2 желтоқсан күні танымал театр актерінің мәңгілік сапарға аттанғанын дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали хабарлады.
Актер Асқар Наймантаев дүниеден озды
28,509
оқылды

"Асқар ағамыз бақиға аттаныпты. Қайран асыл ер… Алла алдыңнан жарылқасын",  делінген өнер иесінің желідегі парақшасында. 

Aikyn.kz-тің дерегінше, Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев  1965 жылы 17 маусым күні Алматы облысы  Нарынқол ауылында дүниеге келген. Актер «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы көпшілікке танымал. Республикамыздың эстрада өнерінің тарихында Асқар Наймантаев ашқан «Терісқақпай», «Аққу-Гәкку» комедиялық театрларының орны ерекше. 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырларын дәріптеуші ретінде де едәуір еңбек етіп, «Бүгін менің туған күнім» атты концерттік жобасы республикалық телеарналар арқылы бірнеше жыл қатарынан өткен дәстүрлі халық сүйген жобаға айналды. «Мұқағали атындағы сыйлықтың» құрылтайшысы болып, Мұқағали мұрасын дәріптеуге еңбек еткен жазушы, ақын, әнші, композиторларды марапаттады.

2008 жылдың 8 желтоқсан күнгі Жарлығы бойынша «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Бірнеше пьеса, киносценарийлер, тележобалардың, аудармалардың авторы. 2020 жылы Алматы облысы Райымбек және Ұйғыр аудандарында «Хантәңірі» және «Қарадала» театрларын ашты.

Айта кетейік, осыдан 1 апта бұрын актер өз Instagram парақшасында ауруханадағы суретін жариялаған болатын.