Туннель 17 күн бұрын 4,5 шақырым тереңдікте опырылып түскен.
Үндістанда туннель астында қалып қойған 41 жұмысшы 17 күннен кейін құтқарылды
Фото: REUTERS
1,991
оқылды

Үндістанның Уттаракханд штатында 17 күн бойы Гималай тауларындағы туннель астында қалған жұмысшылар түгелдей құтқарылды, – деп хабарлайды Aikyn,kz ВВС-ге сілтеме жасап.

Ресми ақпаратқа сәйкес, жұмысшылар туннельдің ішінде қалып қойғанымен, үйінді астында қалмаған. Ұзындығы екі шақырым, ал биіктігі 8,5 метрді құрайтын кеңістік олардың аман қалуына себеп болған.

Үйіндінің алғашқы қабаты бұрғыланғаннан соң жұмысшыларға тамақ, су және оттегі жеткізіліп тұрды.

Ал құтқару операциясына 100-ден астам адам жұмылдырылды. Олар үйінді арасынан бетон құбырды өткізу арқылы туннельде қалып қойған жұмысшыларды шығарып алу үшін тынбай әрекет етті. Осылайша, 57 метрлік құбыр арқылы жұмысшыларды жер бетіне шығара бастады.

Силкьяра туннелі – құны 1,5 млрд доллар, ұзындығы 890 шақырымды құрайтын жолдың құрылысы бойынша «Чар Дхам» жобасының бір бөлігі. Туннель индуистердің маңызды ғибадат орындарын байланыстырады. Ол Гималай тауларымен – әлемдегі ең биік әрі сейсмикалық белсенді таулы аймақ арқылы өтеді.