Бас қаладағы Астана халық­ара­лық мектебінде 7-12 сынып оқушы­лары арасында ISA Hackathon атты ерекше жарыс өтті.
Хакатон хикаясы: Елордадағы ерекше жарыс
799
оқылды

Дода шарты бойынша «мектеп – оқушы – ата-ана» үштік одағы бірлесе жұмыс істеуі қажет. Білім ордасында алғаш рет өткен бұл жарыстың басты ерек­­шелігі – оқушылар 24 сағат бойы өз командаластарымен бірге тоқтау­сыз бағдарлама жасаған.

Хакатон дегеніміз не? Бұл – қысқа уа­қыт ішінде өнімнің прототипін әзірлеуі ке­рек жарыс. Мұндай жарыста талантты бағдарламашылар, компьютерлік ди­зайндардың технологияларын жақсы меңгерген жастар болашақтың эко­но­микасы үшін маңызды білім мен дағды­ларды үйренуге мүмкіндік алады. Астана халықаралық мектебінің 10 жылдығына орай оқушылар арасында осындай ерекше сайыс өтті. Сайысқа 4 оқушыдан тұратын 8 команда қатысты. Олар web-бағдарлама, сайт немесе интерактивті ойындардың шешімін 1 тәуліктің ішінде айтып, өз­дерінің жауабын ұсынды. Ойы озық, білімі жүйрік жас буынның арасында өткен хакатон жарысының мақсаты – жаңалық ашуға құмар зияткерлердің тала­бын шың­дау, оқушылардың шығарма­шылық ой­лауын және жобалық топтық жұмыс тәжі­рибесін дамыту. Қатысушы­ларға барлық мүмкіндік жасалған, кез келген уақытта су ішіп, тамақтануға рұқ­сат. Ең бастысы, берілген уақыт ішінде жобаларын дайын­дап, әділ қазыларға таныстырулары керек. Хакатон 3 сериядан: оқушылардың психо­логия­лық әл-ауқатын қолдау, Jusan қосым­шасында инклюзивті өзара әрекеттесу ортасын дамытуға арналған концептуалды шешімін және Arduino арқылы автоматтан­дырылған түгендеу ортасын анықтаудан тұрды.

 Жарыстың ашылу салтанатында мек­теп директоры Айдар Булатов: «Біз мек­тепте осындай іс-шараны ал­ғаш рет өт­кізіп отырмыз. Жобаны қолға алған кезде «бұл керек пе, керек емес пе?» деп көп ой­лан­дық. Мектепте болып, бір күн ұйық­тамай, оған қоса қандай да бір өнім ойлап табу – ол оңай шаруа емес. Десе де, уақыт өз­­геріп жатыр, қазіргі бала­лар өз жаста­ры­на өте ақылды, тез жетіліп жатыр, сондық­тан осындағы балалардың еңбегіне сене­міз», – деді.

Виртуалды жасанды интеллект жары­сында Astana Hub жобалық кеңсе дирек­торы Шоқан Әбілқасымов, Jusan Bank өңірлік директоры Ахат Мұхаметқанұлы, Software Engineer kompra.kz бағдарламалық қамтамасыз ету инженері Нұратай Әділет қазылық етті. 

Жарыс қатысушыларына IT саласының мамандары өз кеңестерін айтып, тәжірибе­лерімен бөлісті. Солардың бірі – Astana Hub. 

 – Astana Hub халықаралық стартаптар технопаркінің негізгі мақсаты – IT сала­сын дамыту, IT стартаптарға қолдау көр­сету, IT экожүйені дамыту. Қазір Astana Hub жас мамандарға қолдау көрсетіп жа­тыр. Себебі сендер – еліміздің IT сала­сының болашағысыздар. Сондықтан тех­нопарк білім беру бағдарламаларына көп көңіл бөліп келеді. Осындай іс-ша­ралар өткізіліп жатқанына қуаныштымыз, – деді Astana Hub кеңсесінің жобалық директоры Шоқан Әбілқасымов. 

Жарыс нәтижесі бойынша 7-9 сынып және 10-12 сынып аралығындағы 2 жеңім­паз команда анықталды. Жоғары лига оқу­шы­ларының арасында «Сабыр» коман­дасы жеңіске жетті. Команда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жасанды интеллект негізінде виртуалды ассистент әзірледі.

– Мектебімізде алғаш рет ұйымдас­тырылып отырған хакатонның қатысу­шы­сы болғаныма қуаныштымын. Коман­дамыз­­дағы 2 оқушы бағдарламашы болса, қалған 2-еуі – спикер. Әрқайсымыз кейсті шешу жолдарына байланысты түрлі идея­лар айттық. Кейін ойымызды саралай келе бір тұжырымға келіп, аутизм синдромы бар балаларға арнайы назар аударатын бағдар­лама­лар құруды шештік. Тіркеуден кейін бірден Jusan Junior қосымша­сын­дағыдай, біз балалар мен олардың ата-аналарына балалардың қандай жағдайда жақсы жұмыс істейтінін анықтау үшін тестілеуді қостық. Тестілеу барысында баланың орта есеппен бір сұраққа жауап беру үшін қанша уақытты қажет ететінін анықтадық. Сондай-ақ бала­ның назарын бақылау үшін көзді бақылау функциясын орнаттық. Жаттығу кезінде бала­ның на­зары ауып кетсе, алдын ала есеп­телген уа­қыт­тан кейін бағдарлама баланың наза­рын қайтару үшін анимация немесе музы­ка қосады. Сондай-ақ біз GPT чатына қо­сыл­ған ботты қолданбаның өзіне қос­тық, осылайша сізге ыңғайлы уақытта қар­­­жы­лық сауаттылыққа қатысты кез кел­­­ген сұрақ қойып, оның жауабын білуге бо­­­лады, – деді команда мүшесі Назда Смела.

Ал кіші лига оқушыларының арасында Always Cold pillow тобы озық шықты. Топ мүшелері оқушының эмоцияларын тал­дай­тын камера және мұғалімге арналған микропроцессорлармен жабдықталған тех­но­логиялық төсбелгіні ұсынды. Ұсы­ныл­ған жобаның артықшылығы – ата-аналар қашықтықтан баланың эмо­цио­нал­ды жағдайы туралы хабардар бола ала­ды, ықтимал проблемаларды ертерек анық­тап, деректерді қауіпсіз сақтауға мүм­кіндік көп. Бәсекелес Face motion detection қосымшасы фотосурет арқылы адамның эмо­циясын анықтап, оны пайызбен есеп­теп береді.

Үздік атанған жас стартаперлер келесі жылы наурызда Назарбаев Зияткерлік мек­тептері арасында өтетін сайысқа қаты­сады. Ел болашағы – жастардың қолында. Ғылымға енді қадам басып келе жатқан бү­гінгі жас өнертапқыштардың беталысы – елімізді әлемнің IT кеңістігінде стан­дартқа сай жобалар жасауға лайықты еке­нін дәлелдей түседі.