Марқұм Төрежанға аллергиясы бар препарат салған.
Екпеден: Қарағанды облысында отаның алдында көз жұмған ер адамға қатысты тың дерек шықты
679
оқылды

Қарағанды облысында ауруханада көз жұмған жігіттің отбасы дәрігерлерді қатаң жазаға тартуды талап етіп отыр,   деп хабарлайды Aikyn.kz.

Олардың айтуынша, жоспарлы ота жасауға барған адамға дәрігерлер науқастың аллергиясы бар антибиотик егіп жіберген. Соның салдарынан ол анафилактикалық шок алып комаға түсіп, екі күннен кейін тілге келмей бақилық болған.

«Аллергияға сынама қалайша теріс нәтиже берген? Ол мүмкін емес. Ауруханаға келгенде сол антибиотикке аллергиясы бары айтылып, жазылып алынды. Білегіне аллергиясы бар дегенді білдіретін көк түсті бау байланды. Соны мейірбике көре тұра, ЦЕФ 3 егіп отыр. Бірден реакция берген»,  дейді марқұмның жары Гүлмира Мақашева  КТК арнасына.

Төрежан Мақашев облыстық ауруханаға жоспарлы түрде тік ішегіне ота жасатуға әйелі екеуі бірге келген. ЦЕФ 3 антибиотигіне аллергиясы бар екені ауруханаға кіргеннен айтылған. Науқасты қабылдаған құжаттардың бәрінде ол ақпарат жазылған. Бірақ ота жасалардың алдында алған екпеден кейін оның жүрегі тоқтап қалған. Реаниматологтер 20 минут дегенде жүрегін қайта соққызғанымен, науқас комаға түскен. Ақыры, екі тәулік есін жимай жатып жан тапсырған.

Марқұмның артында жары мен үш баласы қалды. Әйелі екеуі Қылмыстық атқару жүйесі департаментінде қатар қызмет еткен. Марқұмның жары Төрежанға аллергиясы бар препаратты егуге жол бергендер жазасын алсын деп отыр. Ал дәрігерлер антибиотикке аллергиясы бар-жоғы тексерілген дейді. Мұны Медициналық қызмет сапасын қадағалау басқармасындағылар да растады. Дегенмен науқастың өліміне нақты не себеп болғанын кешенді тексеріс пен тергеу анықтауға тиіс.

«Отадан бұрын тері асты сынама жасалынады. Оның қорытындысы бойынша ол теріс болып бағаланады. Науқасқа ота алдында ЦеФ 3 дәрісі салынған. Сот медициналық сараптамасының болжамы бойынша науқас анафилактикалық шоктан қайтыс болған», – дейді Қарағанды облысы Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бас маманы Ардақ Бейісова.