Қазақстанда өрттің кесірінен қара жамылатын отбасы­лар саны азаймай-ақ тұр. Бей­сенбіде тілсіз жау тағы 13 адамның өмірін жалмады.
Өртенген хостел: салғырттық салдары
857
оқылды

Бір сәтте, Алматыда  хостел өртенді. Қайтыс болған­дардың арасында қазақстандықтар­дан өзге, шетелдіктердің де бары анықталған. Тоғызы Қазақстан азаматы болса, төртеуі Ресей және Өзбекстан мемлекетінен келген.  

 Айлық төлемақы – 25 мың теңге

Қызыл жалын шарпыған хостел қай уақыттан бері кәсібін дөңгелетіп келеді? Ғимаратта техникалық және өрт қауіп­сіздігі талаптары сақталған ба? Көкейде осы сауалдар тұрды. Індетіп, қазбалап көрдік. Алматы қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың сөзінше, 1956 жылы салынған тұрғын үйдің жер­төлесі мен бірінші қабаты хостелге арналған. Ашылғанына бір жарым айдың жүзі болған хостел осы күнге дейін заңсыз жұмыс істеп келіпті. Бұл ақпаратты қала әкімдігі де жоққа шығармайды. Мұнда көбіне Өзбекстан, Пәкістан, Қырғызстан, Үндістан азаматтары тұрған екен. Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері нысанды хостелге айналдыруға рұқсат бермегенін алға тартады. Қаланың қақ ортасында орналасқан жылжымайтын мүліктің иесі «Куса Халық» ЖШС, жалға алушы ALA Hostel ЖШС екені белгілі болды. Жалдау туралы келісімшарт биыл 21 қыркүйекте жасалған. Бастапқыда нысан дүкен ретінде пайдалану және қызмет көрсету мақсатында ашылған. Аталған нысанның ішкі көрінісімен танысу үшін хостелді 2GIS электронды анықтамалық сервисінен іздеп көрдік. Қосымшадан хостелдегі жатын орындарының қандай күйде орналасқанын байқауға болады. Сондай-ақ мұнда төлемақы бір орынға 2000 теңгеден басталатыны, жалпы саны 100 төсек-орынмен қамтылғаны көрсетілген. Ал хостелде тұрудың айлық төлемақысы – 25 мың теңге. Қолданушылар қалдырған пікірлермен таныспақ болып едік, барлық хабарламалар өшірілген болып шықты.

ЖОО-лармен меморандумға қол қоймаған

Оқиға болған күні хостелде 72 адам түнепті. Олардың 59-ы өз бетімен сыртқа шығып үлгерген.  Бірқатары терезелерді сындырып, тысқа шығудың жолын тауыпты. Кейінірек тексеру жұмыстары­ның нәтижесінде, хостелде өрт сөндіру құралдарының болмағаны анықталды. Бірақ өрт шыққан уақытта дабыл жүйесі жұмыс істеп тұрған. Тілсіз жаумен бетпе-бет келген куәгерлердің айтуынша, хостелдің жертөлесінде орналасқан адамдар сыртқа шығып үлгере алмаған. 

– Түнгі сағат 02:00 шамасында ұйықтап қалдым. Бір кезде мені оятып жіберді. Төменде құлап жатыр екенмін. Түтіннің арасынан сыртқа шығу ауыр болды. Өрт енді басталғанның өзінде түтіннің арасынан аман шығу қиын жағдай.  Ал жертөледе ұйықтап жатқан адамдардың аман қалуы екіталай еді,–дейді оқиға куәгері Арсен Асылбеков. 

Тағы бір атап өтерлік маңызды жайт – өртке оранған хостел Алматы қаласында орналасқан оқу орындарымен ешқандай меморандумға қол қоймаған. Медиа мен әлеуметтік желілерде өзіне қарата айтылған айыпты ескерді ме,   Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек дереу үн қатты. Министр  бүгінге дейін университеттермен келісімшарт орнатқан хостелдерде ешқандай келеңсіз жағдайлар болмағанын жеткізді. Одан өзге Алматыдағы бірде-бір жоғары оқу орны студенттерін аталған хостелге орналас­тыруға келісім бермегенін айтты.

– Өкінішке қарай, осы апатта екі студентімізден айырылып қалдық. Олардың бірі Каспий қоғамдық университетінде білім алса, екіншісі Еуразия технологиялық университетінің студенті. Апаттың себебі мен салдары мұқият тексерілуде. Жағдайға байланысты тиісті шаралар қабылданатын болады. Мұнда атап өтерлік тағы бір жағдай – тамыз айында менің бұйрығым­мен ЖОО ректорларына студенттерді хостелдерге орналастыру туралы тапсырма берілген еді. Оған қоса хостелдерде студенттерден өзге ешкімнің тұрмауын ерекше назарға алдық, – дейді С.Нұрбек. 

Зардап шеккен студенттер жатақханаға орналасады

Министрліктің дерегінше, бүгінде Алматы қаласындағы барлық жатақхана саны – 149, төсек-орын саны – 39 145. Былтыр республика бойынша жатақхана­дағы орын тапшылығы 69 мың орынға жетсе,  қазір тапшылық саны– 17 448 орын. Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын жою үшін жоғары оқу орындары 7612 төсек-орынды 87 нысанды (қонақүйлер мен жатақханалар) жалға алған. Саясат мырза жалға алынған нысан­дарда өрт қауіпсіздігі, санитарлық норма­лар, камералар мен турникеттердің болуы, коменданттық сағаттың сақталуына қа­тысты жоғары талаптар қойылғанын, сонымен қатар студенттік омбудсмендердің қатысуымен үй-жайларды бақылау және тексеру жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті. Осыған сәйкес біз Алматы қаласы бойынша студенттер омбудсмені Әділхан Төлепбергенмен байланысқа шығып, өрттен аман қалған студенттердің қазіргі ахуалы жайлы сұрадық. Студенттік омбудсмен хостелдегі өрт туралы жағдайды естігеннен кейін бірден оқиға орнына барған. Әкімдік және Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп өрттен зардап шеккендерді өзге 3 жатақханаға орналас­тырған. Қазіргі уақытта оларға психология­лық және материалдық көмек (қажетті тауарлар, ыстық тамақ және т.б) ұйымдас­тырылды. 

– ЖОО-ның берген дерегі бойынша қаза тапқан студенттер хостелден орын алуға өтініш берген жоқ. Олар тұрған хостелдің университетпен ешқандай байланысы болмаған. Өздеріңіз білетіндей, студенттер жұмыс істейді. Ал жатақхана­ларға 23.00-ге дейін кіруге рұқсат берілген. Тиісінше, олар ЖОО тарапынан қандай да бір бақылаудың болғанын қаламады, – дейді студенттік омбудсмен өкілі.

Ә.Төлепбергеннің сөзінше, омбудсмен институты әкімдік және СЭС өкілдерімен, депутаттармен бірлесіп ЖОО-ның келісімі бар хостелдер мен жатақханаларға мони­торингтік жұмыстар жүргізген. Кейбіріне ескерту берілген. 

– Жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында брифингте мен «Студенттік жатақхана» ұғымын енгізуді ұсындым. Онда бір университеттің студенттері ғана тұрып, оларға көбірек көңіл бөлінетін болады. Өрт болған хостелде тұрған студенттер университет жатақханаларына орналастырылды. Сту­дент­терге жан-жақты психологиялық, қажет болған жағдайда материалдық көмек көрсетіледі.  Бұл мәселені бақылауда ұстаймын, – дейді Алматы қаласы бо­йынша студенттік омбудсмен Ә.Төлеп­берген.

Жертөлені жатақханаға айналдыруға тыйым салынған

Қазір оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» деп аталатын 292-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ал Премьер-Министр Әлихан Смайылов өрттің негізгі себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясын құрды. Бұл маңызды міндеттің жауап­кершілігі Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа жүктелді. Елімізде жертөлені қонақүй мен жатақ­ханаға айналдыруға қатаң түрде тыйым салынған. 

Ал мекемені заңсыз пайдаланғандар үшін қандай жаза түрі қарастырылған? Алматы қаласындағы оқиғаға байланысты заңгер Тілеужан Кішкенебаевты сөзге тартқанымызда,  ол іс толыққанды ашылса, айыпталушыға бірнеше бап тағылуы мүмкін екенін айтты.

– Өрт немесе жарылыс болып, нәти­жесінде адам қайтыс болғаннан кейін міндетті түрде қылмыстық іс қозғалады. Қылмыстық іс тіркелген соң, бірнеше экспертиза жасалады. Бұл жазатайым оқиға ма, әлде қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтың салдары ма, оның барлығын экспертиза анықтайды. Осыдай кейін ғана тергеу орындары нақты шешім қабылдайды. Сондықтан мен айыпталушы нақты осы баппен бас бостандығынан айрылады деп кесіп айта алмаймын. Өйткені сараптама қорытындысы шықпайын­ша тергеу органдары ақпарат бере алмайды. Сосын бұл істе айыпталу­шыға бірнеше баптар тағылуы мүмкін. Қожайынға жертөлеге хостел ашуға ешкім рұқсат бермейді. Ал ол заңға қайшы әрекетті жасады. Демек, айыпталушы заңсыз кәсіппен айналысып отыр деген сөз, – дейді заңгер Т.Кішкенебаев.

Еске салайық, оқиға болған күні бақилық болған 13 адамның ресми тізімі жарияланды. Олардың ең үлкені 1984 жылғы Қызылорда облысының тумасы болса, ең кішісі небәрі 15 жастағы колледж студенті.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы