Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Әйелді ұру біздің дәстүрімізде болмаған – психолог
Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев
5,059
оқылды

Тіпті, елімізде әр үш күн сайын зорлық-зомбылықтан бір әйел адам қайтыс болады делінген ресми деректер де кездесіп жүр. Сондықтан «мұның себебі неде, абьюзердің психологиясын қалай білуге болады, физикалық және психологиялық қысымға ұшыраған әйелдерді қоғамға қалай бейімдейміз?» деген сұрақтар төңірегінде психолог маман Гүлзат Қанатпен сөйлесіп, пікірін білген едік. Ендеше сол сұхбатымызды қадірлі оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

 Гүлзат ханым, соңғы кездері қазақстандық БАҚ-та тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңалықтар тым көбейіп кетті. Бұл нені білдіреді? Бұған дейін мұндай әрекеттің аз болғаны ма, әлде айтылмай келді ме?

Маған әртүрлі жастағы емделушілер келеді. 70 жастағы адамдар да өзінің балалық шағында ата-анасының конфликтіні ұрыспен, төбелеспен шешкені, мамасының көзі көгеріп қалғаны жайлы айтады. Сол кездегі қоғамның жазылмаған заңдылығы бойынша, «әйел бәріне көну керек», «кім байынан таяқ жемей жатыр?» деген секілді адамды басып-жаншып отыратын түсініктер үстем болды. Яғни, «сен қайткен күнде де өз үйіңе қайтып келмейсің» деген дүние бар еді. Ал қазір қоғам және қоғамдық пікір бәрібір өзгерді. Мәселен, біз күнделікті қолданып жүрген әлеуметтік желілер арқылы тек қана өзіміздің «қазақы», Орта Азияның не посткеңестік елдердің түсінігін емес, батыстың, жалпы Еуропаның таным-түсінігі қоғамдық ойда қалыптасып келе жатқанын көреміз. Демек, сол әлеуметтік желі, интернет арқылы сол жақтың теңдік туралы түсінігі де, олардың даму жолындағы  өзгерістері де, трансформациялары да бізге ақырындап келіп жатыр.

Содан кейін де шығар, әртүрлі қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері әлеуметтік желілерде өз ойын ірікпей, ашық жазады. Қазір зорлық-зомбылықтың түрі өте көп. Мәселен, ол қарапайым моральдық зорлық-зомбылықтан басталады. Бұл жерде зақым келтіруші адамды ұрмайды, соқпайды, бірақ сөзбен қысым жасап отырады. Бұдан өзге харассмент түрлері, жыныстық зорлық-зомбылық, репродуктивті зорлық-зомбылық бар. Мұның мақсаты – әйел адамның еңбек етуіне/білім алуына жол бермеу, тек бала тапқызу. Бұл бір жағынан әйелдің де өзінің көнбістігінен туындап отыр. Бізде әйелдердің өз денсаулығын, эмоциялық ресурсын бағамдамай, бақыламай, жыл сайын бала көтере беру нормаға айналған. «Сен маған бала туып беруің керек» деп алып, бірақ сол әйел мен баланың жағдайын ойлап, оның бағып-қағуын, материалдық әлеуетін ойламайтын еркектер бар. Бұл да – зорлық-зомбылықтың біздің қазақ қоғамында белең алған ерекше түрі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы бұрынғыға қарағанда көбірек айтыла бастауы – сол әлеуметтік желілер арқылы қоғамның толыққанды болмаса да, біртіндеп ашық қоғамға айналуының ықпалы деп ойлаймын.

 Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде зардап шеккендердің үштен біріне жуығы ғана полицияға жүгінеді. Бірақ мына жайтты да ескерген жөн деп ойлаймын, озбырлықтан зардап шеккендер көмекке жүгінуге қорқады. Ал батылдық танытқандар үшін әділдікке қол жеткізу қиын. Сонда не істеу қажет?

– Иә, өкінішке қарай елімізде ондай нәрсенің бар екені анық. Біреуді балағаттау,  біреуді ұру – өзгенің шекарасына кіру ғой. Ол – шексіз билік.  Мысалы, мен агрессор (еркек)  болсам, тек қана өз басыма жауапты емеспін. Әйеліме де, бала-шағама да  билік жүргізе аламын. Былайша айтқанда, «ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ маған. «Ажа» деген сөз көне түркі тілінен  «заң», «ереже» дегенді білдіреді.

Демек, кез келген ер адамда «маған ешқандай тосқауыл жоқ» деген ой болса, ал оған айналасындағы менталитеті «сен еркексің» деп рұқсат беріп қойса, онда оған тоқтам болмайды. Патологиялық түрде шексіз билікке ұмтылғандардың біріне айналады. Бізде заң жүйесінде әлсіздік пен жемқорлықтың бары рас. Мәселені тамыр-таныстықпен шешу, яғни егер заң өкілі агрессордың танысы десек, олар бір-бірін танығаннан кейін, жазылған арызды қайтара салуы мүмкін. Сөйтіп, агрессорда «мен қанша қайталасам да, соттайтын заң жоқ» деген түсінік қалыптасады. Бұл – адамның психикасында белгілі бір деңгейде патология болғандықтан туындайтын агрессия, тирания, садизм. Егер бұндай адамды заң жүзінде тоқтатпаса, ауру әрі қарай өрши береді. Психикасындағы шектеулер жойылады. Мысалы, дені сау адам өзінің кеңістігінде істейтін әрекеттерді үйден тыс жерде жасамайды. Ал патологиясы бар адамдар психикасының структуралық ерекшелігіне байланысты, ішкі агрессиясын басу жолдарын бағамдай алмайды да, сол агрессияны тірі жанға бағыттайды. Бұл – жалғыз психологтің жауап беретін сұрағы емес. Заң өкілдері, Үкімет, Министрліктегілер де ойланатын сауал. Мәселен, маған емделушілердің бірі келіп, одан өміріне қауіп төніп тұрғанын байқасам, әрі қарай оны құзіретті органдарға бағыттаймын. Нағыз болмаса мәселені құқықтық органдарға өзім-ақ хабарлауым да мүмкін.  Сондықтан шын мәнінде мәселені шешу, реттеу – сол органдағылардың қызметі. Заң дұрыс жұмыс істеуі қажет. Өйткені қолында билігі бар адамдар – біздің әке-шешеміз секілді, олар бізге, біздің өмірімізге құқықтық тұрғыдан жауапты. Яғни, Үкімет – ата-ананың рөлінде, халық – баланың рөлінде.  

 Адамның абьюзер екенін және оның психологиялық ауытқуларының бар-жоғын қалай байқауға болады?

– Бұл бала кезден, нақтырақ айтсам, сол балаң шақтағы тым қатыгездіктен, жауыздықтан байқалады. Кейбір адамдар импульсивті болады. Қит еткен нәрсеге ашуланады. Кейін ол қайтып келіп кешірім сұрауы мүмкін, бірақ іс-әрекетінен қорытынды шығармайды.  Жасағаны қайталана береді. Одан кейін адамға «бауыр басып қалу» деген дүние бар. Адамда сау тұрғыда бауыр басу бар. Бұл – ақылға қонымды, сау бауыр басу, сағыну, іздеу. Келесі патологиялық жағы – тәуелділік. Ғашықпын деп жеке кеңістігіне қол сұғу, мүлдем ауа қалдырмау. Бірақ бұл – ғашықтық емес, тәуелділік.

Мәселен, мынадай типтегі адамдар бар. Адамға «сен менің өмірлік жолдасымсың, әйелімсің, досымсың» деп алады да, кейін сол адамды 100 пайыз иемденеді. Бұның ең қауіпті белгісі – қасындағы жанға жеке кеңістік қалдырмай, бақылап жүру, ізіне түсу. Өйткені ол өзінің әрекеттерін «ғашық болғандықтан» деп түсіндіреді. Бірақ бұл – ғашықтық емес, психологияда ол «адамға әуес болу» деп аталады.

Келесі тип – тым суық, тым түсініксіз адамдар. Олар мүлдем ештеңе айтпайды, сұраса ашуланады. Конфликт бола қалған жағдайда, оны шешуге қауқарсыз. Бұл – адамның абьюзер екенін анықтайтын бастапқы белгілер. Дұрыс қарым-қатынаста адамдар үйленерге дейін бір-бірін зерттейді ғой. Мәселен, қыздарды алайықшы. Жігіттің қандай адам екенін, ашуланғанда қалай әрекет ететінін әдейі сынап көруге болады. Оның бір мысалы – ұзын-сонар кезекте бірге тұру. Себебі көп жағдайда ер адамдар уақытын жоғалтып, аяқтай кезекте тұруды ыңғайсыз көреді. Ал сол ыңғайсыздықты ол қаншалықты көтере алады? Егер сол жерде «еріңіз» барлығын жамандап, төбелесіп, қырылып, қарсылық танытып жатса, онда қарым-қатынаста абай болған жөн.

Сосын мынадай да мәселе бар. Жұбыңыз сізбен сөйлесе ме, арадағы дауда икемге келе ме, соны да ескерген дұрыс. Мысалы, қыз бен жігіт қыдырып жүріп, қыз Медеуге, ал жігіт Көктөбеге барғым келеді деп келісімге келе алмады делік. Онда жағдай қиын. Мәселе осындай ұсақ-түйектен-ақ басталады. Өз пікірінен басқаға келіспеу, икемге келмеу, өз дегенінен қайтпау – адамның абьюзер екенінің тағы бір нышаны.

Немесе  екі адам сөйлесіп жүргеннен кейін, бір-біріне құпиясын, жеке нәрсесін айтып ашылатын сәттер болады ғой. Сол кезде оның әйелге деген құрметін, адамды сыйлай білетінін яки әйелдерді сексуалды объект ретінде көретіні секілді көзқарастарын зерттеу – өте маңызды. Ашық тақырыптар қозғалған кезде бұл да сұралуы қажет.

 – Физикалық, психологиялық қысым көрген әйелдерді қоғамға қалай бейімдеген жөн?

 – Қоғамнан, оның қоршаған айналасынан қолдау керек. Бұл жерде «Сені ұрып соқты ма? Демек өзің кінәлісің! Тіліңе ие болмаған шығарсың?!» деген түсінік мүлдем орынсыз. Конфликте екі адам да кінәлі болуы мүмкін. Бірақ соған қарамастан, бір адам екінші адамды ұруына болмайды. Біріншіден, адамға қол жұмсау – қылмыс, оны тоқтату керек. Содан кейін ғана оның психологиялық себебін қарастырамыз.  Мұндайда жәбірленуші айналасынан мейлінше қорғау алуы, заң өкілдері мен арнаулы орталықтарға баруы қажет. Физикалық қауіпсіз жерге барған соң, емделушінің психологиялық жан жарасын, жиналып қалған шерін біреумен сөйлесу арқылы тарқатпаса, оның еркек атаулының бәрінен қашып, қорқып қалуы әбден мүмкін. Немесе керісінше, саналы ғұмыры еркектерге қарсы күреске айналып кетуі мүмкін. Бірақ бәрібір істің ақ-қарасын айыру керек. Адам айналасынан қолдау алып, психологпен жұмыс істегені абзал.

Не десек те, біз – дәстүрлі қоғамбыз. Егер көп отбасындағы мәселеге үңілсеңіз, «әйелге қол көтеру – қалыпты отбасылық жағдай», «араласпаған дұрыс» деп жатады. Сіздің бұған қатысты көзқарасыңыз қалай? Осы ғасырдың танымына, түсінігіне дәстүрлі құндылықтар, салт-дәстүрлер жауап бере ала ма

– Шын мәнінде, «әйелді ұру» біздің дәстүрімізде болмаған. Психикада жыныс жоқ болғанымен, еркек пен әйел психикасының айырмашылығы, ерекшелігі бар. Негізі әйелдің психикасы икемді. Бұны өткен тарихқа шолу жасап-ақ көруге болады. Мысалы, Кеңес Одағының  құлап, елдің жағдайы одан бетер тұралап, өліара кезеңге тап болған кезде әйелдердің көбі мұғалім бола тұра, негізгі мамандығын тастап, базарға шығып кетті. Яғни, ситуацияға тез бейімделіп, икемделе қойды. Ал сол кезде еркектер не істеді? Морт сынды. Арақ ішіп кетті, соның кесірінен санасы да бүркелемене түсті. Сонымен қатар сол кезде «әйелді ұру» деген түсінік сәнге айналған кезең болды.

 – Адамның, дәлірек айтқанда, бұл жерде әйелдің психологиялық қысым көріп жүргенін қалай анықтайсыз? Білген жағдайда оларға қандай қолдау, көмек көрсетуге болады?

– Егер адамның өзі белгілі бір қысым көріп жүрсе, ол әуелі өзін-өзі құтқаруға ұмтылуы керек. «Заң әлсіз» деген күннің өзінде де бәрібір қоғамдық резонанс тудыратын белсенділер бар, ақпараттық алаң ашық, қайткен күнде де өзіңді қолдайтын жандар табылады. Егер біреу қысым көріп, зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, өзі көмек сұрамаса, сіз ештеңе де істей алмайсыз. Қайта айналасындағылар оған қолдау көрсетіп, қасында болатынына, қорғай алатынына сендірсе жақсы.

 Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың ең көп таралған түрлері қандай?

– Сұхбат барысында атап өткендей, елімізде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың түрлері өте көп: моральдық қысым (сөзбен кекетіп мұқату), намысына тию, физикалық және қаржылық қысым, репродуктивті қысым (бала туғыза беру). Статистика бойынша, Қазақстанда бұлардың ішінде көбіне осы моральдық және физикалық зорлық-зомбылық түрі жиі кездеседі. Сонымен қатар зардап шегетіндер – өте көп жағдайда әйелдер.

 Біздің отбасы, неке институттарында қандай психологиялық мәселе бар? Әрі оны дұрыстау үшін қандай қадамдар жасалғаны жөн?

– Отбасындағы конфликтіні, зорлықты болдырмас үшін білікті мамандардың қызметіне жүгіну маңызды. Біздің тісімізді жуғанымыз сияқты іште жиналып қалған, психикадағы өкпе-ренішті, қоқыстарды тазартып, шығарып тастау қажет. Сондықтан да терапия  жүргізу – пайдалы.

 

Сұхбаттасқан Ақлима ЖАҚСЫБЕКОВА, 

М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті,

Халықаралық журналистика мектебі,

«Журналистика: аналитика және зерттеу» 

мамандығының студенті