Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, кейінгі 20 жылда Қазақстандағы ғылыми ұйымдардың саны 1,5 есеге, ал зерттеушілер саны екі есеге жуық өсті.
Интернеттегі «оңай ақша» және қаржылық тәуелсіздік: неліктен жастар арасында ғылымға сұраныс аз?
935
оқылды

Алайда соған қарамастан, елімізде ғылымның орнықты дамуына кедергі келтіретін бірқатар проблема әлі де сақталып келе жатыр. Бұл мәселе жастар арасында да байқалады. Осы ретте «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы Мария Мұратова бұл мәселені ғалымдар буынының алмасуының төмен деңгейімен байланыстырады.

«Осы саладағы проблемалардың бірі – жастардың ғылымға аз келуі. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, кейінгі үш жылда 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардың саны 7,3 мыңнан 6,6 мыңға дейін азайды. Бұл ретте ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын қызметкерлердің жалпы саны іс жүзінде өзгерген жоқ. Сонымен қатар ғылымдағы зейнет жасындағылар 25 жасқа дейінгі жастарға қарағанда екі есе көп», – дейді сарапшы.

Мария Мұратова сонымен қатар жас зерттеушілер арасында біліктілік деңгейінің төмен екенін де атап өтті. Мәселен, 65 жастан асқан барлық зерттеуші мамандардың 54%-ы ғылым, философия немесе бейін бойынша докторлық дәрежеге ие болса, жас ғалымдар арасында бұл көрсеткіш тек 15,9%-ды құрайды.

«Бұл тұрғыда диссертацияны қорғаумен оқуды аяқтаған докторантура түлектерінің төмен үлесі байқалады. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы PhD дәрежесін алған түлектер саны небәрі 234 адамды (15,2%) құрады. Бұл – 2020 жылғы көрсеткіштің жартысы (483 адам немесе 33,4%). Алайда мұндай төмен көрсеткіштер, ең алдымен, оқу кезеңінде докторанттардың оқудан шығарылуының жоғары пайызы, шетелдік журналдарда жарияланымдар бойынша қатаң талаптар, докторанттардың жұмысын тым көп бақылау және басқа да себептермен байланысты», – дейді сарапшы.

Сонымен, қазір жастар арасында не танымал? Бүгінгі қазақстандық жастар арасында бүкіл әлем сияқты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер үлкен танымалдыққа ие.

«Бүгінде жастар арасында ең танымал тренд  – қаржылық тәуелсіздік. Бұл тренд тиісті сауалнамада ең көп (48,2%) дауыс жинады. Одан кейін жартылай немесе толық қашықтан жұмыс істеу (26%) танымалдыққа ие болды. Бұл жаңа ұрпақтың қаржы тұрғысынан ата-анасынан тәуелсіз болғысы келетінін және сонымен бірге ыңғайлы жұмыс кестесі мен оқуды қатар алып жүргісі келетінін көрсетеді», – дейді сарапшы.

 

Сарапшының пікірінше, бүгінде жастар ғылыми-зерттеу жұмыстарына онша қызығушылық танытпайды. Қазір олар интернетте контент өндіру мен қаржылық тәуелсіздікке ұмтылады. Сонымен қатар жастар кәсіби қызметке мүмкіндігінше аз ресурс жұмсағысы келеді, өйткені «жылдам ақша табу» тәсілдері өте танымал. Ғылымға бағытталған кәсіптерге қарағанда жоғары әрі жылдам табысқа жетуге уәде беретін инфлюенсер, блогер, онлайн маркетолог, СММ және басқа да онлайн-кәсіптер мен әлеуметтік желілердің жоғары қарқынмен таралуы жағдайды одан әрі қиындатып отыр.  

«Осыған байланысты жастарды ғылымға тарту бойынша бірқатар шара қажет, оның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды ұлғайту, ғылымды қаржыландыруға және дамытуға бизнесті тарту, жас ғалымдардың сапалы құрамын күшейтуге жәрдемдесу, сондай-ақ ғылымды жас ұрпақ арасында танымал ету бойынша ақпараттық саясатты жетілдіру қажет», – дейді сарапшы.

Жастарға қатысты басқа да қызықты құбылыстар мен үдерістерді «Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасынан табуға болады. Биыл он бірінші рет жарияланып отырған құжаттың толық мәтінімен eljastary.kz сайтында танысуға болады.

 

Фото: massaget.kz