Сурет сыныбының ұстаздары Жеңіс Тұңғатаров пен Нұрбол Исағалиев естелік қабырға жасақтауға Әділқайыр Жантасовтың мектепке соңғы рет келгенінде өзі беріп кеткен визиткасында бейнеленген суретін ​пайдаланған.
Атырауда қазақ күйлерінің желісімен сурет салған қылқалам шеберіне арналған ерекше қабырға пайда болды
2,560
оқылды

Индер​ ауданындағы​ Өнер мектебінің ұстаздары​ белгілі суретші,​ Атырау Елтаңбасының авторы ​Әділқайыр Жантасовқа арнап естелік қабырғасын орнатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Әділқайыр Жантасов ауданымызда дүниеге келген. Қазір Өнер мектебі орналасқан ғимарат бұрын Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп болды. Суретші сол мектепте білім алған. Көзі тірісінде шақыртуымды қабыл алып, ұстазым, елімізге танымал суретші-модельер Гүлмаржан Махамбетпен, кейін өзі жеке келіп оқушыларымызға шеберлік сыныбын өткізген еді. Ескерткіш қабырғасын өнер жолын қуған шәкірттерімізге үлгі болсын, әрі сурет әлемінде қайталанбас қолтаңбасы қалған тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында орнаттық, – дейді Жеңіс Тұңғатаров.

Сурет сыныбының ұстаздары Жеңіс Тұңғатаров пен Нұрбол Исағалиев естелік қабырға жасақтауға Әділқайыр Жантасовтың мектепке соңғы рет келгенінде өзі беріп кеткен визиткасында бейнеленген суретін  пайдаланған. «Өнерде әділ, Өмірде қайыр» деген терең мағыналы қанатты сөзін де жазуды ұйғарыпты.

Сұхбаттарының бірінде атақ қуып көрмегенін, сондықтан қарапайым сурет мұғалімінің жолын таңдағанын айтқан дарынды суретші Әділқайыр Жантасов өмірінің соңына дейін Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші Өнер академиясында сабақ берді.

Суретшінің жеке қорында жүзден астам түрлі картиналары мұра болып қалды. Қазақстанда алғаш рет «Адай», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», «Махамбет» «Көңіл толқыны» күйлерінің желісінде салынған туындылары көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие.

​Баян Жанұзақова