Түркістан – тоғыз жолдың торабында орналасқан аймақ. Халқы тығыз орналасқан өңірде тіршілік қашан да қайнап жатады. Дегенмен қазіргі таңда Түркістан облысының бюджеті толықтай республикалық бюджет трансферттеріне тәуелді.
Өңір экономикасы жаңа белесті бағындырды
1,910
оқылды

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасаған облыс басшысы Дархан Сатыбалды бұл аумақтық бөлінумен тікелей байланысты екенін жеткізді. Себебі негізгі өндіріс орындары Шымкент қаласы аумағында қалып қойған. Ендігі мақсат – облыстың өндіріктік әлеуетін тиімді пайдаланып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларын ары қарай дамыту.

Облыс әкімі 2023 жылдың 10 айында Түркістан экономикасы оң өсімге қол жеткізіп, жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асқанын атап көрсетті. Нақ­тырақ айтқанда, өнеркәсіп өнім көлемі 2 пайызға артып, 758 млрд тең­гені құрады. 

Дархан Сатыбалды өсім негізінен сүт, тоқыма және электр жабдықтары өндірісінің есебінен орын алғанын жет­­кізді. Дегенмен қазір облыс өнер­­кәсі­бінің негізін тау-кен, яғни уран өндірісі құрайтынын айтты. 

«ҚазАтомпром» ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр.  Жер учаскесі анықталып, компа­ния тарапынан техникалық-экономи­­­калық негіздеме әзірленуде. Ендігі жы­лы құрылысы басталады. Жобаның құны – 100 млрд теңгеге жуық», – деп нақтылады өңір басшысы.

Агроаймақ алда келеді

Аймақтың агросаладағы же­тіс­тіктері де аз емес. Атап айтқанда, отан­дық бренд­ке айналған «оңтүстіктің өнімі» республикада көш бастап тұр. Мәселен, биыл он ай ішінде облыста 1 трлн теңге­­ден аса ауыл шаруашылығы өнімі жи­налған. Өңір басшысы Да­рхан Сатыбал­дының айтуынша, егістік­­терді әр­тарап­тандыру нәтижесінде көк­өніс, бақ­ша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тон­на жиналды. Сондай-ақ сала­да жаңа технологиялар кеңінен қол­­да­нылуда. 

«Қарқынды бау көлемі 5 405 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есе­­­ге артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда.  Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы ендіріліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Жылыжайлардың жалпы көлемі 1  640 гек­тарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Бұған қоса, 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гек­тарға жаңа жылыжай салуды жоспарлап отырмыз», – деп мәлім етті облыс әкімі. 

Аймақ басшысы жылыжай шаруа­шы­­­лықтарын қолдаудың жаңа тетіктері әзірленіп, жылыту шығындарын суб­сидиялау ережесі бекітілгенін жеткізді. Ал жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін ар­­найы кооператив құрылып, көмір өн­дірушілерден тікелей тасымалдау келісілгенін айтты.

Сонымен қатар мақтаның нарықтық бағасы жыл сайын құбылады әрі экс­портқа тікелей тәуелді. Осыған байла­­­нысты мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. 

«Қазір шетелдік ірі тоқыма компа­­­­­­нияларымен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы бірқатар жобаларды жү­­зеге асырып, мақта бағасына экспорттық тәуелділікті төмендетуді көздеп отыр­­­мыз. Сондай-ақ мақта дақылын рента­­бельділігі жоғары дәндік жүгері дақыл­дармен алмастыру мақсатында «Жы­­­­­­­лы­­на 150 мың тонна жүгері дәнін те­­­­­рең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда. Құрылыс бас­тал­­­ды, 2025 жыл­дың соңына дейін аяқ­­­­талады», – деді өңір басшысы.

Дархан Сатыбалды Түркістан өңірі ауыл шаруашылығының дамуы бо­­­йынша да  алдыңғы қатарда екенін атап көрсетті. Оның мәліметінше,  мал басы өнімділігі орташа есеппен 5 пайызға өскен. Ет экспорты бойынша облыс рес­публикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85 пайызы, ұсақ мал етінің 60 пайызы – оңтүстік өңірдің үлесінде. Облыс әкі­мінің айтуынша, аймақтағы халқтың 80% ауылда қоныстанған. Негізгі кәсі­бі – ауыл шаруашылығы. Басқа саламен салыстырғанда табыс төмен. Осыған орай, ауыл халқының әл-ауқатын жақ­­­­­сарту мақсатында Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 6 ба­­­­ғытта іске асырылуда. Бұл мақсатқа бюд­­­­жеттен 19,8 млрд теңге бөлінген. Пи­­­­лоттық жобаға енген 64 ауылдық округте 14,8 млрд теңгеге 2 496 жоба қар­жыландырылып отыр.

Нәтижесінде, 3 413 жаңа жұмыс ор­ны ашылады, қосымша 30 млрд тең­­­геге өнім өндіріледі, жобаға қатысу­­­­шы­­­­лардың орташа табысы өседі, атаулы әлеу­­­меттік көмек алушылар саны азая­­ды, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүк­темесі ұлғаяды деп күтілуде.

Кәсіпкерлікке бастау – басты міндет

Түркістан өңірінде шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы ахуал қалыптасқан. Облыс әкімдігінің мәлі­­­метіне сәйкес, өңірдегі кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны биыл 28 мыңға артып, жалпы 213 мыңға жеткен. 

Облыс басшысының айтуынша, шағын және орта бизнесті қажетті ин­фра­­­­­құрылыммен қамтамасыз ету үшін бүгінде Сауран ауданында 30 гектар ау­мақта шағын өнеркәсіптік аймақ жоба­­сы іске асырылуда. Жобаға сәйкес, алда­­ғы 3 жылда 42 өндірістік ғимарат са­­лы­­­нады. Олар кәсіпкерлерге жеңіл­­детілген талаптармен ұсынылатын болады.

 «Кәсіпкерлер 21,3 млрд теңгеге жеңіл­­­детілген несиемен қамтамасыз етілді. Келесі жылы несиелендіру көле­­­мін 40 млрд теңгеден асыруды межелеп отырмыз», – деп атап көрсетті Дархан Сатыбалды.

Өз ісін бастауға ниет білдірген аза­­маттарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қыз­­­­мет көрсету орталығы» арқылы 20 мыңнан астам қызмет түрлері тегін көр­­­се­­­тілгенін жеткізген әкімнің ай­­туынша, жыл басынан бері түркістандық кәсіпкерлер сомасы 1 трлн теңгеден асатын өнім шығарған. 

Сондай-ақ іскер азаматтарды қолдау мақсатында келесі жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қой­­­­маларын салу үшін жұмсалған инвести­­­­циялық шығынның 50 пайызын өтеу мәселесі шешілген. 

Бұған қоса, ауыл халқының жағ­­­­­­дайын жақсарту мақсатында 6 бағытта «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 млрд теңге бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауыл­дық округ белгіленіп, бүгінге де­йін 15,6 млрд теңгеге 2 632 жоба қаржы­­лан­­дырылды.

«Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, қо­сымша 30 млрд теңгеге өнім өндіріледі, жобаға қатысушылардың орташа та­бысы өседі, атаулы әлеуметтік көмек алу­шылар саны азаяды», – деп мәлім етті Дархан Сатыбалды.

Игілігі мол инвестиция

Облыс әкімінің айтуынша, өңірлік экономикаға тартылған инвестиция 1,4 есеге артып, көлемі 751,4 млрд тең­геге жеткен. Оның ішінде 532,6 млрд тең­гесі – жеке инвестиция, 178,3 млрд теңгесі – бюджеттік инвестиция. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларын құрап отыр. 

– Бүгінде инвестиция көлемі 2,6 трлн теңге болатын 10 қытайлық ком­паниямен келісімге қол қойылды. Ке­лісім аясында өңірде жиһаз, шұлық өндірісі, мақта шитін өңдеу және сұ­­­рыптау, полиэтилен пленкаларын және тамшылатып суғару жабдықтарын шы­ғаратын кластерді дамытуды жоспар­лап отырмыз, – деді Дархан Сатыбалды.

2023–2026 жылдарға жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 194 инвести­­­­циялық жобалардың пулы қалыптас­тырылды. Нәтижесінде, өңірде 16 467 жұ­­мыс орны ашылады. Биыл 51 ин­вес­тициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінге дейін жалпы көлемі 85 млрд теңгеге жуық 39 жоба іс­ке қосылды. Сонымен қатар шетел ин­весторларын облысқа тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін да­­мытуға мүмкіндік беретін бірнеше маң­ызды жобаларды іске асыру жоспар­­лануда. Өңдеу өнеркәсібінде құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асы­рылып, 594 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгін 11 млрд теңгеге 384 жа­ңа жұмыс орны бар 10 жоба іске қо­сылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалға­сатын болады. Өңірдегі ірі жобаларды іске асыру есебінен алдағы бес жылда бюджетке қосымша 100 млрд теңгеге өзіндік кіріс кіреді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңдеу өнеркә­сібінде 20 жобаны іске асыру жоспар­ланып, бүгінде 10 жоба іске қосылған.

Инфрақұрылымы жетік ел озады

Түркістан облысында халықты ауыз­сумен, табиғи газбен және орта­лық­тандырылған электрмен қамтуды ұл­­­­ғайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Облыс әкімдігінің дерегі бойынша, биыл ауызсумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 719-ға жеткен. Қосымша 20 елді мекенде жаңа су құбырлары салынады, 11 елді мекенде тозығы жеткен су жүйелері жаңар­­­­ты­лады. Нәтижесінде,  88,6%, яғни 738 елді мекен және 2 068 мың адам таза ауыз­суына қол жеткізеді.

– Қалған елді мекендерді алдағы үш жылда толық қамту жоспарлануда. Та­биғи газбен қамтамасыз етуге келетін болсақ, 465 елді мекенде газ құбыры жүр­­­гізілді. Биыл 63 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 52 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Нәти­жесінде, газбен қамтылған елді мекен­дердің жалпы саны 517-ге жетті. Сондай-ақ облыста 98% немесе 816 елді мекен орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Қалған 16 ауыл қа­шықтыққа байланысты басқа қуат көз­дерімен (күн панельдері, дизельді гене­раторлар) қамтамасыз етілген. Бес жыл ішінде облыстың 214 елді мекені сапалы электр энергиясын тұтынуға мүмкіндік алды. Биыл тағы 47 елді мекен қосыла­­тын болады, – деп толықтырды Дархан Сатыбалды.

Дегенмен облыста электр энергиясы тапшы екені жасырын емес. Облыс әкі­­мінің айтуынша, аймақта әлі де 320 МВт көлеміндегі электр энергиясына деген қа­­­­жеттілік бар. Оның 80%-ы сырт­қы көз­­­­­­дер­ден тасымалданады. Бұл мәсе­лені ше­­­­­­­шу үшін «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, қуаты мың МВт бу-газ орнату стан­­­­циясын салу жоспарла­нуда. Бүгінгі таң­­да нысанға арналған жер учаскесі анық­­­талып, құрылыс жұ­мыстары бас­тал­ған.

Кәмила ДҮЙСЕН