Жетісу облысының тұтас аумағын айтпағанда, облыс орталығы төңірегінің өзінде бағзы замандардан, өткен ғасырлардан бүгінге жарым-жартылай болса да аман жеткен құпия бүккен небір тарихи орындар бар.
Дауылбай қорымының құпиясы
1,419
оқылды

Бір өкініштісі, өздерінің жеке бастамаларымен осындай жерлерге қызығушылық танытып жүрген ерікті зерттеушілер мен өлкетанушылардың жылдар бойы сол ескерткіштер, таңбалы тастар, құпиялы қорымдар мен обалар жайлы жазған, айтқандары тиісті орындардың құлағына жеткенімен, назарынан тысқары қалып жатты.

Тек кейінгі жылдары ғана осы бағытта нақты бастамалар қолға алынып, жұ­мыс­тар атқарыла бастады. Талдықорған қаласы әуежайының маңында орна­лас­қан сондай сыр бүккен орын­дардың бі­рі – ел ішінде Дауылбай қорымы атанып кеткен жер. Жа­қында Жетісу облыстық Мәде­ниет, мұра­ғаттар және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұра­ны қор­ғау жөніндегі орталығының бастамасы және тапсырысы бойынша осы қорымда қазба жұмыстарын жүр­гізген әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ-дың архео­логиялық экс­педициясы бұл жерден ерте темір дәуіріне тән оба­ны тапты. 

Облыстық Мәдениет, мұр­а­ғат­тар және құжаттама бас­­­қарма­­­­­сының ақ­параты бойынша да­­лалық зерттеу жұ­мыстары ба­­­­­­­ры­­­­­­­сында оба бұған дейін бір­неше мәрте тонауға ұшырағаны анық­талыпты. Соңғы рет былтыр суық қол сұғылып, біраз бағалы дүние қолды болған сыңайлы. Дәл осындай келең­сіздіктердің кейінгі кездері жиілеп кеткен­дігіне бай­­­ланысты тарихи-мә­дени мұраны қорғау жөніндегі оралық қорымды кешіктірмей зерттеу жөнінде бастама көтеріп, археологтарды осы игілікті іске тартыпты. Қазба жұмыс­­­та­рының алғашқы кезеңінің өзінде бұл жер­дің тарихи маңыз­дылығы аса жоғары екендігі белгілі болып отыр. Маман ар­хеолог­­тардың пікірі бойынша, қорым сол бағзы заманда елге тұтқа болған ақс­үйектерге арналған. Мұндағы обаның биіктігі – 3,4 метр, диа­метрі 40 метр. Тө­бешікті ай­­­нал­дыра ор қазылған. Тонау­шылар батыс жағынан қазуды бастап, біртіндеп ортасына қарай ойыс­қан. Далалық зерттеу жұ­мыстары да обаның дәл осы орталық бө­лігінде жүргізіліпті. Осы тұста қаскөйлер қазған, қабірден тар оқпан табылыпты. Алғашында қазба жұмыстарының көлемі 5х5 метр ауқы­мында жүргізіліп, кейіннен ескерткіштің құрылымы бойынша кеңейтіледі. Қазу барысында тастан жасалған са­­уыт-қаптама мен тағы да басқа құ­­рылыстар, төсемтастардың, қойтастардың қалдық­тары та­былған. Өкінішке қарай, тонау­шылар бұлардың бәрін бүлдіріп, шашып тастапты. 

Археологиялық экспеди­­ция­ның же­текшісі, тарих ғылым­да­рының док­торы, профессор Дос­бол Байқо­нақовтың айтуынша, қазба жұмыстары нәти­же­сінде, обаның төбесінен есептегенде 5 метр тереңдіктен екі бірдей қа­бір та­былған. «Бірінші қабір толығы­мен то­налған. Бұл жерден тек қойдың бір жауы­рыны ғана табыл­ды. Жауырын жерлеу рәсіміне арналған тамақтың қалдығы болса керек. Екінші қабірден ер адам сүйегінің қал­дықтары, сонымен бірге екі кера­микалық ыдыс, үй жануар­ла­рының сүйек­тері, қызыл түсті ағаш сабы бар аки­нак семсер шықты. Семсердің жа­нында металдан және сүйектен жасалған айылбастар жатыр екен. Сондай-ақ қорамсақтың қола ілгіші, ине мен құрсау, алтын және сүйек ілмектер табылды. Қабірден шыққан алтын бұйымдар қата­рында таспа, түтікше, мысық тұқым­дас жануарларды бей­нелейтін айылбастар бар. Айдаһар жыланды бейнелейтін сү­йектен жасалған айылбас үлкен қызығу­шылық тудырып отыр. Өйткені дәл осы жерден табылған мұндай зат отандық археологияда мүлде жоқ десе болады, тым сирек кезде­седі. Ол аймақ тұрғындары ара­сында жыланға, айдаһарға немесе ай­даһар жыланға табыну­­­шы­лық­тың болғанын білдіреді. Әлем халықтары мифо­логиясында жы­лан­ның рөлі екі­ұшты. Ал мұн­да ол қасиетті жануардың мәр­­­тебесін иеленген және бір­­қатар құбы­лыс­тармен байланыс­тырыл­ған болуы мүмкін. Қалай болғанда да, атал­ған бауы­рымен жорға­­лау­­шы­ның киелі болып саналғаны дау ту­дырамаса керек», – дейді про­фессор.

Мамандардың болжауынша, қазыл­ған обаны Жетісу айма­­­ғында осыдан екі мың жыл бұрын мекен­деген үйсін немесе юечжи тай­паларының мәдениетімен байла­ныстыруға болады. Қазба жұ­­­­­­мыс­­­­тарынан соң археологтар зертханалық зерделеу жұмыс­тарын жүргізбек. Қа­­­бірден табыл­­ған барлық заттар зерт­теліп, ма­териалдар мұқият талданады. Табылған заттардың бірқатары «Қы­рым аралы» ғылыми қайта қалпына келтіру зертха­насында қайта қалпына келтірілуі мүмкін. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы