалар жүзе­­ге асырылып жатқанын жеткізді.

Бизнес форумда Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев бұл жиын ұйымға мүше мем­ле­­­кеттер арасындағы экономикалық жә­не инвестициялық байланыстарды нығайтуға серпін беретінін алға тартты. Сонымен бірге жиында Өзбекстан, Әзер­­­­­байжан, Қырғызстан мемлекеттері мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатас­ы­ның өкілдері, лауазымды тұлғалары, спи­­­­керлері экономиканы дамыту жөнін­дегі ұсыныстарын айтты.

Форум алдында Түркістан өңірін танытатын көркемсурет галереясы мен презентациялар, халықаралық бизнес пен инвестициялық жобалар жәрмеңкесі ел назарына ұсынылды. Іс-шарада ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, экс­порт, логистика және IT-білім сияқты негізгі салалар бойынша талқы өтті.

Халықаралық форум аясында Түр­кіс­тан облысында ауқымды жиынға қатысып жатқан Қазақстан, Түркия, Қыр­­­­­­­­ғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді ком­­пания­­­ларымен бірнеше бағытта 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Сауран ауданында тоңазыт­қыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныс­та­­ры кендерін өңдеу зауытының құры­лысы, «Шардара» экспорттық агро­­өнер­кә­­сіптік кластарын құру, Мақтаарал ау­­да­нында тоқыма кластарын құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы бойынша Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын икемді генерациялау режимі бар аралас циклді газ стансасының негізінде электр стан­­­сасын салу бойынша, түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын құру, Бәйдібек ауданында тауық жұ­­мырт­­қасын өндіретін құс фабрикасын құру, дымқыл майлықтар мен балалар жөргектерін шығару бағытында қолда­ныс­­­тағы желіні кеңейту бойынша, ме­талл конструкцияларын шығаратын за­уыт құрылысы бойынша және тағы бас­қа бағытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды.

Маңызды жиында инвесторлар перс­пективалы инвестициялық жобалармен және оларды өңірде іске асыру жағдай­ларымен танысты. Жобаларды бір­лесіп дамыту үшін бизнес-қоғамдастық, жер­гілікті билік және инвесторлар ара­сында стратегиялық серіктестіктер ор­­­­­на­­тылды. Мұндағы басты мақсат – эко­­­номикалық өсуді ынталандыру, ин­­­­­­­­­­­­фра­­­­­­­құрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, технологиялық жаңару және жергілікті бизнестің бәсекеге қабі­­леттілігін арт­тыру мақсатында өңірге шетелдік ин­вестицияларды тартуға жәр­­­демдесу. 

Аймақта инвестициялық әлеуетін то­­лыққанды жүзеге асыру мақсатында ау­қымды жобаларды іске асырылып, алыс-жақын шетелдік инвесторлармен тығыз байланыс орнатылып келеді. Мәсе­лен, бұған дейін Түркістан облысы Ордабасы ауданына Қытай Халық Республикасынан арнайы іссапармен келген делегация бірқатар өндіріс ор­нын аралап, инвестиция салуға ниет­ті салалардың жұмысымен таныс­қан еді. ҚХР Шандон провин­­циясының Линцин қаласы, Шыңжаң өлкесінің Үрімжі қала­­­­сындағы ірі кәсіпорын басшылары инвестициялық жобалар туралы талқы­лады. Нәтижесінде, ордабасылық «Ком­па­­­­ния Ануар» ЖШС мен қытайлық Baoji Haoyu Hitech Machine Engineering Co.Ltd корпорациясы қыш зауытына қа­­жетті жаңа технологиялы қондырғы жабдықтар сатып алу үшін өзара ынты­­мақтастық меморандумына қол қойған.

Сонымен қатар аймақта экономи­­­­ка­ның дамуына серпін беретін ұзындығы 152 километр болатын жаңа теміржол желісінің құрылысы қарқын алды. Ірі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатыр және республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу бекеті ашылады.

Премьер-Министр Әлихан Смайы­­­лов ірі мегажобаның маңыздылығына тоқ­­тала келе, өткен жылы теміржол ар­қы­лы ел тарихындағы ең жоғары, яғни 245 млрд тонна-километрді құрайтын жүк көлемі тасымалданғанын атап өтті. 

Бұдан бөлек, ирандық Solico Group компаниясының өкілдері де Түркістан облысында сүт өнімдерін өндіретін за­уыт салуға, ауыл шаруашылығы өнім­де­­рін қайта өңдеуге ниет білдірген. Инвес­­тордың жобасымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенже­ханұлы өңірде инвестициялық жобалар­ға жасалған мүмкіндікте тоқтал­ды. Кездесу нәтижесінде, екі тарап ауыл шаруашылығы саласында өзара ынты­мақтастық құруға уағдаласты.

Кәмила ЕРКІН