Ол ақша табу мақсатында Алматыға барып, хостелде тұрып жатқан.
Алматыдағы өрт: хостелде көз жұмды деген жігіт аман-есен, ата-анасының қасында
952
оқылды

Алматыдағы атышулы хостелде шыққан өрттен көз жұмды делінген Түркістан облысының тұрғыны аман-есен, ата-анасының қасында, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Отырар» арнасына бұл жайында Сарыағаш ауданы Дербісек ауылы әкімінің орынбасары мәлімдеген.

Әмірәлі Рамазан Батырәліұлы 20 жаста. Шымкенттегі медреселердің бірінде білім алып жүрген. Ол ақша табу мақсатында Алматыға барып, хостелде тұрып жатқан. Бірақ, қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын жас жігіт Сарыағаш ауданына қайтып кеткен. Қазіргі уақытта Рамазан өзінің үйінде, ата-анасының жанында.

«Туған күніңмен құттықтаймын! Енді жылына екі рет туған күніңді атап өтесің. Қазір біздің ауыл ғана емес, бүкіл республика шулап жатыр. Медреседегі ұстаздары сабаққа келмей жүргенін айтып, қоңырау шалған. Сосын әкесі шақырған. Расымен де, көрер жарығың бар екен. Осы қонақүйде қала бергеніңде не болар еді, кім білсін», – дейді Дербісек ауылы әкімінің орынбасары Рамазанға.

Айта кетейік, отқа оранған Алматыдағы хостелде барлығы 72 адам тұрған. Бөлмеден 59 адам шығып үлгеріп, 13 адам қаза тапқан еді.