Түркістанда ең алдымен өңірдің дәстүрлі салаларын дамытуға көңіл бөлінуі керек.
Оңтүстікке жыл басынан бері 235 мың турист келген
838
оқылды

Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» – TIF’23 халықаралық форумында атап өтті. 

Форумның пленарлық сессиясында Еуразиядағы BBC Global News басшысы Сергей Становкин бағдарламаны таныстырды. Форум қонақтарын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қарсы алып, Түркістан ежелден Жібек жолы торабында мәдениет пен сауданы дамыту орталығы болғанын айтты.

«Біздің өңір бизнес және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен әлеует пен қолайлы жағдайларға ие. Форумды өткізу ынтымақтастық пен бизнесті дамыту үшін жаңа бағыттар ашуға, тиімді ынтымақтастық орнатуға және өңір экономикасына үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді өңір басшысы.

Форум аясында отандық және шетелдік өндірушілердің өнімдері мен инвестициялық жобалардың көрмелері, сондай-ақ туристік өнімдер бұрышы көпшіліктің назарына ұсынылды.

 

Қазіргі кезде өңір халқы 2,1 млн адам. Облысқа келген туристер саны жылдан-жылға артып келеді. Өңірде  шағын және орта бизнестің 170 мың өкілі жұмыс істейді. Соның ішінде, 70 мыңы - шаруа және фермерлік қожалық.

Кейінгі бес жылда Түркістан өңіріне инвестиция тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. 2018 жылдан бастап облыс ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздерін жаңартуға шамамен 6,3 млрд доллар салынды. Қаржыландырудың көп бөлігі жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 2023 жылы 437,7 млрд теңгеге 30 инвестициялық жоба іске қосылды, 5 951 жұмыс орны құрылды. Қазір өңірдің 2023-2026 жылдарға арналған инвестициялық портфелінде құны 7 млрд доллар болатын 194-ке жуық жоба бар, бұл 16 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Пленарлық сессияда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов бүгінде өңірде өте жақсы инфрақұрылым – халықаралық әуежай, заманауи теміржол вокзалы салынғанын, қаланың барлық инфрақұрылымы жаңартылып, мұражайлар, кинотеатрлар, діни сипаттағы объектілер бар екенін айтты. Сондай-ақ мұсылман әлемі үшін маңызды нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, сондай-ақ көптеген мәдени ошақ барын атап өтті.

Спикер туризм, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, көлік, тасымалдау, логистикалық қызметтер сияқты жүйе құраушы салаларды дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту экономиканың дамуына серпін беруі тиіс екенін атап өтті.

«Біз ең алдымен өңірдің дәстүрлі салаларына көңіл бөлуіміз керек. Осыған байланысты Ұлттық палата әр ауданда басым салаларды анықтаудан бастап үлкен жұмыс атқарып жатыр. Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылда ауданның мамандану тізімі, өңірлік мастер-жоспарлар, кәсіпорындар тізілімдерін және инвестициялық жобалар тізілімдерін қалыптастыру дұрыс ұйымдастырылған қаржыландыруға, квазимемлекеттік сектор, екінші деңгейдегі банктер тарапынан қолдау шаралары, ҰКП көрсетіп жатқан қолдау шараларына ықпал етуге тиіс», – деді ҰКП басшысы.

Сондай-ақ Форум жұмысы барысында халықаралық және жергілікті инвесторлармен меморандумдар мен келісімшарттарға қол қойылды.

Сонымен қатар салалық сессиялар, халықаралық бизнес пен инвесторлардың қатысуымен инвестициялық жобалар жәрмеңкесі, саланың жетекші сарапшылары мен ауыл шаруашылығы, туризм, жеңіл өнеркәсіп, логистика және IT білім беру сияқты негізгі салалардағы өңірдің экспортқа бағдарланған кәсіпорындарын қамтитын іскерлік бағдарламалардың кең ауқымы жұмыс істеді.

Түркістан форумын түркі мемлекеттері ұйымы, Түркістан облысының әкімдігі, «Атамекен» ҚР ҰКП, «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы, Түркістан облысының Мәдениет және туризм басқармасы, Түркістан облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы,  Open Turkistan  Туристік ақпараттық орталығы» ЖШС,  Turkistan Invest  ЖШС ұйымдастырды.