«Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Б.Момышұлы айтқандай, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтеп, тыныш жүрсе, одан ешкім де ұтылмайды.
Заңға бағынбайтын балалар жайсыз отбасыдан шығады
2,022
оқылды

Бүгінде  қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі  балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейкесті сұрақтардың біріне айналып отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен және үйірмемен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру. 

Жалпы, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. 

Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. 

Осыған байланысты жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру – жан-жақты тәрбиенің маңызды бір саласындағы жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесі. Кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында Талас ауданында жоспарланған іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жуырда ғана аудан прокуроры Жомарт Науатовтың ұйымдастыруымен, аудан әкімінің қатысуымен Талас ауданында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарының мекемеаралық мәжілісі өткен болатын. Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. 

Талас ауданының прокуроры мен әкімінің төрағалығымен өткен мекемеаралық жиналыста биылғы жылдың 9 айында қылмыстылық және дін саласындағы құқықбұзушылық профилактикасы бойынша қабылданып жатқан шаралар ортаға салынды. 

Жиналыстың күн тәртібінде қоғамдық орында, отбасы-тұрмыстық саласында және  жол-көлік оқиғалары, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың профилактикасы бойынша уәкілетті органдармен қабылданып жатқан шаралар және алдағы уақыттағы міндеттер және жедел іс-шараларының тиімділігі қаралды. Қылмыстың жалпы төмендеуі көрінісінде кейбір қылмыс санаттарының, яғни қоғамдық орында, оның ішінде бұзақылықтың, кәмелетке толмағандармен және олардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты жасалған қылмыстардың өсуіне аса назар аударылды. 

Сонымен қатар қылмыс жасаған 18 бен 35 жас аралығындағы бірқатар жастың жұмыссыздар қатарынан болуы алаңдатуда. Аталған мәселелі сұрақтар талқыланып, оның шешу жолдары айқындалып, жауапты уәкілетті органдар бағыттандырылды. 

Қорытындысымен кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың профилактикасы бойынша қосымша жоспар құрылып, барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдарға құқықбұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа және теріс діни ағымдарға қарсы күресте өзара іс-қимылды ұйымдастыру бағытында жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. 

Аталған бағытта қабылданған прокурорлық шаралармен 83 оқушы 3,1 млн  теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздікті сақтау үшін Қаратау қаласындағы 5 718 оқушысы бар мектепте  бейнебақылау жүйесі орнатылды. 

Мүмкіндіктері шектеулі үйде оқытылатын 13 баланың құқығы қорғалып, мемлекеттік бюджетке 904 494 теңге қайтарылды. 

Кәмелетке толмағандардың жаз мезгіліндегі бос уақытын пайдалы өткізу үшін мекемеаралық жоспарға сәйкес бұқаралық мәдени іс-шаралар (турнир, фестиваль және т.б.) өткізіліп, әлеуметтік желілерде жарияланды.

Бұған қоса, тұрақты түрде білім беру мекемелерінде мобильді топ мүшелерімен уәкілетті органдардың мамандарын қатыстырып, балалардың қауіпсіздігіне қатысты әртүрлі тақырыптарда дәрістер мен семинар-тренингтер өткізілуде.

Қорыта келгенде, балалардың құқығын қорғау – бәрінен қымбат. Кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – олардың құқығын қорғаумен тікелей байланысты. 

Бұл бағытта аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен білім бөлімі тарапынан жүйелі түрде жұмыстар атқарылып жатыр. Ақиқатында «Ел болам десең  бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.