Өзбекстанда сиыр ма­лы­ның жалпы саны 13,9 млн басқа жетті. Бұл туралы қазан айын­да kun.uz порталы хабарлады. Көрші елдегі осыншама мал басының 91,3%-ы жеке қораларда бағылып отырса, қалғаны – фермерлік шаруашылықтардың иелігінде.
Ет деген бір ертегі
3,557
оқылды

Ал Қазақстанда қанша сиыр бар? Ұлттық статистика бюросының 1 қарашадағы дерегіне сүйенсек, республикадағы мүйізді ірі қараның саны 9 млн бастан асқан.

Өзбек ағайындардың қотанындағы түлікті бекер түгендеп отырған жоқ­пыз. Өзбекстан осы күнге дейін қа­зақ­тың етін негізгі импорттаушы елдің бі­­рі болды. Қорасы малға, базары етке тол­­ған ағайын өнімді сырттан сатып алу­дан бас тарта ма деген қауіп бар. Өйткені соң­­ғы жылдары Ташкент мал шаруа­шы­лы­ғын дамытуды белсенді қолдап, салаға әлем­дік қаржы ұйымдарының да қара­жа­тын тартқан. Өзбекстан Халықаралық қай­та құру және даму банкімен бірлескен бағдарлама аясында 2042 жылға дейін ұзақ мер­зімді қарыз алған. Бағдарламаның жал­пы құны – 227,8 млн доллар. Мал шаруа­шылығы – ұлттық экономиканың не­г­ізгі салаларының бірі. Оның үлесіне Өз­бекстанның ЖІӨ-нің 13%-ы және ауыл шаруа­шылығында өндірілетін ЖІӨ-нің ша­мамен 50%-ы тиесілі. Өзбекстан Рес­пуб­ликасы статистика агенттінінің дере­гін­ше, 1 сәуірде халық саны 36,1 млн адам­ға жеткен. Яғни, елдегі мүйізді ірі қа­­­раның саны әр мыңыншы тұрғынға шақ­қанда 385 бастан айналады.

Бір қызығы, 1992 жылы Өзбекстанда сиыр­дың саны 5 млн 275 мың бас болып­ты. Отыз жылдың ішінде көршінің мүйізді ма­лы еселеп өскен. Ал біздегі төрт түліктің өсі­мі өте баяу жүруде. Мысалға, арыға бар­май-ақ осыдан он жыл бұрынғы дерек­ті қарасақ, 2013 жылы Қазақстанда 5 690 041 бас ірі қара болған болса, 2023 жылғы рес­ми көрсеткіш – 9 017,6 мың бас.

Өзбекстан біз үшін 2017-2019 жылдары әлеует­ті экспорт көзі болғаны рас. Әсі­ре­се, малды тірідей импорттауда ала ша­пан­ды ағайын бірнеше жыл әбжілдік танытты. Мә­селен, ресми дерекке сүйенсек, тек 2019 жылдың өзінде 156 мың бас ірі қара, 263 ұсақ мал жүк көліктеріне тиеліп, ше­кара асқан. Бұл саудадан ірі фермерлік ша­­­руашылықтар пайда тауып, малдың құ­ны өскенімен, ішкі нарықта шұжық цех­тарында шикізат жетпей, ет ком­би­нат­тары шу көтерген-ді. Жағдай ушығып ба­ра жатқан соң Үкімет 2020 жылдың 1 қаң­тарынан тірі мал экспортына мара­то­рий енгізді. Яғни, өзағаңның сиырының са­ны 14 миллионға жақындауына өзіміз де септескен болып тұрмыз. 

Дегенмен көрші елде көбейген мал­ға жер шақ келмей жатыр. Соңғы жыл­дары мақта мен көкөніс және дәнді-да­қылдар егістігі көлемі көбейгендіктен жем-шөп егетін алқап 73%-ға қысқарып кет­кен. Біздегідей емес, Өзбекстанда жайы­лым жер о бастан аз. Біздегі демекші, әдетте, «Қазақтан жайлым жер көлемі жөнінен әлемде бесінші орында» деп ауыз толтыра мақ­танатынымыз бар. Алайда ол көлемді тиім­ді етуге жұмыс істеліп жатқан жоқ. «Қа­зақстан агроодағы» АКРҚ президенті Алик Сағындықов Капитал.кз порталына бер­ген сұхбатында біздегі 187 млн гектар жайылым жердің 88 млн гектары ғана пай­даланылып отырғанын айтыпты, қал­ған 86 млн гектар қор күйінде тұр. 

«Бос жатқан жайылымды игеру үшін инф­рақұрылым қажет. Жол салып, құ­дық­тарын қазып, су жеткізу керек. Екінші мә­селе – жем-шөп дайындау жұмысы. Кеңес одағы кезінде елдегі жалпы егістік ал­қаптарының 30%-ына жем-шөп дақыл­дары егілетін, қазір 15% деңгейінде, үш жыл бұрын тіпті 11% болды. Егер біз жем-шөп егістігін дамытпасақ, экспорт туралы ой­л­аудың қажеті де шамалы», – дейді ол. 

Бұл мәселе 30 қараша күні елордада өтіп жатқан «Jańa Dala / Vet Astana ‘2023» ма­­мандандырылған көрме-конферен­ция­да да қозғалды. Халықаралық жиында сөз алған «Атамекен» ҰКП Басқарма төра­ға­сы­ның орынбасары Ербол Есенеев экс­порт­­қа қозы етін шығаруға басымдық беру керегін айтты. Оның пікірінше, әлем­­дік нарықта сұраныс қой етіне де өсіп ке­леді. «Қазақстанда шалғайдағы мал шаруа­­шылығын дамыту үшін қолайлы жайылым жер бар. Ол жерге сиыр малына қа­рағанда қой жайған ыңғайлы. Сон­дық­тан ұсақ малдың басын көбейту қажет», – деді Е.Есенеев. 

Оның пікірінше, қойдан бөлек, шал­ғайдағы жайылымдарға жылқы мен түйе малын өсірудің әлеуеті жоғары. «Соңғы жыл­дары жылқы еті Жапонияда сұра­ныс­қа ие, ал түйе сүті Қытайда өтімді. Қазіргі кү­ні Қазақстан жылына 155 мың тонна қой етін өндіреді, ол ішкі сұранысты толық жа­бады. Араб елдері қазақстандық қозы еті­нің 1 келісі үшін 10 доллар төлеуге дайын. Сондықтан осы нарықты да ескеру ке­рек», – деді ол. 

Айтқандай, Астанада өтіп жатқан «Jańa Dala / Vet Astana ‘2023» халықаралық кон­ференцияға қатысушылар ет экс­пор­тында жаңа нарық іздемей-ақ, көрші мем­лекеттер Ресей, Қытай, Өзбекстан үш ел­дің нарығына кіре алсақ жеткілікті де­ген деген пікірді қолдады. 

«Экспорт Қытайға да, Ресейге де тоқ­тап қалды. Өзбекстан алып тұратын еді, олар да азайтты. Қазір ол елге 3-4 ірі кә­сіп­орын ғана ет өткізеді, қалғанына орын жоқ. Себебі ол елге Беларусь арзан етімен кіріп жатыр, олармен бәсекеге түсу қиын. Біздегі еттің өзіндік құнына жем-шөп ба­ға­сы үлкен әсер етуде», – дейді Қазақстан Ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев. 

Былтыр елімізде 924 мың тонна ет өндірілген. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің дерегінше, 2022 жылы Өзбекстанға сиыр етінің экспорты – 18,3 мың тонна болыпты, дегенмен ол 2021 жыл­дан 2,5 есе артық. Ал биыл қаңтар-қыр­күйек аралығында 17,5 мың тонна (72,7 млн доллар) өткізіппіз. Демек, өн­діріл­ген ет көлемінің негізгі бөлігі ішкі на­рықта қалады. Десе де, мал баққан фер­мерге ауыр тиіп отырған негізгі мәселе де осы. «Біз ішкі тұтынудан 120% артық өндіреміз. Экспорттың есігі жабық тұрған кез­де іштегі көтерме баға да арзандайды. Қазір базарлардағы сиыр етінің келісі 1 800-2 000 теңге шамасында болса, өзін­дік құн­ға кететін шығын да сондай. Яғни, сау­да орындарындағы ет бағасына фер­мерлер түк қатысы жоқ. Ол дел­дал­дық­пен қосылған баға. Фермер жыл сайын ма­лының төлін сатып отыруы керек, се­бебі басқа кіріс көзі жоқ. Сатып ақша қылайын десе, алты ай баққан малдың құ­­ны кеткен шығынды ақтамайды. Сол се­­бепті ірі қара өсіретін шаруашылықтар мал басын қысқартып жатыр. Экспортты жү­зеге асыруды жылдамдатпай бол­май­ды», – дейді Қазақстан Ет одағының бас­шысы. 

Жалпы, биылғы қаңтар-қыркүйек ай­ларында Қазақстан 27 мың бас ірі қараны (10,2 млн доллар) тірі күйінде экспортқа шы­ғарған. Оның – 23,8 мыңы Өзбек­стан­ға, 3 мың бас Әзербайжанға өткізілген. Бү­гін­гі күні Өзбекстанға тұрақты түрде ет өткізіп отырған Түркістан облысындағы «Қайып Ата» ЖШС-ның атқарушы ди­рек­торы Мақсұт Шығанбайдың сөзінше, ша­руашылық 500 бас бұқаны сыртқа шы­ғаруға квота алған, бүгінгі күнге дейін оның 200 басы сатылыпты. Айта кетейік, 2023 жылғы 17 қарашадан бастап Ауыл шаруа­шылығы министрінің бұйрығымен (15.11.2023 жылғы №389) бұқашықтарды сырт­қа шығаруға арналған бір бордақылау алаңына квота лимиті ұлғайтылды. Құ­жат­қа сәйкес, бордақылау алаңдарында 12 айдан асқан бұқашықтарды әкету ли­миті 500-ден 4000 басқа дейін, ал бір тауар өн­дірушіге 200-ден 500 басқа дейін кө­бей­тілді. 

«Өзбекстанға ет өткізуді де іске асы­рып отырмыз. Биылғы 10 айда 3,5 мың тон­на сиыр етін саудаладық, жыл соңына дейін 4 мың тоннаға жеткіземіз деген жос­парымыз бар. Тек лабораториядан өт­кі­зерде 3-4 күн бөгеліп қаламыз. Еуропада ла­боратория 24 сағат ішінде өткізіп жі­бе­ре­ді деп естиміз, сондай жабдық бізге де кел­се дейміз. Өйткені 1 күн тұрғанның өзін­де еттің салмағы жеңілдейді», – дейді М.Шығанбай. 

«Қайып Ата» кәсіпорының бас­шы­лы­ғы Өзбекстан нарығына Беларусьтің ет өт­кізуші кәсіпорындары да таласып жат­қанын айтады. Арзан бағада келетін ет қазақстандық өнімді саудадан ығыстырып шығаруы мүмкін. ЕАЭО-қа мүше мемле­кет­тер Беларусь пен Ресейдің еті шекара­да­ғы Батыс Қазақстан облысының фер­мер­леріне де қиындық келтіруде. Жәнібек ауданындағы шаруашылық иесі Бауыржан Сабанов екі елден келетін арзан өнім бағаны түсіріп тастағанын жеткізді. 

«Мал етін саудаға шығару өзіндік құ­нын ақтамай жатыр. Жем-шөп қымбат. Биылғы жаз киік таптап тастаған соң шөп аз жиналды. Бізге жергілікті «Кублей» зауы­тына ет өткізіңдер» дейді. Олардың сиыр етінің 1 келісіне беретін бағасы – 800 теңге. Сырттан келетін арзан етке шектеу қойыл­са, бізге де мүмкіндік туар еді», – дей­ді ол. 

Бүгінде Беларусьтің ет экспорты біз­ден өтіп, Қытай нарығын жау­лауда. Биылғы қаңтар-тамыз аралығында Бе­ларусь елі ҚХР-ға 9,1 млрд долларға мұз­датылған сиыр етін сатқан. Осылайша, бізбен бір одақтағы ел Қытай нарығына ет импорттайтын Аргентина, Австралия, АҚШ, Уругвай, Жаңа Зеландия, Боливия, Ресейден кейін 8-орынға кірді. «Жэнь­минь жибао» онлайн газетінің жазуынша, Минс­кідегі «Александров» ет өңдеу кәсіп­ор­ны Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ай­мағына ет жеткізіп отыр. Яғни, Минс­кіден шыққан ет керуені 4 807 шақырымды жү­ріп өтіп, Ресей, Қазақстан арқылы Ала­шанькоу құрғақ портына жетеді. Жал­ғыз Беларусь емес, пандемиядан кейін Қытайға ет эскпортын Ресей де жолға қойып үлгерген. Мәселен, 2022 жылы РФ құрамындағы Башқұрт Республикасы 11 мың тонна ет өнімдерін жіберсе, биылғы тоғыз айдағы экспорт көлемі 70 мың тоннаға жеткен. Іргедегі үлкен нарыққа жете алмай отырған біз ғана. Дегенмен Қа­зақстан Үкіметі де ҚХР-ға ет сату мүм­кіндігін қарастырып жатқандай. 2023 жылғы 27 қарашада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ҚХР Бас кеден басқармасының төрағасы Юй Цзяньхуа мырзамен кездесуде салқын­да­тылған сиыр етін жеткізуге дайын екенін айтты. Тек Қытай тарапы қолданыстағы шектеулерді алып тастаса болғаны. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин «Айқынға» берген сұхбатында осы айда ҚХР Бас кеден басқармасы мамандары Қазақстанға арнайы сапармен келетін айтты. 

«14-27 желтоқсан күндері ҚХР-дың ве­теринар мамандары келіп, біздегі жұқ­палы ауруларға қарсы жасап жатқан шара­ларымен танысады. Егер өздерінің талап­тарына сай деп таныса, елдеріне оралған соң акт жасап, біздің ет өнімдерін қа­был­­дауды бастайды», – деді А.Бердалин. Ви­це-министрдің сөзінше, ең біріншіден қа­ралатын мәселе – ірі қара малдың сал­қын­датылған етін өткізу жағдайы. 

«Алдағы уақытта Қытай тарапы тауық етін сатып алуды жоспарлап отыр. Сон­дай-ақ шұжық өнімдеріне қызығушы­лық­тары бар. Келесі кезең қой етінің экспорты жө­нінде болмақ. Басты мәселе – ше­кара­дан өткізетін кедергілерді алып тастау. Олар ірі қараны тірі күйінде де алсақ деп сұ­рап отыр, ол туралы мемлекетаралық ке­лісімдер жасалуы тиіс», – деді ол. 

Қазақстан Ет одағының басшылығы да экспортқа малды тірідей шығару тетігін қол­дайды. «Сиыр етін өткізу бойынша Қа­зақстан сыртқы нарықта бәсекелес бола алмайды. Ал тірідей сатсақ, өзіндік құны өзге елдерден тиімдіріек шығады. Сон­дықтан тірі күйінде өткізуге шектеу қой­мауымыз қажет», – дейді М.Бақты­баев. 

Негізі, малды тірі күйінде экспорттау әді­сі әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, Ауст­ралия жыл сайын нарыққа 6,4 млрд дол­ларға ет сатады, ал тірі күйінде өткізген мал­дан түсетін түсім – 1 млрд доллар. Бра­зилия ет экспортынан 5,4 млрд дол­лар, тірі малдан – 0,5 млрд доллар түсіреді. Бай­қасаңыз, барлығында ет күйінде өткіз­ген сауданың көлемі жоғары. Ал Қазақ­стан­да кезінде керісінше болды. Мысалға, 2019 жылғы шекара асқан тірі мал 74 млн дол­ларға сатылса, сиыр етінің көлемі 16,6 млн долларды құрапты. Сондықтан ақ­шаға қызығып, тірі малды түгелдей сырт­қа өткізіп жіберу қаупін де ескерген жөн.

Бауыржан БАЗАР